Элизабет Тұрсынбаева келер жылы қандай жарыстарда бақ сынайды?
Мәнерлеп сырғанаудан ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева келер жылы Қазақстан атынан өнер көрсететін жарыстарын айтты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Элизабеттің әкесі, спорттық менеджері Байтақ Тұрсынбаев пен спортшының өзі хабарлаған болатын.
Қазақстанды әлемге танытып, абыройымызды асқақтатып жүрген қызылордалық мәнерлеп сырғанаушы - Элизабет Тұрсынбаева биылғы жылдың алтыншы маусымын жаңа бапкер Этери Тутберидземен табысты бастады.
Нәтижесінде 19-22 қыркүйек аралығында Братислава (Словакия), 4-8 қазан аралығында Эспоо (Финляндия) қалаларында Челленджер сериясы бойынша өткен халықаралық турнирлерде күміс жүлделерге ие болды.
24-29 қазан аралығында Лаваль қаласында (Канада) өткен Гран-при сайысында 5-орынға ие болса, 15-20 қараша аралығында Мәскеу қаласында өткен (Ресей) Гран-при сайысында 6-орынды еншіледі.
Енді ол 2019 жылдың 4-10 ақпан аралығында Анахайм, Калифорнияда (АҚШ) өтетін төрт құрлықты чемпионат,2-12 наурыз аралығында Красноярск қаласында (Ресей) студенттер арасындағы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада және 18-24 наурызда Саитамада (Жапония) болатын Әлем чемпионатында бағын сынайды.
Э.Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан 4 дүркін Қазақстан чемпионы, қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2016 ж.), VIII қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері (2017 ж.), ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Аталмыш спорттан әйелдердің жеке бағдарламасында Ресей, Жапония, Америка, Канада, Қытай, Корея елдерінің мәнерлеп сырғанаушыларының үздік ондық қатарында өнер көрсетіп жүр.