Қызылорда облысында іскер әйел-кәсіпкерлер форумы өтті
Kyzylorda-news.kz. Шағын және орта бизнес саласында 93 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыс істейді, бұл экономикалық белсенді жұмыспен қамтылған халықтың үштен бір бөлігін құрайды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Форумға өңірлік қаржы ұйымдарының және мемлекеттік органдардың басшылары мен кәсіпкер әйелдер қатысты. Іс-шара аясында іскер әйелдер өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды.
Аталмыш форум аймақта екінші рет өткізіліп отыр.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев бүгінгі таңда республика бойынша кәсіпкер әйелдердің үлесі 50% - дан асатынын, сонымен қатар шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 60% - дан астамын әйелдер басқаратынын атап өтті.
"Бұған әрине мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытудағы жан-жақты қолдаулары, яғни мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалардың, сондай-ақ қаржы институттары мен «Даму» қорының түрлі бағдарламалары өз септігін тигізуде. Оның ішінде, 5 млрд. теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталуда. Айта кету қажет, біз жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қаражатын күтпей-ақ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлдік. Қазірдің өзінде, орталықпен жалпы құны 522 млн. теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландыру үшін мақұлданды. Оның ішінде, әйелдердің үлесіне жалпы құны 112 млн. теңгені құрайтын 26 жоба тиесілі»,- деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі биылғы жылы ауыл жастары мен көп балалы аналардың бизнес-жобаларына басымдық берілгенін атап өтті.
"Жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау ғана емес, әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар да жалғасуда. Нәтижесінде кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың үлесі 22-ден 26% - ға дейін артты. Ал шағын және орта бизнес саласында 93 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыс істейді", - деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, форумда аймақтың іскер әйел-кәсіпкерлері: "Мансап" ЖШС директоры Наталья Мишукова, "Баланс плюс" ЖШС директоры Ақмарал Баймаханова, Айгүл Борамбаева, Динара Алмусаева, Жұлдыз Нұржанова сөз сөйледі. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, нәзік жандылар қауымының бизнесін қолдау жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Өңірдегі белсенді кәсіпкер әйелдер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Анықтама: 2018-2020 жылдар аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Бұл бірден үш маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді: салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды жақсарту.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған үздік облыс деп танылып, Қызылорда облысының әкімі Қ.Е.Көшербаевқа "Алтын сапа" сыйлығы табысталды.
2017 жылы Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаевтың бастамасымен "бір өтінім" қағидаты бойынша 70-тен астам қызмет түрін көрсететін "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" құрылды.