Амангелді Таспихов Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырды
Kyzylorda-news.kz. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынған Амангелді Таспиxов бүгін Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
Талапқа сай үміткер 7 құжатты өткізу керек. Олар қоғамдық бірлестіктің сайлауға түсетін кандидатты ұсыну туралы xаттамасының көшірмесі, кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруі туралы өтініш, өмірбаяндық деректер, сайлау жарнасын Орталық сайлау комиссиясына енгізгенін растайтын құжат, жеке куәлігі мен дипломдарының көшірмесі, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі туралы мәліметтер. Комиссия мүшелері Амангелді Таспиховтың құжаттарын қабылдап, протоколға қол қойды. Енді құжаттардағы деректерді мемлекеттік мекемелер тексеретін болады. Кәсіподақ федерациясының атынан шыққан кандидаттыққа үміткерді тіркеу рәсімі мұнымен аяқталмайды. Амангелді Таспихов лингвистикалық комиссияға қазақ тілінен емтихан тапсырады.
«Емтиханда, қазақ тілін білетін адам болғандықтан, қазақ тілінде оқимын, ойлаймын, уайымдаймын, армандаймын. Сондықтан оған ешқандай да дайындығым жоқ. Менің қазақ тілін білетіндігімді-білмейтіндігімді тексеретін болады. Соған дайынмын. Менің ойымша, комиссия қазақ тілін біле ме, білмей ме? Қазақша сөйлей ала ма, сөйлей алмай ма, соны тексеретін болады деп ойлаймын», - деді БҚО Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов.