Қызылорда облысында «Көктем-2019» оқу-жаттығуы өтті
Қызылорда облысы «Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін көктем кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбындағы «Көктем-2019» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығудың мақсаты – басқару органдарының, күштер мен құралдардың көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын тексеру. «Дабыл-1001» сигналын бергеннен кейін басшылық құрамды хабардар ету және жинау, басқару органдары мен күштерді әзірлікке келтіру мәселелері пысықталды.
Қызылорда облысы ТЖД Дағдарыс орталығында оқу-жаттығу штабы құрылып, лауазымды тұлғалардың кезекшілігі ұйымдастырылды.
Облыстық, қалалық және аудандық Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының жедел тобының жеке құрамы жағдайдың шиеленісуіне және төтенше жағдайлардың туындауына байланысты жағдайды бағалау және жергілікті жерлерде тиісті басқару органдарының жұмысын ұйымдастыру үшін төтенше жағдай орын алған ауданға жедел жетуге дайын болды. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аясындағы аумақтық кіші жүйенің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді. Әрбір құрылымдар бойынша нақты мүмкіндіктер мен есептер нақтыланды.
2019 жылдың 26 ақпанында сағат 15.30-да «Талсуат» ауылында азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының қатысуымен «Су тасқыны кезінде авариялық-құтқару қызметтерінің тұрғындарды құтқару, эвакуациялау, медициналық көмек көрсету және су басқан аумақтағы ТЖ салдарын жою» тақырыбында арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу барысында «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» құтқарушылары суда зардап шеккендерді құтқарды және оларды жедел медициналық көмек бригадасына және Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды. Медицина қызметкерлері зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетіп, емдеу мекемелеріне жеткізді. Полиция департаменті мен Ұлттық ұланның №5547 әскери бөлімі мүлікке қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында оқиға орнын қоршап алды. Өрт сөндіру қызметі суды тартып, халықты тұрғын үйлерден эвакуациялады. Көлік қызметтері тұрғындарды су басу аймағынан эвакуациялап, эвакуациялық жинақтау пунктіне жеткізді. Инженерлік қызметтер бөгеттің бұзылған учаскелерін құммен және үйінді техникамен көмуді жүзеге асырды. Сонымен бірге Ұлттық ұланның №5547 әскери бөлімінің сарбаздары қаптарды құмға толтыру жұмыстарына көмек көрсетті. Аталған оқу-жаттығуға 13 құрылым, 183 адам, 42 техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуды жариялау үшін жергілікті және республикалық БАҚ журналистері шақырылды. Қызылорда облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы А.Шаменов пен Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник С.Молдақараев сұхбат берді, онда олар оқу-жаттығудың мақсаты туралы хабардар етті, сонымен бірге төтенше жағдай қызметтері көктем мезгілінде құтқару операцияларын жүргізуге дайын екенін атап өтті.