Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕСІЛДЕЙ ЕСІП АҚҚАН ЖЫР

ЕСІЛДЕЙ ЕСІП АҚҚАН ЖЫР

«Ақын» деген атаудың өзі «ағын» деген ұғыммен астасады дейді сөзгерлеріміз. Мен осы айтушының шындығына шек келтірмеймін. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Абай атындағы Ұлт сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы алтын медаль иегері, ақын Ғалым Жайлыбайдың 2016 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Есіл ағады» өлеңдер жинағын оқып шыққан соң да осы ойым беки түсті.
Расында, «ақынның» этимологиясын «ахуннан» не «ақ үннен» іздеп әуре болудың қажеті қанша? Ақын, ол – бұрқырап, болмаса есіліп ағып жатқан арналы өзен. Өзенге өмірдің күллі сипаты сыйып тұр. Өзенде жолындағысын бұзып-жаратын өр толқын да, тереңіне тартып әкетер иірім де бар.
Ол – тіршілік нәрі,
ол – саф тазалық,
асқанның ажалы,
асылдың алтын сандығы.

Осының бәрі «Есіл ағадының» ішінен ақтарылады.
...Баяғыда Бәкір деген атамыз болған. Қараша үйде отырғанда тақиясы уық пен керегенің қосылған жеріне жетіп тұрады дейді.
Ана ауыл мен мына ауылдың арасындағы төте жол жымында жолбарыс жатады-мыс. Бәкір сол ауылға осы төте жолмен барады екен. Ал, баласы төте жолды айналып өтетін болған. Бір күні намыстанған бала көрші ауылға төтелей тартыпты. Мұны сезген әкесі сұрапты:
– Балам, анау ауылға қай жолмен бардың?
– Төте жолмен.
– Жолбарыс көрдің бе?
– Көрдім. Тұра кеп атылып еді, қылышымды суырдым да қақ бөлдім.
– Астапыралла, о заман да, бұ заман, мысықтың адамға атылғаны несі! Ұрпағым ұсақталайын деген екен. Ол мені көргенде екі аяғына басын қойып жататын еді, – депті сонда Бәкір атамыз.
Сол кісі айтпақшы, соңғы жылдары ұйқасы мазмұнына емес, құрылысына қызмет еткен өлеңдерге жиі жолығып, «поэзия ұсақталып бара жатқан жоқ па?» деп жаға ұстаған кездеріміз болған.
Енді ол ойдан бас тарттық, жинақты бас алмай оқыдық.
Өлең кітаптың тұтас тұлғасы еліміздің тәуелсіздікке жету жолындағы тайғақ кешулерді, адамзаттың рух болмысындағы асыл қасиеттерді айшықтаған. Сонымен бірге оның өн-бойынан бүгінгі күнге деген шаттық сезімі шашылып жатыр.
Партия, Отан деп ұрандамай-ақ ұлтын, елін, жерін сүюдің символын паш етеді. «Ғалым – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беті» – депті академик Серік Қирабаев. Ләббай, ойшылым ойып айтыпты.
Сарыарқа төсіне ертегі елінен көшіп келіп қона қалғандай Астанаға жыр арнамаған ақын кемде-кем қазір. Бірақ, Ғалым ақынның арнауы бір дара, есілген Есілдей.
Жусанының жұпарын жастана жүр,
Жібектей қыз, ақ жейде ақсамал ұл.
Шырайымның шырағы осы шаһар,
Арманыма ар болған Астана бұл...
Сарыарқаның сағымы, самалдары,
Жарасады жаным-ай, саған бәрі.
Ай Астана – Алаштың ақ арманы,
Жарығымсың, сен, менің жанардағы!
Ақын өлеңдерінің дыбыс үйлесімі қандай әсем. «Жусанының жұпарын жастана жүр», «Ай Астана – Алаштың ақ арманы», әр сөздің алғашқы әрпі бір дыбыспен берілген. Мұндай үйлесімді ақынның кез келген өлеңінен табуға болады.
Ақынды ақын ететін ұйқасқан өлең емес, ұштасқан білім мен таным болса керек. Осы тұрғыдан қарағанда Ғалым Жайлыбайдың көп ізденіп, көп оқып, тоқитынын аңғарамыз. Ақынның, біз айтқандай, білімділігі «Түркімен саздары» деп аталатын топтамасынан да танылады.
Иманы – нұр, сабыры – ұлы,
салты – ұлы,
Жанарында найзағайдың жарқылы.
Шырағданын жағып қойған секілді,
Оғыз ханның орда тіккен алты ұлы.
Немесе:
Ақ найзаның ұшындағы,
Оғыз-түрік мұсылманы.
Көне Үргеніш – көне тарих,
Ил-Арслан тұсындағы. – деп келетін өлең жолдарын тамыры бір түркімен тарихын жақсы білетін ақын жаза алар.
Ғалым ақында әріден алсақ Байронның бояуы, «менің поэзиям – менің еркін жаным» дейтін Бальмонт пен Есениннің еркіндігі жатыр.
Мына өлеңі осыған дәлел:
Көйлегіңді кестелеген қай шебер,
Қабақ шытсаң, жұлдыз ағып,
Ай сөнер...
Ақ жүзіңнен арай көрдім, Гүлрайхан,
Топ ішінен қалай көрдім, Гүлрайхан.
Уылжыдың,
Үлбіредің, Гүлрайхан,
Жетер енді,
Бүлдіремін... Гүлрайхан.
Сені көрген бағым ерен, Гүлрайхан,
Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан.
Осы өлең туғанда ақынның қандай сезімде болғаны өзіне ғана аян. Расында біз пікір айта алсақ та, ақын лабораториясының құпиясын аша алмаймыз. Мұқағали: «Өлеңді құлағыма біреу сыбырлайды, мен оның көшірушісі ғанамын» деген. Ендеше, біз де Ғалым ақынның өлең жасаудағы өзгеше тәсілдеріне бойлап енуге қауқарсызбыз. Ал, жалпылама алғанда, Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, Ғалым – ақында тіл лұғаты, тіл дәлдігі, тіл көрнекілігі деген секілді атрибуттардың төрт көзі түгел. Кейде ақындарымыз «батырлық», «батылдық» «ержүректік» деген секілді мәндес сөздердің әр қайсысының өз алдына өңі, реңі бар екенін айыра алмай, аузына алдымен түскенін қолдана салатын жағдайы болады. Ғалым – әр сөзін қасапшының пышағынан шыққан жіліктей өз табағына сала білетін шебер.
Әлгінде біз «өлең жасау» деген тіркесті айтып қалдық. «Жасау» мен «шығару» да мәндес. Ғалым өлеңді шығаратын өнім санамайды. Ғалым өлең туа білетін дарын, яғни, оның өлеңдері – туынды.
«Есіл ағады» оқырман үшін өткен дәуірдегі кеңестік зорлық, ұжымдастыру, кәмпескелеу, аштық, «халық жауы» деген жаламен азап лагерьлеріне тоғыту, репрессия, «Кіші Октябрь» зұлматы секілді қара таңбалы тарихты жыланның ішін жарғандай ақтарып айтуымен құнды.
Жинаққа «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Жалғыз қарағай», «Киікқашқан», «Ақ сиса» аталатын бес поэма енгізілген.
Бұл туындылар ақынның эпикалық жанрда да кең құлаш сермейтін қарымдылығын бірден-ақ байқатады.
Кеңестік үкіметтің НКВД лагерьлерінің бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1-1,5 миллионнан астамы «Карлаг» тұтқыны болған. Бұл тарихи дерек «Қара орамал» поэма-реквиемінің беташарында да келтірілген. Осы аймақтағы Қарабас, Қоңыртөбе, Кеңгір, Сарыбел, Шерубай-Нұра секілді жерлердің топырағына сіңген нақақ қанның иісі поэманың өн-бойына бойлаған бүгінгі біздің қолқамызды қауып тұр.
Қарабаста,
Талай тұтқын асылған дар ағашқа,
Талай тұтқын таласқан шамалы асқа,
Талай жендет қан ішкен қара қасқа...
Осы бір жолдарды оқып отырып, осы өлеңнің өзіне үрейлене қарайсың. Білмекке құштар кейінгілер «Карлаг» жайлы мұрағатты ақтармай-ақ, «Карлаг қақпасы» атты ақынның өлеңін оқыса да, балбал тасты жастанған бабаларының кеңестік дәуірдегі қара мылтықтың қарауылы мен керзі етіктің табанындағы тағдырын ой-санасынан көктей өткізер еді.
Сол күннің өксігі мен қасіретін тамыр-тамырыңа қуалататын «Тамакөшкен» поэмасы тарихи маңызы мен көркемдік сөз қуаты тең түскен туынды.
Кеш бәрін,
аспандағы ай,
кештің бе, оны,
Бұл ғұмыр – жалғыз сәуле бес күндегі.
Кеңесті керемет деп ес білгелі,
Көмескі тартып кетті көштің жолы.
...Бағыда бір атамыз намаз оқып отырса, білте шам астында шұқшиып немересі сабақ оқып жатады.
Жайнамазын жинаған шал немересіне:
– Балам, не істеп жатырсың? – дейді.
– Оқып жатырмын, ата, – деп жауап береді ол.
– Оқы, оқы. Ай, бірақ, балам, сен осы теріс оқып жатқан жоқсың ба? – деген екен сонда атасы.
Сол шалдың айтқаны рас. Теріс оқыдық қой. Байлар елін емес, малын қорғап шет ел асты деп білдік. Олардың ысырат көпірінен өткендей көтеріле көшуі ұрпағы үшін кешкен от екенін бізге оқытқан мектеп жоқ. Халқымызға қасірет әкелген саясаттың сойылшысы болдық. Ұлы санадан ажырадық. Ғалым өлеңі осыны айтып отыр. Шеберлікпен шегелеп, білімділікпен безбендеп берген.
Бір кезде М.Мақатаевтың «Райымбек.Райымбек» поэмасын оқығанбыз. Жан-дүнием астаң-кестең болып, төбемнен біреу төпелеп ұрғандай отырып-отырып, ақырында намысымды найзағайға тұтатып, орнымнан атып тұрғам.
Қауқары жоқ қайран жұрт,
қайран халық,
Сайран салып жатушы ең,
жайлау барып.
Опат болып, ақ ордаң ойрандалып.
Қара жауың әкеліп қара қайғы,
Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.
Аңырауды доғарып, аттан, қазақ,
Алты жасар ұлыңды майданға алып.
Ғ.Жайлыбайдың «Тамакөшкені» де осы туындымен көтерген туы бір дүние. Еңірейсің, сосын ер мінезіңе мініп, түрегелесің!
Таппадым, көш жолынан көңіл емін,
Не деген түкке тұрмас өмір едің.
Бетпақтың бедеу белі бедірейсе,
Елсізде екіндіде еңіредім.
Алланың добы екен ғой, басың, Адам,
Көзіңнің кеппей қалса – жасы жаман.
Тағдырың талапайға түскен сонда,
Таспихтың тасындай боп шашыраған.
Поэмада аштық жылдарындағы қасіретнама шегіне жеткізе жырланған. Мұны жесір Айманның оқиғасынан оқыңыз. Байғұс ана ауру баласын адам етін жеуге бет алған аш-арықтан қорғаштап, Қарасуға батырып жібереді. Баласының сырты адам, іші қасқырдың аузында пәрше-пәрше болып жатқанын көруден ана үшін оның суға батып өлгені әлдеқайда жеңіл еді десек... құлағым керең, көзім соқыр болсын дейтін бір оқиға ғой, бұл. Сорлы ананың онан арғы тағдыры не болды екен?
Жапалаққа айтады жар, құз әнін,
Жел естіді ананың таңғы зарын.
Сонан бері Айманның дерегі жоқ,
Мен де жырға қоспаймын арғы жағын.
Ақын оқырманын бұл қасіреттен осылай алып шығады.
Тауға өрмелеген сайын алдыңнан бірінен бірі биік мұзарт шыңдар шыға береді. Кітаптағы бес поэманың бәсі осындай. Алайда, біз үшін «Ақсисаның» айшығы да айтары бір төбе сияқты.
Бисмилла рахман рахим, ал, бастадым,
Жанымның жарқыратып алдаспанын.
Бар еді бауырым-ай, алда асқарым,
Жалы еді арғымақтың жармасқаным.
Өлеңнің осылай есіліп, көсіліп, тіліңді мүдіртпей, көзіңді сүрінтпей оқылуы ақынның қандай тақырыпқа түссе де түрен салып, жол талғамайтынын танытады. Ақын қай кезде болсын өз өлеңінің ішінде жүреді.
... Ай өтті Жаяу Мұса тас түрмеде,
Таланып қандалаға, аш бүргеге.
– Оязға арыз айтып несі баре ей,
Шығарған өз үкімін, қашқын неме!
Поэма зорлықпен жүргізілген кеңес өкіметінің құрылысы тұсындағы тарих бейнесі мен үстемдікке бас имейтін еркін жанды өнер адамының тағдырын кенезесі кепкен тақырға гүл еккендей суреттеп шыққан. Жаяу Мұса болмысы арқылы өткен дәуірдегі қазақ өмірінің сан қатпары ашылып, жас ұрпақ санасына елшілдік, ермінезділік қасиеттерді дәріптеп сіңіреді, перзенттік парыз сезімін себезгілей құяды. Арқаның табиғатын кесте тоқығандай әсемдікпен көрсетіп, жер-су аттарының сырына бойлатады.
Міне, жинақтап айтқанда, бұл жыр жинағының бағамы да, бағасы да осы бір отаншылдығымен биік.
Сардала жолға айналмай,
сорға айналдың.
... Бетпақта белгісі жоқ бейіттерге,
Әкеме еріп барып қол жайғанмын. – деп Ғалым ақынның өзі айтқандай, «Есіл ағады» бүгін мен ертеңгілерді өткен заманның шындығына бас идіріп, ұрпағының бақыты үшін арпалысып өткен аталарымыздың рухына тағзым жасататын жаңа бір ескерткіш-белгі іспетті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
ақын.
Қызылорда қаласы.

28 тамыз 2018 ж. 787 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области