Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВКЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВКЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ


Елге белгілі тұлғалардың таңбаға түсірген хаттары – олардың ғұмыр жолын танып-білуге тұтқа болатын нақты құжат. Бірге туып, біте қайнасқан адамдар, жора-жолдастар арасында жазылған хаттар – бастарынан өткен жеке оқиғалардан хабар беретін құнды мұра.
Осындай шынайы хаттарда жеке тұлғалардың ауызша айтыла бермейтін нәзік сырларды білдіретінін, сол уақыттағы көңіл-күй мен көзқарасын сипаттайтынын да ұғыну қиын емес. Демек, хат дегеніміз – жазылған уақытындағы тұтас бір қоғамның психологиясын, танымын, талғамын ойлау жүйесін ашық жайып салатын өте құнды дүние.
Мәселен, хатқа түсірілген тұлғаның ойы, жан-сыры ешбір шығармаларында, мақалаларында, сұхбаттарында айтылмауы мүмкін. Ал хатта күйініші, сүйініші, өкініші, өмір мен саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз ақтарыла айтылады.
Сондай хаттардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі – қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың Сыр өңірінің дарында перзенті, қазақтың Корчагині атанған Зейнолла Шүкіровке жазған хаты:
«Зейнолла! Бүгін бір жұмыспен (демалыс күні) отырып едім. Ол жұмыс мені қызықтырған, сұмдық қызықтырған. Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді. Үй-ішім, әсіресе әйелім, суық қарсы алды, оны. (Тоқаштың бізде үйге істеген тентектігі жоқ, сірә, ол туралы сасық қауесетті сырттан естиді ғой деймін, бірақ Тоқаш біздің үйдің байырғы қонағы. Мен мұны (Т-ны) 1948 жылдан білемін.
Оны суық қарсы алды. Үй-ішім менің жұмыс істегенімді жақсы көреді, біледі, нанның немен табылатынын. Ол (Т-ш) шаршап... келіпті, жатқыздым да жұмысымды жалғайын деп ем зауқым шаппады (жұмысқа). Сен ойыма орала бердің...
Тоқаш томпиып ұйықтап жатыр. Мен оған қарап отырып «Адамға адам неге сенбейді?! Сенімсіздік – сезімдер адамдарға деген ең басты алкоголь» деп түйдім...
Зекен! Мен сенімен ашылып пікірлесе алмадым. Себебі – баяғы сенімсіздік. (Жаратқан ием-ай, ашылып пікірлесу де рахат екен ғой...). Екінші себеп, прозаларыңды әлі оқымап едім, өтірік көлгірсуге арым шыдамады. Ал, өлеңге деген өзіңнің пікірің әлгіндей болғаннан кейін, тағы да аузымды жұмдым. Айтқаныңа да, былтырлар (Қазақ әдебиетінде) жарияланған мақалаңа да ұйыдым. Сол үшін жым болдым.
Ауылдарыңда көсіле жаттым, көпіре сөйлей алмадым, оған әлі өкініштімін. Өзіңмен пікірлесер көп жайттар бары анық.
Алдымен ауыртатын-айналайын әдебиетіміздің тағдыры, әсіресе поэзияның. Қазіргі біздің поэзия – бәйгідегі тайдың жарысына ұқсайды. Әркім жал-құйрығын күзеп, бір тайын даярлап отырған сияқты. Демек озсын –озбасын, соны (тайды) сөреге әкелуді көздейді ғой, даяшылары. Поэзияға ашық күн көтерілген құйындай, өзі, үрейлендіре келгендеріміз (почти) жоқтың қасы. Балаңды ботаңды баулуға, бөлтірігіңді ауыздандыруға болар, бірақ ақынды ноқталап бәйгеге қосуға кім ерік бергеніңе таңғаласың. Бұл кінә деген емес...
Екінші – қазіргі біздің қаламдастарымыз (ақын болсын, жазушы болсын,) еліктеу дегеннің не екенін білмейміз. Есенин, Евтушенко (Вознесенский) дегенді, мүмкін 2964 жылы түсінермін, әзірге жоқ сияқтылардың трусигін теріс айналдырып жүрміз...
Мен өлеңдегі әннен гөрі, үнді жақсы көремін. Біз қарлығаштың ұшқанын, сайрағанын байқаймыз, (оны тірі адамдардың барлығы да сезінеді ғой) байқаймыз да, я қарлығашты басқаға басқаны қарлығашқа теңеуге» тең таппай қиналамыз. Тіпті қарлығаштың өзі болып, өз қанатымен ұшып, өз үнімен сайрасақ қайтер еді.
Әлгі білім (Павловтың чутьесі (иісшілігі) осында керек-ақ. Ол, әрине, өлең ұйқастырудың емес, еңбектенуді керек етеді. Сондықтан қашамыз одан.
Біздегі тағы бір ауру – әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарға барғанда, алдымызда тұрған шың-жартасқа өрмелеп шығудан гөрі айналып өтуге тырысамыз. Оның күнгей жағынан төбесіне шығып аламыз да көкірек қағып, уралаймыз. Ал, оған шығу үшін қарманған, жол-жөнекей қиыншылықтар бізге бармағын шығарып қала береді...
Менің түйінуімше, біз табиғатты, махаббатты жырлауға машықтанып алдық. Ал, тіршілік ше, адамдардың күнделікті күйбеңі ше, көңіл күйі ше? Есі дұрыс пенденің дүниеге көзқарас пайымдауы ше?! (Бұл жерде Блокка бас ию керек!!!)
Проза туралы не айтамыз? Сын туралы ма? Сын жоқ, дау бар!!! Драма әлі бүршігін жарған жоқ! Зұлқарнайдың тағдыры ойландырады. Не деген жарқын жүрек, жақсы жан! Бірақ асау, өзіне-өзі ауыздық салмаса, ақыры не болады, білмеймін, ондай оймен, ондай жүрекпен үндемей кетсе, ит екен...
Айып етпе, ойымнан адасып қалдым. Көп-көп айтарым бар еді. Үй-ішіңе, анама мың сәлем! Ойы бірге, жаны таза азаматтарға дұғай сәлем!
Сырласып тұрсаңшы. Мұқағали. 15 март, 1964 жыл».


Бұл хат жазылғанда Мұқағали Мақатаев 33 жаста, Зейнолла Шүкіров 37 жаста болған екен. Хат үйреншікті сәлемдесуден басталмаған. Хатты «Зейнолла!» деп бастаған Мұқағали Мақатаев бірден айтар ойын жайып салған. Кішілігі болса да Мұқағали Зейнолланы өзімсініп, іш тартып «сен» дегені хаттан анық көрінеді. Екі ақынның арасында жақындық байқалады. Мұқағалидің «...Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді...» дегені бар, Тоқаш – қазақтың біртуар азаматтарының бірі, ақын Тоқаш (Торқысбек) Бердияров болуы мүмкін.
Тоқаш Мұқағалимен айырылмастай дос болған. Мұқағалидың ұлы Жұлдыз бұл жайында: «Әкем ауылға келгенде жанында шағын денелі, жүзі сұсты бір мұртты кісі жиі бірге болушы еді. Кейін білдім, бұл қазақтың танымал ақыны Тоқаш Бердияров екен. Өмірінің соңғы кезіне дейін Тоқаш ағамен әкемнің байланысы үзілген жоқ. Ол кісі жас шамасының алшақтығына қарамай, әкемнің шын досы еді. Тоқаш ақын соғысқа басынан аяғына шейін қатынасқан, кезінде теңізші болған. Ертеңгісін әкем мен Тоқаш ақын үйдің алдында белдеріне дейін жалаңаштап тастап, тастай суық тау суына жуынып жатқан бейнелері әлі көз алдымда. Сонда Тоқаш ағаның жүрек тұсында тушпен салынған мұртты сұсты адамның, ал арқасында күн шығып келе жатқан сәтті бейнелейтін суреттерді байқап қалғаным бар. Мұртты адам Сталиннің бейнесі екенін кейін білдім. Тоқаш аға мені қорқытпақшы болды ма, әлде қалжыңы ма, иықтарын қиқаңдатып қозғалтып еді, денесіндегі әлгі адамның мұрты жыбырлағандай болып кетті. Баламын ғой, оған мәз болдым» дейді естелігінде [1].
Хатта Мұқағалидің Сыр елінде болғаны, арқа-жарқа жатқаны айтылады. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің поэзия жанрына, еріп келе жатқан кейбір ақындарға көңілі толмайтындығын, драматургия ақсап жатқанын Зейнолламен бөліседі.
Поэзияда махаббат пен табиғат сынды жауыр тақырыптар әлі күнге жырланып келе жатқанын, адамның өмірге деген көзқарасы мен тіршілігіне жабу жабылып, қалып қойып жатқанын Мұқағали Зейноллаға қынжыла баяндайды. Хат мәтінінде прозалық шығармаларды сыншылардың кәсіби тұрғыда сынамайтынын, сынды дауға айналдырғандығы айтылады. Саяси-әлеуметтік мәселелерге келгенде ақын-жазушылардың бейтараптығы мен әлсіздігін ашына жазады.
Жалпы, Мұқағали ағасы Зейноллаға қоғамдағы келеңсіздіктер, ақын-жазушыларға көрсетіліп жатқан әділетсіздіктер туралы ашына жазған. Хатта кісіге жалпақтау мен жалбақтау байқалмайды. Хат мәтініне зер салсақ, Мұқағали мен Зейнолланың сырлас дос болғандығы аңғарылады.
«Үй-ішіңе, анама мың сәлем! Ойы бірге, жаны таза азаматтарға дұғай сәлем! Сырласып тұрсаңшы» дегенінен-ақ, туыстай жақындық сезіліп тұр. «Анаңа» емес, «Анама» дегенінен Зейнолланы бауырындай көріп, жақын тартқаны көрінеді.

ӘЙГЕРІМ БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлктану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі


03 қыркүйек 2018 ж. 1 209 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области