Қазалыда қайырымдылық акциясы аясында 100-ден аса отбасыға көмек көрсетілді
Наурыздың алғашқы күнінде Қазалы ауданында Алғыс айту күніне орай «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Бүгінгі ұйымдастырылып отырған қайырымдылық акциясы елдігіміздің көрінісі. Өткен жылдың жылдың өзінде аудан бойынша 3770 адамға 17 млн. теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Қазір біз көмекке мұқтаж отбасылардың санын нақтылап алдық. Бірінші кезекте, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға назар аудардық. Өздеріңіз білетіндей, біз ертеден-ақ көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасаған, жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз. Қазір де ата-баба дәстүрінен танбай, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ел-халық тарапынан қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді» - деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
Айта кетейік, қайырымдылық акциясында 100-ден аса отбасыға 2 млн теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Өз кезегінде жиналған қауым ел ағаларына ризашылықтарын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.