Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МӘМС: Жарна төлеу тәртібі

МӘМС: Жарна төлеу тәртібі

Kyzylorda-news.kz. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1406 байланыс орталығының жұмысы 24/7/365 тәртібіне көшті. Осы орайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов МӘМС бойынша жиі қойылатын 10 сұраққа жауап берді
1. Мен сақтандырылғанымды қалай және қайдан біле аламын?
- Мұндай ақпаратты электрондық үкімет порталынан (https://egov.kz/), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (http://dsm.gov.kz/) және Қордың сайтынан (https://fms.kz/), Telegram-бот (https://t.me/SaqtandyryBot) және WhatsApp-тағы чат-бот (+7 700 103 1406) арқылы алуға болады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандырылған болып, медициналық қызметтерді толық көлемде ала алатындығын еске салғым келеді. Азаматтардың қажетті медициналық қызметтерді алуына ешқандай кедергі болмауы керек. Бірақ осы жеңілдік кезеңінде олар сақтандырылып, МӘМС жүйесінің қатысушысы болуы керек.
Еске сала кетейін, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап сақтандырылмаған пациенттерге медициналық көмек көрсетіле береді, бірақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана, қалған қызметтер - ақылы түрде болады. Сондықтан, 31 наурызға дейін сақтандырылған мәртебесін алу маңызды.

2. Менің жеке кәсібім бар. МӘМС бойынша жарнаны қалай және қашан төлеуім керек?
- Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, МӘМС жарнасын келесі айдың 25-нен кешіктірмей төлеуіңіз қажет. Егер сіз патентпен жұмыс істесеңіз, төлем патент құнын төлеу кезінде жасалуы керек.
Жеке кәсіпкерлер үшін жарна мөлшері 1,4 ең төменгі жалақының 5% құрайды. 2020 жылы ол 2975 теңгеге тең.
Айтпақшы, егер сізде штатта қызметкерлер болса, онда жұмыс беруші ретінде сіз оларға жалақы қорынан 2% мөлшерінде аударым жасауыңыз керек, сондай-ақ, әр қызметкердің жалақысының 1%-ын жарна ретінде шегеріңіз.

3. Мен үйде отырып жұмыс істеймін, ресми түрде емес. Мен МӘМС жүйесіне жарна төлеуім керек пе және неге? Олай болса, қалай, қашан және қанша?
- Бұл жағдайда сіз дара кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар санатына жатасыз, сонымен қатар, сіздің жалданушы қызметкерлеріңіз болмайды. Сіз МӘМС жүйесіне жарна төлемеуіңізге болады. Бірақ бұл жағдайда сіз сақтандырылмайсыз, демек, сіз тек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана көмек ала аласыз (жедел, шұғыл жәрдем). МӘМС пакетіне кіретін қызметтерді (мамандардың қабылдауы, зерттеу қызметтері, диагностика, операциялар) алу үшін, өзіңізді сақтандырып, ай сайын біртұтас жиынтық төлем (БЖТ) төлеуіңіз керек. Сонымен бірге БЖТ салық агенттері қатарына жатпайды.
Бұл тағы қандай мүмкіндіктер береді?
МӘМС жарналарынан басқа, БЖТ міндетті зейнетақы жарналарын да қамтиды. Яғни, БЖТ төлей отырып, сіз өзіңіздің базалық зейнетақы төлеміңізді қамтамасыз етесіз (жұмыс тәжірбиесіне байланысты). Сіз қаншалықты ұзақ төлеген болсаңыз, болашақта соғұрлым көп зейнетақы аласыз, өйткені еңбек өтілі ескеріледі.
Сондай-ақ, сіз әлеуметтік жарна төлегендіктен (олар да БЖТ құрамына кіреді), сіз егер еңбекке қабілеттілігіңізді жоғалтсаңыз, асыраушыңыздан айрылсаңыз, жүктілік пен босану кезінде, бала асырап алу немесе бала күтімі кезінде әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығыңыз бар.

4. БЖТ деген не және ол қалай есептеледі?
- БЖТ, жоғарыда айтқанымдай, бұл біртұтас жиынтық төлем. Ол айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінен есептеледі. Қала тұрғындары үшін бұл 1 АЕК (2020 жылы 2651 теңге), ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК (2020 жылы 1326 теңге).
Сонымен қатар БЖТ құрамына:
• жеке табыс салығы;
• зейнетақы жарнасы;
• МӘМС салымдары
• әлеуметтік аударымдар кіреді.
Сонымен қатар, БЖТ-дағы МӘМС жарналарының үлесі қала тұрғындары үшін бар-жоғы 1060 теңгені, ауыл тұрғындары үшін 530 теңгені құрайды.

5. Егер мен жұмыс берушім МӘМС бойынша жарна енгізетін жұмыскер санатына кірмесем, онда мен өзім үшін жарнаны қалай төлеймін?
- Бұл жағдайда сіз МӘМС жүйесіне тәуелсіз төлеуші ретінде саналасыз (жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ресми тіркелмеген жұмыссыздар сияқты). Сіз екінші деңгейлі банктердің кассалары, Қазпошта, Халық банк терминалдары, “Kасса 24” өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары және Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы МӘМС үшін төлем төлей отырып, өзіңізді сақтандыра аласыз. Жарналардың мөлшері сіздің мәртебеңізге байланысты болады. Жоғарыда мен әртүрлі санаттағы төлеушілерге арналған үлгілер туралы айттым.

6. Мен жеке клиникада тексеруден өткім келеді, бірақ менің емханам ол жерге жолдама беруден бас тартты. Не істеуім керек?
- Мұндай жағдай болмауы керек. Учаскелік дәрігер сізді өз таңдауыңыз бойынша Қормен келісім-шарт жасаған кез келген медициналық ұйымға жіберуі тиіс. Жеткізушілердің тізімін Қордың сайтынан табуға болады (https://fms.kz/ru/content/postavshchiki-fonda). Сонымен бірге жолдаманы медициналық мазмұндама болған жағдайда ғана алуға болатындығын ескертемін.
Сіздердің назарларыңызды Қордың негізгі міндеттерінің бірі пациенттердің құқығын қорғау екендігіне аударғым келеді. Сондықтан, біз көрсетілетін қызметтердің сапасын үнемі қадағалап отырамыз және туындаған мәселелерді тез шешуге тырысамыз.

7. МРТ алуым керек, бірақ маған жолдама бермейді. Неліктен?
- КТ немесе МРТ қызметін алу үшін сізге учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Ол тек тиісті дәрігерлік нұсқаулар болған кезде беріледі, өйткені, бұл процедурада электромагниттік сәулелену қаупі жоқ емес. Оны қажетсіз жасай берген дұрыс болмайды. Яғни, мұндай тексерулерге медициналық нұсқаулар болмаған жағдайда ғана сізге жолдама берілмеуі мүмкін.

8. Маған МӘМС бойынша тіс дәрігерінде тегін емделуге бола ма?
- МӘМС жүйесі аясында ақысыз стоматологиялық қызметтерді 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары, мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандар), атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар немесе басқаларға қауіп төндіретін аурулары бар пациенттер ала алады.
Егер емдеу жоспарланған болса (шұғыл емес), жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балалар үшін МӘМС бойынша тегін стоматология тағайындалады.
Қалған пациенттердің барлық санаттары стоматологиялық қызметті ақылы алады.
Тағы айтарым, егер сіздің медициналық ұйымыңызда тіс дәрігері болмаса (егер дәрігер нұсқауы көрсетілген жағдайлар мен санаттарға сәйкес болса), cізге Қор жеткізушілерінің тізімінде көрсетілген медициналық ұйымға жолдама беруі тиіс.

9. Оқу үшін 086-y (083-y) анықтамасын ұсыну қажет. Осыны МӘМС бойынша ақысыз жасауға бола ма?
- 086 және 083 анықтамалары МӘМС пакетіне кірмейді. Бұл мемлекеттік қызметті медициналық ұйымдар ақылы түрде ұсынады.
Бұл анықтамалар оқуға түсетін немесе жұмысқа кіретін пациенттің кәсіби жарамдылығы туралы дәрігердің тұжырымын алу мақсатымен мерзімді медициналық тексеруден өту үшін берілетінін түсіндіргім келеді. Бұл профилактикалық санатқа жатпайды. Бірақ пациент жылына бір рет ақысыз негізде профилактикалық тексеруден өтуге құқылы.

10. Пациент қайтыс болған жағдайда оның жинақталған ақшасы туыстарына беріле ме?
- Жоқ, жарналарды аудару қарастырылмаған, өйткені әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес. Медициналық көмек жарналардың мөлшері мен сомасына қарамастан көрсетіледі. Яғни, халықтың барлық санаттарының медициналық қызметтерге қолжетімділігі бірдей. Бұл жүйенің тең қолжетімділік және ынтымақтастық принципі осында жатыр. Сондықтан, біз әр түрлі кірісі бар адамдарға бірдей, бейтарап қызмет көрсететін осындай модельді таңдадық.
13 ақпан 2020 ж. 12 664 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области