ГОЛОВКИННІҢ ЖЕКПЕ-ЖЕГІН QAZAQSTAN ТЕЛЕАРНАСЫНАН КӨРСЕТЕДІ
6 мамыр күні өтетін Геннадий Головкиннің кезекті жекпе-жегін қазақстандықтар «Qazaqstan» телеарнасынан тамашалай алады. Бұл туралы «Қазақстан» ТРК басқармасының төрағасы Ерлан Қарин Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Геннадий Головкиннің жекпе-жегін трансляциялау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді! Біздің жанкүйерлер ертең, 6 мамыр күні, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан Головкиннің жекпе-жегін көре алады. Жекпе-жектің басталуы сағат 07:00-де. Ал, жекпе-жектің алдында сағат 06:30-да студияға Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев келіп, комментаторлармен бірге алдыңғы жекпе-жек туралы ойларымен бөлісіп және алдағы жекпе-жекке байланысты болжам жасайтын болады. Ал, трансляциядан кейін, Головкиннің жекпе-жегі туралы сараптамалық бағдарлама шығатын болады», - деп жазды Ерлан Қарин.
Айта кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен америкалық былғары қолғап шебері Ванес Мартиросян (36-3-1, 21 КО) жекпе-жегі Америка уақыты бойынша 5 мамыр күні Карсондағы (АҚШ, Калифорния штаты) StubHub Center аренасында өтеді. 1XBET букмекерік кеңсесі бұл жекпе-жекке мынандай коэффициенттер беріп отыр: Головкиннің жеңісіне - 1.03, Мартиросянның жеңісіне - 20, тең түсуіне - 59.