Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР ТАҒЫЛЫМЫ

ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР ТАҒЫЛЫМЫ


Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай ұлттық мүддемізді, рухани санамызды жаңғырту мақсатында республика көлемінде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, тарихи маңызы бар нысандарды зерттеу жұмыстары да қарқынмен жүргізілуде. Сыр өңіріндегі Күлкеасар, Ақтай кесенесі, Алатағы қорымы, Бәтеш төртқұлағы, Байғана кесенесі, Жантас кесенесі, Құлбала кесенелері осындай аймақтық маңызы бар тарихи нысандарға жатады. Мұның бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берген тапсырмалары жедел әрі сапалы орындалып жатқанын көрсетеді.
Ақтай кесенесінің салыну мерзімі 1926-1927 жылдарға жатады. Ғимарат осы өңірге тән ең соңғы екі күмбезді мемориалды құрылыстардың бірі. Тік бұрышты кірпіштерден тұрғызылған кесененің композициясы кіші және үлкен көлемдердің үйлесімінде орындалған. Соған орай ол кіші және үлкен күмбездермен жабылған. Үлкен көлемде жерлеу камерасы бар, ортасында аркалы кіреберіс ойығы бар бетше босағаға жалғанған кіші көлем екі деңгейде шешім тапқан. Біріншісінде жерлеу камерасына апаратын кіреберіс камера орналасқан, екіншісінде зиратхана ғұрыптық іс-әрекеттерге, Құран және намаз оқуға арналған бөлме бар. Ақтай кесенесі – архитектуралық көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, қазақ кесенелері дамуының соңғы кезеңдерін сипаттайтын аса маңызды буын, соның салдарынан ол үлкен мәдени-тарихи маңызға ие екендігін айта кеткеніміз жөн.
Ал, Ала тағы әулие қорымы беймәлім ескерткіштің бірі, ХVI-XVII ғасырдың үлесіне тиеді. Қызылорда қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 156 шақырым жерде орналасқан. Ала тағы әулие қорымы Сарысу өзенінің төменгі ағысындағы оң жағалық биіктеу жайпақ қырқаның үстінде орналасқан. Қорымда тікбұрышты қам кесектерден тұрғызылған қоршау қалдықтары ғана сақталған. Алатағы шатқалы бізге тарихтан жақсы мәлім. Академик Әлкей Марғұлан айтып кеткендей, бұл жер қазақ аңызы бойынша, Сығанақ хандарының жазғы резиденциясы болғандығын ғалымдар зерттеуінде кездеседі.
Енді Бәтеш төртқұлағына тоқталатын болсақ, ол 1910 жылға жатады. Қызылорда қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 175 шақырым жерде орналасқан. Бәтеш Байменов – шебер құрылысшы болған, төртқұлақты құрылыс ісін өзі үйреткен ұлдары тұрғызған. Бәтештің ісінің арқасында Қызылжыңғыл шатқалында күйдірілген кірпіштерден ең алғашқы керемет мемориалдық құрылыстар мен стационарлық қыстаулар пайда болды. Ескерткіш Қызылжыңғыл шатқалында, Сарысу өзенінің оң жағалауындағы қорымда орналасқан. Қорымда қираған қабір үсті ескерткіштері мен Бәтештің інісі Едігенің қоршауы бар. Төртқұлақ тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден салынған. Ескерткіштің көлемді-кеңістікті қарапайым композициясы кірпіш қалау мәдениетінің жоғары деңгейімен, әсем де жақсы ойластырылған декорымен ерекшеленеді.
Ал, Байғана кесенесі (ХVIІ-XVIIІ ғғ) – Қызылорда қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 175 шақырым жерде, Сарысу өзенінің төменгі ағысындағы Қызылжыңғыл шатқалының бір төбесінің үстінде орналасқан. Орта Азия мен Батыс Сібірді байланыстыратын негізгі сауда жолының бойында орналасқан бұл ортағасырлық ескерткіш саяхатшылар (Н.Потанин, Ю.Шмидт және басқалары) тарапынан бірнеше мәрте ескерілген болатын. Байғана заманында өте танымал адам болған деседі.
Тарихи маңызға ие Жантас кесенесі ХХ ғасыр ескерткіші. Қызылорда қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 107 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш Телкөл көлінің маңайында орналасқан өлшемдері кішігірім кесенелер тобына жатады. Ескерткіш тікбұрышты қам кесектерден және күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Жоспарындағы сақталған аумақтық өлшемдері- 5,70х5,70 м, биіктігі- 2,20 м. Қазіргі уақытта кесене қатты қираған: күмбезі толығымен құлаған, тек кіреберіс ойығының кескінін жоғалтқан негізгі қасбеттің қабырғасы мен корпусының шығыс бұрышы ғана сақталған.Кесене архитектурасының тартымдылығы сол, оның шектелген аумақ жағдайындағы композициялық құрылымдары барынша шешім тапқан.
Өткен ғасырдың тағы бір тарихи-мәдени мұрасы болып саналатын нысан –Құлбала кесенесі. Кесене ХХ ғасырдың 20-шы жылдары салынған. Қызылорда қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 102 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш Телекөл көлінің маңайында орналасқан өлшемдері кішігірім кесенелер тобына жатады. Кесене көне каналдың жанындағы айналасынан биік болып келген қырқаның үстінде орналасқан. Кесенеден оңтүстік-батысқа қарай қам кесектерден тұрғызылған қоршаулар қалдығы мен шайылып кеткен қабір үсті ескерткіштері, сонымен қатар қазақ қыстақтарының орындары мен неолит тұрағының іздері бар. Күмбезі сақталмаған, бірақ та басқа ескерткіштермен ұқсастығына қарағанда, бес аркамен басталып, жасанды қаландыламен өрілген. Құлбала кесенесі екі камералы кесененің кішірейтілген түрі болып табылады делінген ғалымдар зерттеуінде.
Жоғарыда аталған тарихи орындар Сыр өңірінің айнымас, ерекше атап айтатындар мұраларына жатады. Біздер замандастарымызға, барша жұртшылыққа бұл тарихи маңызы бар орындар жайлы ақпараттар беруге мүдделіміз. Алдағы уақытта Елбасының айтулы «рухани жаңғыру» мақаласы аясында көпшілікке беймәлім осы тектес тарихи орындар кеңінен насихатталатын болады деген сенімдеміз.
Тарихи мұраларға оң көзқараспен қарау – ұрпақ міндеті. Елімізде көнеден жеткен тарихи ескерткіштер мен киелі жерлер көптеп кездеседі. Оның ішінде Сыр өңіріне қатысты қаншама тың деректерді тарихшылар мен археологтар кеңінен зерттеп, жұртшылыққа насихаттап келеді.
С.ӘБЕНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
«Мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау»
мамандығының студенті
01 тамыз 2018 ж. 1 202 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области