ҚАЗАЛЫДА ӨНДІРІС НЫСАНДАРЫ ҚАТАРЫ АРТҚАН
Қазалы ауданында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға БАҚ өкілдерінің пресс туры ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен өткен аптада ашылған «Аrzanmarketpharm» супермаркетіне келді. Мұнда азық-түлік өнімдерімен қоса, дәріхана да орналасқан. 24 сағат бойы қызмет көрсететін сауда орталығының бір ерекшелігі, спиртті ішімдіктер мен шылым сатылмайды. Сондай-ақ, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауған соғысының ардагерлеріне 3 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал әрбір 1000-шы чектің иесіне заттар тегін босатылады. Жеке кәсіпкер Болат Абыраев нысанды ашу арқылы 45 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мұнан соң журналистер«РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешенінде болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінгі күні тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік материалдық базасы бар ірі кәсіпкерлік субъектісі облыстың маңызды кәсіпорындарының қатарына жатады. Қазіргі уақытта бұл мекемеде мың жарымға жуық жұмысшы еңбек етеді. Қоғам құрамына 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 цех, 2 бөлімше, күріш зауыты, өндірістік жабдықтау бөлімдері кіреді.Серіктестіктің негізі қызмет түрі - асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Кешен 2-кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері он жеті жыл бұрын құрылған «Жеңіс» шаруа қожалығында болды. Қазақтың асыл тұқымды жылқы және түйе малын асылдандырумен айналысатын шаруашылықта 636 бас түйе, 507 бас жылқы өсірілуде. Жыл басынан бері мұнда 2055 кг түйе жүні мен 21 тонна шұбат өндіріліп, облыс және аудан аумағынаөткізілген. Қазіргі таңда шаруашылық шұбат, қымыз және мал бордақылау алаңы құрылысын жүргізуде.
Ал «Қонай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі «Береке» бағдарламасы бойынша 40 млн. теңге несиеге 240 бас мүйізді ірі қара малын сатып алған. Қазір мал сою алаңы салынуда.
Пресс тур барысында журналистер Ақтан батыр ауылындағы Еркін Серікбаевтың монша және шаштараз қызметін көрсететін кешенін аралады. Ауылдағы жас кәсіпкер биыл «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқып, кәсіпкерлік саласындағы білімін жетілдірген. Жобасы сәтті шыққан ол Қызылорда "Өңірлік Инвестициялық орталығы" арқылы 5 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Еркін кәсіп ашу арқылы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Нысанда азық-түлік дүкені, шаштараз, қоғамдық монша орналасқан.