Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МУЗЫКА МАЭСТРІ

МУЗЫКА МАЭСТРІ


Ежелден өлең мен өнердің астанасы атанған Сыр елі талантты перзенттерге әсте де кенде емес. Иә, Сырдың күрең топырағынан саналы өмірін өнерге арнаған, ғұмырын музыка өнерімен сабақтастырған жандар көптеп шықты. Бүгін сондай шалқар шабыт иесі Кеулімжай Ботабаевтың шығармашылық өмірін тақырыпқа тамызық етпекпіз.
Кеулімжай Шалтақбайұлы 1958 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Бес жасында-ақ қолынан баяны түспеген әнқұмар баланың дарынын ең алғаш әкесі байқапты. Арман қуып астанаға жеткенде Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатының өкілдері ауылдың қарадомалағын өнер ошағына көп ойланбастан қабылдайды. Ата-анасынан жырақта, Алматыда мектеп табалдырығын аттаған бала Кеулімжай әріп танумен қоса нота әліппесін қатар үйренді. Жас талант осы кезде-ақ музыкалық аспаптардың біразын меңгеріп алды. Оның домбыра, қобыз, баян, сырнай, пианино, гитара, шертер, ұрмалы-соқпалы аспаптарды игеруі  –  музыканы жүрекпен сезінуінің нәтижесі. Орайлы тұста айта кетейік, өнер иесінің жанына жақын сазды аспаптың бірі – виолончель. Төрт ішекті бұл кереметті музыкант өзіне жеті жасынан серік етіпті. Ал ержете келе үздік музыкант сапынан көрініп, симфониялық оркестр құрамына алынды. 
Арманшыл өрен 18 жасында А.Жұбанов атындағы республикалық арнайы музыка  мектебін бітіріп шығады. Ал 1981 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясын виолончель класы бойынша тәмамдайды. Ол аталған білім ордасында профессор Д.К.Баспаевтан дәріс алды.
Бүгінгі таңда кейіпкеріміз Сыр өңірінде музыка мамандарын даярлайтын бірден-бір білім ошағы – Қызылорда музыкалық колледжін басшысы қызметінде. Иә, Кеулімжай Ботабаев музыка колледжін ұзақ жылдардан бері басқарып келеді. Әріптестері білікті де тәжірибелі директордың жақсы ұстаз, білікті басшы екенін мақтаныш сезіммен айтып отырады. Кейіпкеріміздің дирижерлігі – бір төбе. Оны сала майталмандары кәсіби дирижер ретінде құрметтейді. Сонау 1986 жылы колледж қабырғасында жүргенінде камералық оркестр ашқаны сол кез үшін елеулі оқиға еді.
Өмірін музыкаға арнаған қарапайым жанның өнердің дамуына сіңірген еңбегі еленбей қалған жоқ. 1997 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі», ал 1998 жылы «Астана» медалімен марапатталды. Келесі 1999 жылы облыс әкімінің шешімімен өз алдына бөлек оқу орны атанған Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры қызметіне тағайындалды.Мәдениет саласындағы еңбегі үшін 2005 жылы «Облыс өнер қамқоршысы» номинациясының иегері атанды. Араға екі жыл салып Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2011 жылы ҚР Композиторлар Одағының ұсынысымен «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Мәдениет майталманы» номинациясына лайық деп танылды.
Сәл шегініс жасайық. Мәдениетіміз бен өнеріміз өркенін жайып, рухани құндылықтарымыз қайта дәріптеліп жатқан тұста, 2007 жылы Сыр сүлейі, атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы өтті. Осы мереке қарсаңында кәсіби өнер ұжымы – «Тұрмағамбет» атындағы  халық аспаптары оркестрін құруға айрықша атсалысты. Сонан бері Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрін басқарып келеді. Ұлтымыздың киелі өнерін одан әрі өрістету, халық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында аталған оркестрмен бірнеше мәрте шет елдерге шығып, талғамы биік сахналардан қазақтың өнерін танытты. Бұған қоса ол Сыр елінде алғаш рет құрылған камералық оркестрдің дирижеры әрі жетекшісі қызметін атқарып келеді. Орайлы тұста камералық оркестрдің 2014 жылы облыс әкімінің қолдауымен құрылғанын да еске сала кетейік.
2016 жылы Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлес және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Биылғы жылы көктемде Кеулімжай Ботабаевтың 60 жасқа толуына орай Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында шығармашылық кеші өткені де есімізде. Ұлы Абайдың әндерінен шабыттанып, классиканың жауһарынан нәр алған өнерпаздың өнер сүйер қауымға әлі берері мол.
Кәсіби музыкант, тәжірибелі ұстаз, білікті дирижерді алға жетелейтін бір ғана күш бар. Ол – музыка құдеріті.
Рүстем АРЫСТАНБАЙ


26 қыркүйек 2018 ж. 703 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области