Қызылорда облысында аймақтық әлеуметтік жол картасы әзірленеді
Қызылордада «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы берген тапсырмаларды орындау бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев үш күн ішінде Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша аймақтық әлеуметтік карта әзірлеуді және республикалық жол картасына тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Мәжілісте өңірдегі аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы, ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту мен ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу жөнінде тапсырмалар берілді.
«Еліміздегі ең ірі саяси ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған съезде Елбасы «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын таныстырды. Аталған бағдарлама стратегиялық көзқарастың ауқымды көкжиегін ашады және қоғам мен мемлекеттің алдағы онжылдықтағы дамуының негізгі қырларын айқындайды. Елбасы әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Олар: табысты арттыру және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту», - деді аймақ басшысы.
Әр бағыт бойынша облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Қала мен аудан әкімдеріне көп балалы және аз қамтылған отбасылардың, сондай-ақ, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың санын айқындап, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй салу жөнінде салалық министрлікке ұсыныстар енгізу, сонымен қатар, баспана алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздарын ұсынудың жеңілдікті тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Өңірлік кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, толық емес көпбалалы отбасыларға үйде жұмыс істеуге жағдай жасауға және ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелер бөлуді жүзеге асыру керектігін айтты.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты - әлеуметтік келісімшарт және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы болып қала береді. Сондай-ақ, Елбасы әкімдерге әрбір отбасына баруды және көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен шешуді тапсырды»,- деді өңір басшысы.
Аймақтарды кешенді дамыту бағыты аясында 11 наурызға дейін перспективалы ауылдық елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар енгізу, сондай-ақ, халық тұтынатын тауарларды өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша Жол картасы жобасын әзірлеу тапсырылды.
Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі Елбасының тапсырмаларын дереу жүзеге асыру және тиісті нәтижеге қол жеткізу үлкен жауапкершілікті жүктейтінін атап өтті.
«Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен барлық мәслихаттардың корпусы халықтың күнделікті мәселелерін шешуге белсенді араласуы тиіс. Яғни, Елбасы айтқандай бүгінде қоғамның көкейтесті мәселелеріне жедел үн қатып, оларға мемлекеттік органдардың назарын аударту қажет және ол үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыруымыз керек», - деді облыс әкімі.