Қызылордада оқушылар ата-аналарымен бірге марафонға қатысты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жастар жылы аясында және бұқаралық спортты дамыту мақсатында жеңіл атлетикалық марафон ұйымдастырды.
Іс-шара барысында сөз алған мектеп директоры Бақыт Жұматай аталған спорттық іс-шараның мектеп қоғамдастығының мүшелері арасындағы байланысты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
«Бұл спорттық іс-шара салауатты өмір салтын қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Марафонға қатысуға атсалысқан ата-аналар оқушылардың спортпен шұғылдануына үлгі болады деп ойлаймын», - деді мектеп директоры.
Мектеп тарихында алғашқы көпшілік жүгіруге оқушылар, ата-аналар және мектеп қызметкерлері қатысты. 100-ден астам адам Сырдария өзені жағалауымен 3,5 шақырым қашықтықта жүгірді. Марафон нәтижесі бойынша оқушылар арасында 11 «А» сынып оқушысы Елжан Жарылқасын және 9 «С» сынып оқушысы Жанар Сабихан мәре сызығына бірінші болып келді.
Ата-аналар арасында Нұрдидар Құдайбергенов пен Базаркүл Бисенбаева барлық қатысушыларды басып озды.
«Бұл тапсырма мен үшін оңай болған жоқ, дегенмен өз күшімді сынап көргім келді. Бастапқы уақытта мәреге жүгіріп келмесем де, ең болмағанда жүріп жетемін деп ойладым. Өзім үшін жаңа рекорд орнаттым», - деді марафон жеңімпазы Базаркүл Бисенбаева.
Педагог-қызметкерлер арасынан педагог-ұйымдастырушы-куратор Еркебұлан Досжанов және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанна Омарова жарыстың жеңімпаздары деп танылды. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық жүлдегерлер естелік медальмен және дипломмен марапатталды.