ЖЕТІАСАР МӘДЕНИЕТІ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажеттігі айтылды. Осы орайда Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Сыр өңіріндегі (Қармақшы ауданы аумағында) Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Жетіасар – біздің заманымыздан бұрынғы III-I ғасырлардағы қаңлы тайпаларының орналасқан аймағы (Қытай деректерінде Кангюй деп кездеседі). Бұл Қызылорда облысында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқан соң асарлар деп атаған.
Бұл ескерткіштертердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл асарлар Қармақшы ауданы қазіргі Тұрмағамбет, Алдашбай ахун, Т.Көмекбаев ауылдары аумағында орналасқан.
Бір ғажабы, бұл аймақтан Бидайық асар, Қурайлы асар, Үлкен Қос асар, Кіші Қос асар, Томпақ асар, Жаман асар, Жалпақ асар, Тік асар, Тас асар, Моншақты асар сияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған.
1946 жылы С.П.Толстовтың басқарумен Хорезм архелогиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, Жетіасар кешенінің қалаларын ашты. Ал 1948-1951 жылдары С.П.Толстов Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді. Археолог-ғалым 1958 жылы басқа да Жетіасар ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізді.
Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес отырар-қаратау мәдениеті және қауыншы мәдениеттерін жасаған тайпалармен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілер, бойынша бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды.
Ал 1973-1991 жылдары Л.Левинаның жетекшілігімен жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос-асар мен 700-ге тарта обаға кешенді қазбалар жасалды.
Жетіасар ескерткіш кешені республикалық, жергілікті маңызы бар және алдын-ала тізімге алынған. Жетіасар қалашықтары құрылысының ерекшелігіне байланысты үш топқа бөледі: ғимараттары бар бекіністі үй-жай (усадьба); екіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар (мұнаралары, бекіністі қақпасы), бірақ ішінде ешқандай құрылыс орны жоқ, ірі қамалдар; үшіншісі – мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әр түрлі тұрғын үй құрылысы бар қамалдар.
Қалашықтар орны ауданы 0,5-10 га биіктігі 8-20 метр дөңгелек немесе сопақша пішіндес екі қабатты құрылыстар қаланың орталығы қызметін атқарған, мұның үш (кейде төрт) жағын айнала төменгі қабаттың үйлері орналасқан. Барлық қалада берік қорғаныс дуалы болған. Сонымен қатар, кейбір қалаларда биік мұнаралар, қабырға үстімен айнала өтетін дәліздер де бар. Құрылысқа пахса блоктары мен шикі кірпіш қолданылған.
Бүгінгі таңда облыс әкімдігі жанындағы Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Осы мақсатта Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Жетіасар мәдениеті ескерткіштеріне жататын нысандардың қорғау аймақтары белгіленіп, олардың менеджмент жоспары мен ғылыми құжаттамалары әзірленді.
Жетіасар – әлемдік тарихта өзіндік орны бар ірі мәдениет. 1946-1992 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Жетіасар мәдениетіне археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жерден ондаған қалашықтар, елді-мекендер мен қорымдар, архитектуралық ескерткіштер жайлы құнды деректер табылды. Жетіасар мәдениетінің өкілдері қаңлылар екені анықталды.
Біздің заманымыздың І-ші мыңжылдығында өмір сүрген қаңлылар туралы қызықты деректерді парсы және қытай саяхатшылары қалдырды. Қытай жазбаларында: "Қаңлы Даван (Ферғана) қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 2000 ли (1000 шақырым) қашықтықта жатыр.
Қаңлы билеушілерінің Лоюени елінде, Битянь қаласында тұрағы бар оның халқы 120000 отбасынан, 600000 адамнан тұрады, әскер саны 120000-ға дейін жетеді" – деп жазылған. Ежелгі ирандық шығарма Авестада (б.з.д. ІІ-І мж.) мынадай аңыз келтіреді "Салт атты құдіретті жаугер Туса құдай-анадан Кангадағы қасиетті Хашатросука қақпасындағы Вайсактың ұлдарына қарсы соғыста жәрдем сұрайды". Бұл жерде Канга тұран көсемдерінің резиденциясы болып саналады. Әйгілі Фирдоусидің "Шахнамасында" Канганы Тұран патшасы Афрасиабтың (Алып Ер тұнға) астанасы ретінде көрсеткен.
Қаңлылардың тілі жайлы әлі күнге дейін ортақ пікір жоқ. Кейбір ғалымдар оларды түркі тілді халық десе, енді біреулері қаңлы І мыңжылдықтың ортасында Сырдарияға түркілердің қоныс аударуы себебінен, өздерінің этникалық құрамы мен тілдерін өзгерткен Иранның солтүстік тайпалары дейді.
Жетіасарға жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде қала мәдениетінің дамығандығы анықталып, уақыт өте бірін-бірі алмастырып отырған көпқабатты бірнеше бекіністі қалалардың орны табылды.
Жетіасар қалашықтары тар көшелермен бөлінген тұрғын үйлерден құралған. Үйлер көбінесе, бір бөлмелі болған. Ал, екі бөлмелі үйлер сирек кездескен. Бұл жағдайда екінші бөлме қоймаға арналған.
Археологтардың айтуынша, бір-біріне жақын орналасқан Жетіасар қалашықтары бекініс рөлін атқарған. Бейбіт уақытта халық егін егіп, мал бағумен айналысса жау келгенде бекініске кіріп қорғанған.
Археологиялық зерттеулер барысында табылған дәнді дақылдар, дән сақтайтын ұралар, тас кетпендер, сүйектен жасалған жер өңдеу құралдары бұл жерде егіншіліктің дамығанын көрсетеді.
Мал өсіру де шаруашылықтың маңызды саласы болып табылған. Оны біз қоныстардан табылған үй жануарлары – жылқының, қойдың, ешкінің, ірі қараның сүйектеріне қарап білеміз.
Мызғымас қамалымен ерекшеленетін сол өңірдің астанасы Алтынасар және биік мұнаралармен, бірлік бекініс қабырғалары бар Алып қалашығы көп зерттелді.
Жетіасар мәдениетіне жататын өзге ескерткіштерді кең көлемде археологиялық зерттеулер жүргізу енді басталып жатыр.
Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері топталып орналасқан. Жетіасар атану себебінің бірі осында. Асарлар тізбектеліп Қазақстан аумағындағы Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облыстарын қамтып Ташкентке дейін созылып жатқан аумақты алып жатыр. Мұндағы асарлардың жалпы саны елуден асады.
А.АЙТБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданы