Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖЕР-ЖАҺАННЫҢ НАЗАРЫ – ЖАНКЕНТТЕ

ЖЕР-ЖАҺАННЫҢ НАЗАРЫ – ЖАНКЕНТТЕ


Түрікмен тарихшысы Абылғазы Баһадүрдің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген, Сыр өзенінің бойындағы ұлы мұра – Жанкент қаласы еді. Оғыздар осы жерді ерте заманнан мекендеп, өркениеттің өзіндік үлгісін көрсеткен. Сыр өзенінің сол жақ бетінде, Өркендеу ауылынан 15 шақырым жерде орын тепкен тарихи қалаға біз де бардық. Онда шетел ғалымдарымен бірлесе ұйымдастырылған далалық семинардың үстінен түсіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Сейдалы Біләловпен көне шаһардың сыры жайында сұқбаттасуға мүмкіндік туды.
– Қойнауына сыр құшқан Жанкент шаһарының құрылысы жайында не айтасыз?
– Шаһардың аумағы 15-20 гектарды құрайды. Түйе мен биенің сүтінен иленіп соғылған жартылай дөңгелек мұнаралары мен 8 метрге жететін биік дуалдары қаланың қорғанысына қызмет еткен. Шығыс бетіндегі қорғанының қалыңдығы 2 метрден асады. Жергілікті халық саудаға бейім болған. Қалашықтың соңғы өмір сүрген кезеңдерінде ислам діні қабылданған деседі. Мұнда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында «Мұхаммед» деген арабша жазуы бар жүзіктер мен ыдыстардың қалдықтары табылды. Қала қабырғасының сыртынан 30-40 метрге жететін ор қазылған. Құрылысы қаншалықты мықты болғанымен 1219 жылдың күзінде моңғол әскері шабуыл жасап, халқын қырып, қаланы түгелдей өртеп жіберген. Қазір облыстық бюджет есебінен мамыр айында басталған зерттеу жұмыстары өз мәресіне жетіп қалды.
– Қазба жұмысының мақсаты қандай? Жасалған жұмыстар мен жаңалықтардан хабардар етсеңіз?
– Ескерткіштің өмір сүрген хронологиясы әлі толық анықталған жоқ. Бұл жердегі негізгі тіршілік басталған және қала күйреген уақыттан хабарымыз болмаса да қаланың Х ғасырда өмір сүргенін нақты білеміз. Зерттеу жұмыстары барысында табылған мәліметтер бізге аздық етіп отыр. Көбіне қыш-құмыралардың сынықтары жиналуда. Сондықтан жобаны аяқсыз қалдырмау мақсатында геофизик, геомарфолог, топырақтанушыларды бірлесіп жұмыс жасауға шақырып отырмыз. Тек археологиялық қазба арқылы жаңалық ашу мүмкіндігі аз. Аталған ғылым өкілдері мәдени қабаттың тереңдігін анықтап берсе, сол заманда қандай табиғи процестер жүргенін білсек, табиғаттан болған апаттардан мәлімет ала алсақ, онда нақты жаңалықтар ашуға болады. Бұл үшін технологиялық мүмкіндігіміз де жетерлік.
2005 жылдан бері университет ғалымдарының қатысуымен 8 жерге қазба салынып, 1000 шаршы метр жерге археологиялық зерттеу жүргізілді. Қазіргі таңда Жанкенттегі тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. Үйдің бір бұрышында от жағатын бөшкелер орналасқан. Одан қызыл шоқты алып, бөлме ортасындағы қазандыққа қою арқылы баспананы жылытқан. Әр ошақтың басында міндетті түрде саз-балшықтан жасалған мүйіз қойылатынын байқадық. Бұл тіл-көзден немесе жағымсыз энергиялардан сақтайды деген наным-сенімнің болғандығын дәлелдейді. Кіреберіс бөлмесі, ықпанасы, тұрғын жайы мен азық сақтайтын қоймалары бар үйлерден құралған қалашық оғыздардың қыстық астанасы болғанын білдік. Кішігірім ру, тайпа болып осы жерде қалыптасқанымен, олар мемлекеттік деңгейге жете алмады. Қазақстан тереториясынан Сырдарияның бойымен ығып кеткеннен кейін ғана қазіргі Әзірбайжан, Иран, Түркия жерінде үлкен мемлекет құрды.
– Жанкент қалашығына жиналған ғалымдар қай елдерден келді? Дала семинарында қандай мәселелер талқылануда?
– Көне шаһарды зерттеу, тәжірибе бөлісу үшін осында Каталония, Испания, Германия, Франция, Украина, Ресей, Өзбекстан сынды алыс-жақын шетелдерден білікті ғалымдар келді. Олардың барлығы VII-XII ғасыр аралығында өмір сүрген тіршілікті зерттеуде үлкен тәжірибесі бар ғалымдар.
Осы кезге дейін бірнеше зерттеу кезеңі орындалды. Бірақ қаланың негізін қалаушылар мен құрылысшылар туралы ақпарат біле алмай отырамыз. Оғыздар бұл жерге иелік еткенімен негізін қалаушылар емес екені анық. Себебі, олар көшпенділер әдісімен қалаларды басып алып отырған. Семинар барысында осы мәселелерге байланысты талас жүріп жатыр десек болады. Бір ғалым негізін қалаушылар соғдылар десе, енді бірі жетіасарлықтардың үлгісімен салынғанын айтады. Әр мемлекеттен жиналған ғалымдардың арасында қазір 4 түрлі болжам бар.
Жасалған жұмысты зерделеу үшін Самарқанды 30 жылға жуық зерттеген Юрий Кариев деген зерттеуші ғалымды алдырдық. Ол Жанкент өмір сүрген кезеңде қатар тіршілік еткен қарлұқтар туралы толық біледі. Орта ғасырдағы еуропалық мәдениетті зерттеп жүрген Астель мен Штекерді Англиядан арнайы шақырттық. Украинадан Алексей мен Наталя Комарды Киевтің Жанкентпен қатар тұстарын білетіндіктен семинарға қатысуды өтіндік. Оларға қосымша Мәскеудегі шығыс халықтары музейінің жетекшісі, Ташкентте 40 жылға жуық қазба жұмыстарын жүргізген ғалым Сергей Валилов та өз ойларын айтуда. Елімізден осыған ұқсас ескерткіштерді зерттеп жүрген Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов та қатысып отыр. Олардың барлығы біздің зерттеу жұмысымыз туралы, зерттеу барысында болатын түйіткілді мәселелер жайында ақыл-кеңестері мен құнды мағлұматтарымен бөлісуде. Семинар барысында біздің жұмысымыз бен алған бағытымыздың дұрыстығы айтылуда. Сондай-ақ қателіктерді, аса мән бере қоймаған жұмыстарды тереңінен зерттеуге кеңес беруде. Дала жиынының негізгі мақсаты да осы.
– Жанкент шаһарында археологиялық зерттеу жұмыстары қашанға дейін жалғасады? Қандай жоспарларыңыз бар?
– Қалашық мемлекет қорғауында болғанымен бұл жер қоршалмаған. Жақын маңдағы ауыл малдары немесе адам қолынан тарихи ескерткіш бұзылуы мүмкін. Бұл біздің жұмысымызға айтарлықтай кедергі келтіреді. Осыны ескеріп алдағы уақытта облыстық бюджеттен шаһарды толық қоршауға алу үшін қаражат қарастыруын сұрайтын боламыз. Ал зерттеу жұмыстары кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жалғасатын болады. Келешекте тарихи ескерткішті туризмді дамыту үшін пайдаға асыра алсақ, онда біздің алға қойған мақсатымыз орындалар еді. Ашық аспан астындағы музей әркез көптеген саяхатшының қызығушылығын тудыратыны анық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
02 қазан 2018 ж. 627 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области