Ішкі істер органдарының ардагері Ғалымжан Ахметовті еске алуға арналған турнир өтті
Kyzylorda-news.kz. Ішкі істер органдарының зейнеткері, отставкадағы полиция полковнигі Ғалымжан Ахметовті еске алу құрметіне «Динамо» спорт кешенінде шағын футбол мен волейболдан турнир өтті.
Аталған турнирге құқық қорғау органдары, басқа да арнайы құрылымдардың командалары қатысты.
Спорттық бәсекенің нәтижесінде шағын футболдан І орынды Қызылорда облысының Полиция департаменті иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды 20/19 Әскери бөлімі мен 55/47 Әскери бөлімі құрамалары бөлісті.
Ал волейболдан І орынды Қызылорда облысының Полиция департаменті командасы қанжығасына байласа, «Ардагерлер түлегі» ІІ орынға, Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті ІІІ орынға табан тіреді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, Ғалымжан Ахметов Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 1952 жылдың 16 қарашасында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1980 жылдың маусым айында Қызылорда облысы ІІБ социалистік меншікті жымқырумен күрес бөлімінің ұйымдастырушылық-әдістемелік тобының инспекторы лауазымынан бастаған. Өзінің адалдығының, өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. 2005 жылдың қаңтар айында ІІО қатарынан полковник шенінде құрметті еңбек демалысына шығады. Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірнеше мәрте ҚР ІІМ-нің омыраулық белгілерімен, Қызылорда ОІІБ-нің құрмет грамоталарымен марапатталған Ғалымжан Ахметұлы 2014 жылдың 6 маусымында 62 жасқа қараған шағында өмірден озды.