ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДИПЛОМАТИЯ – СІМ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ МАЖАРСТАНҒА ЖАСАҒАН САПАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА
БУДАПЕШТ, 2018 жылғы 28 ақпан – Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың Будапештке жасаған сапарының екінші күні Қазақстан – Мажарстан қарым-қатынастарының екіжақты күн тәртібіне арналды.
Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрлігінде ведомство басшысы Питер Сийяртмен келіссөздер өтті. «Қазақстан дәстүрлі түрде Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа өңірінде стратегиялық серіктес және одақтас ел ретінде қарастырады. Бұл қарым-қатынастарды Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер-Министр Виктор Орбан арасындағы сенімді қарым-қатынастар, сондай-ақ үкіметтеріміз арасындағы тығыз байланыстар нығайтуда», - деді министр кездесу барысында.
Қ.Әбдірахманов пен П.Сийярто екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. Құжат жоғары және ең жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру, парламенттік дипломатияны дамыту, 2018 жылдың екінші жартысында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын, Іскерлік кеңестің, сауда және өнеркәсіп палаталары мен ведомствоаралық жұмыс топтарының кездесулерін ұйымдастыру бойынша жоспарларды қамтиды. Сондай-ақ, Будапештте ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысын өткізу жоспарлануда. Тараптар жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізіп, концерттер, көрмелер, фестивальдар мен экспедициялар ұйымдастыруға қолғабыс көрсететін болады.
Сонымен қатар, министрлер Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын азаматтардың визасыз жүру тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойды. Ендігі кезекте аталған құжат иелері екі елде ешқандай кедергісіз 90 күнге дейін бола алады.
П.Сийяртоның шақыруымен Қ.Әбдірахманов Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрлігінің кеңейтілген отырысында сөз сөйледі. Бұл дипломатиялық практикадағы бірегей тәжірибе, себебі ол сыртқы саясат ведомствосының ішкі отырысы болып табылады және Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық байланыстардың арта түсуінің айғағы болып табылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен Будапештке келген мажар елшілері мен консулдарының алдында сөйлеген сөзінде Министр екі елдің ортақ тарихына тоқталып, Қазақстан дамуының қазіргі кезеңі туралы әңгімеледі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық дипломатиясын дамытуға ерекше назар аударған СІМ басшысы, Қазақстан экономикасына озық тәжірибе мен білім, технологиялар және инвестицияларды тарту, өңірлік экономикалық интеграция, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік және көлік дәліздерін дамыт сияқты негізгі бағыттарға тоқталды.
Сол күні Қ.Әбдірахманов және Мажарстан Ұлттық экономика министрі Михай Варга бірлесіп басшылық ететін Қазақстан-Мажарстан Стратегиялық кеңесінің екінші отырысы өтті. Оның күн тәртібіне энергетика, ауыл шаруашылығы, екі елдің көліктік және логистикалық әлеуетін пайдалану, туризм, құрылыс және инновация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері кірді. Стратегиялық кеңес 2014 жылы екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы декларацияны дамыту мақсатында құрылды.
«Өткен жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толды. Бүгін біз дипломатиялық қатынастардан да көп нәрселер жөнінде айта аламыз. Себебі, біз экономика, мәдениет, денсаулық және туризм салалары бойынша тығыз ықпалдасудамыз. Қаржы және экономикалық дағдарыстың салдарынан тауар айналымы төмендеп кетті. Бірақ, қазір сауда және экономикалық қатынастардың өсуін байқап отырмыз. Оған мажар кәсіпкерлеріне серіктестік байланыс орнатуға мүмкіндік туғызған Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі септігін тигізді», - деп атап өтті Мажар министрі. М.Варга цифрландыру саласында серіктестік орнатуды ұсынып, оның ішінде адам ресурстарын дайындауға, өнеркәсіпті және қызмет көрсету саласын цифрландыруға тоқталды.
Форумға қатысушылар Ақтөбе облысындағы жылыжай кешендерін салу және Ақмола облысындағы сүт-тауар фермасын жаңғырту жобаларын қаржыландыратын Қазақстан-Мажарстан тікелей инвестициялар қорының қызметін жоғары бағалады. Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы алма өсіру және өңдеу жөніндегі жоба қарастырылуда. Ынтымақтастықтың осы табысты үлгісіне сүйене отырып, Қазақстан министрі мажар әріптестерін одан әрі белсенді ынтымақтастыққа шақырды. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, 2017 жылдан бастап Будапешт пен Астана арасындағы тікелей әуе қатынасының табысты жұмыс істеуі маңызды жетістік болды. Сондай-ақ, Министр Мажарстан үкіметіне жыл сайын Қазақстан студенттеріне бөлетін екі жүзге жуық білім гранты үшін алғысын білдірді. Кейінірек Сыртқы істер министрі П.Сийярто мажар тарапының гранттар санын 250-ге дейін өсіруге ниетті екені жөнінде хабарлады.
Өткен жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 156,4 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт - 39,2 млн., импорт - 117,2 млн.). Қазақстанда мажар капиталының қатысуымен 50-ден аса бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Будапешттегі ресми сапар аясында Қ.Әбдірахманов Қазақстан және Мажарстан ректорлары форумының ашылуында сөз сөйледі және Қазақ ұлттық өнер университетінің гастрольдік концертіне қатысты. Министрдің магистратуралық және докторлық бағдарламалар бойынша мажар елінде білім алып жатқан студенттермен кездесуі барысында Қазақстан жастары Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемнің үздік университеттерінде дәріс алуға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыстарын білдірді. Олар оқу бағдарламаларын жетілдіру, шет елдегі Қазақстан студенттерінің қауымдастығын үйлестіру және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.