ОБЛЫСТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АПТАЛЫҚ ӨТТІ
Қызылорда қалалық білім бөлімінің және облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Алтын ұя» балабақшасы базасында «Көшбасшы әдіскер, креативті тәрбиеші, дарынды бала» облыстық шығармашылық апталығы өткізілді.
Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шарада жаңашыл іс – тәжірибелерді насихаттау, балаларды тәрбиелеудегі инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу, баланы мектепке мақсатты түрде дайындау тәсілдерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Апталыққа облыстың 7 ауданынан және Қызылорда қаласынан «Алтын ұя», «Ер Тарғын», «Сыр самалы» және «Алпамыс» балабақшалары қатысып, жаңа идеяларын, шығармашылық жұмыстарын ортаға салды.
Апталықтың ережесіне сәйкес «Мен көшбасшы әдіскермін!» атты балабақша әдіскерлері ТЕDx форматында жаңашыл идеяларының презентацияларын өткізіп, «Мен креативті тәрбиешімін!» атты Start-up идеялар жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Сондай-ақ, апталық аясында «Мен дарынды баламын...» атты балалар кастингі, «Шығармашылықтың шексіз әлемі» атты үздік дидактикалық материалдар көрмес өтті.
Апталық соңында «Креативті тәрбиеші» номинациясын «Алтын ұя» балабақшасының тәрбиешісі Гүлнұр Оразбаева және «Ер Тарғын» балабақшасының тәрбиешісі Лаула Жолаева иеленді. Ал «Шығармашыл тәрбиеші» номинациясы «Алтын ұя» балабақшасының тәрбиешісі Қанзира Хиноятова мен «Алпамыс» балабақшасының тәрбиешісі Гүлсезім Серіковаға табысталды. «Мен дарынды баламын...» номинациясына қала бойынша «Алтын ұя», «Ер Тарғын» балабақшалары және Арал ауданындағы «Қарлығаш» балабақшасының дарынды да сүйкімді бүлдіршіндері ие болды.
Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.