Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » “ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫ” – ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАСЫ

“ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫ” – ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАСЫ


Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген ескі шаһардың бірі – Шірік Рабат қаласы.
Қазақстанның қасиетті жерлерін анықтау жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен тығыз байланыс орнатылып, орталық тарапынан Қазақстандағы жалпыхалықтық маңызы бар 100 нысан тізіміне Қызылорда облысынан 12 нысан таңдалып алынды.
Олар – «Ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары» санатына жататын Жанкент, Сығанақ, Шірік-Рабат және Жент қалашығы.
Ал «Діни және ғибадат орындары» санатына – Оқшы ата, Қорасан ата, Төлегетай-Қылышты ата кешенді мазары, Бегім ана мұнарасы, Қорқыт ата мемориалды кешені, Бұқарбай батыр кесенесі мен Жанқожа батыр мазары және Қызылорда қаласындағы Қазан Богородный шіркеуі бар.
Шірік-Рабат қалашығы – Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірінен саналады. Шірік Рабат қалашы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан. Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария өзені арқылы жүріп отырған болатын.
Сырдария, Жаңадария өзендерінің бойы – ежелден көне тарих көмбесі. Көмбе деуіміз де орынсыз емес. Тұрғынынан ажыраған көне қалалар топырақ астында жетімсіреп жатыр. Уағында қаланың дәурені жүріп, тіршілігі қызып тұрған шақта бұл аралықтарда кім жүрмеді?!
Сонау 2-4 ғасырлардан бастау алатын тарихы бар Шірік-Рабат қаласының негізгі иелері – сақтар. Сақ тайпасының үшке бөлініп Сырдария өзенінің бойын мекен еткені көне тарихтан әмбеге аян. Сол уақытта атағы айға жеткен «цитадель» орналасқан қаланың бүгінде бәсі төмен екенін еңбектеген баладан еңкейген шалға дейінгінің бәрі біледі. Ендеше уағында дүркіреген қаланың тарихы туралы бірер сөз қозғай кетелік.
Шірік-Рабат қаласының жұрты қазір Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданына қарасты Т.Көмекбаев (бұрынғы Жаңақала) ауылының оңтүстік-батысында орналасқан. Бұл аралық та сол ғасырларда Жаңадария өзенінің арнасы болған сулы өлке. Өзеннің оң жақ жағалауындағы ең биік төбенің басында орналасқан ескі шаһардың жұртына бірнеше рет тарихи-археологиялық экспедициялар жасалды.
Ең алғаш рет аталған қаланың жұртына зерттеу жұмыстарын өзен жағалай қонған ескі тайпалар өңірін шарлаған С.Толстов зерттеді. «Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясын» басқарған ғалым бұл жерге 1946 жылы табан тірепті. Алғаш рет ескі жазбалардағы болжамдар мен топшылаулар бойынша қаланың орынын тапқан орыс ғалымы 1948-1949 жылдар аралығында қайтадан толық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты орынын белгілеген.
Арада он жыл уақыт өткеннен кейін барып қана мыңжылдықтардың куәсіне айналған шаһар жұртына қазба жұмыстары жүргізіле бастады. Арнайы ұйымдастырылған қазба жұмыстарының нәтижесінде Шірік-Рабат қаласының орынынан қорған түбіне салынған тұрғын үйдің бөлігі, қаланы қоршап жатқан қамалдың қалдықтары, орта ғасырларға тән мұнаралардың орындары табылып, толық құжатқа енгізілді.
Міне, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда ғана атақты шаһар жұртына осындай кішігірім көңіл бөлініп, толық зерттелмей қалған. Сол уақытта орыс ғалымы бұл қаланы тарихтағы көне жазбалар арқылы салыстырып, зерделеп, құжаттамаларын бірізділікке қойған еді. Содан кейін ескі қала орынына ешқандай зерттеуші, ғалым аяқ баспады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи мұраларымызға орасан зор көңіл бөлініп, оларды ұлықтаудың маңыздылығы артты. Алдымен тарихтағы ұлт қайраткерлерінің мұралары ақталып, зерттеліп, жарыққа шықты.
2004 жылы Елбасының арнайы бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында тарихи, ұлттық құндылықтарымыздың көпшілігі өз дәрежесінде насихатталып, бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.
Осы мемлекеттік бағдарлама аясында 2004 жылы археолог Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен арнайы экспедиция ұйымдастырылып, Шірік-Рабат қаласының орыны қайта зерттеле бастады. Толыққанды жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде еңбек құралдары мен патшалар жерленген қорғандар, жер асты жолдары, егін, мал шаруашылығының қалдықтары табылды. Құнды деректердің арқасында сол дәуірдегі мәдениет пен тұрмыс-тіршіліктің қандай болғанын анықтау ісі жеңілдей түсті.
9-12 ғасырларға тән тұрмыс заттары мен тұрғын үйлердің орыны сақ және массагет тайпаларының күнделікті тыныс-тіршілігін, өзге тайпалармен байланысын, мәдени ерекшеліктерін байқауға болады. Сонымен қатар, обалардан табылған үш адам да жерге киімшең, барлық құрал-жабдықтарымен бірге жерленіп отырған. Сол кезден-ақ тайпалық халық өзге бір тылсым күштің барына сеніп, түрлі ғибадаттар орындағаны да қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталды.
Ежелгі сақтар астанасы Шірік-Рабат қалашығының тіршілігі Жаңадария өзенінен су кетіп, арнасы бұрылып кеткеннен кейін ғана тоқтаған секілді. Бұл сол кездегі халықтың табиғи суға деген мұқтаждығын, тәуелділігін аңғартады.
Өткенді ұлықтау – келешек кепілі. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты осындай игі істерді атқаруға, тарихи һәм ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жөнінде «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасын табуына, еліміздегі тарихы терең киелі жерлерді қалпына келтіруге мұрындық болып отыр.
Бүгін біз «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты негізінде насихаты артып, қызығушылық көбейген сақтардың мұнаралы қаласы – Шірік-Рабат қалашығы туралы айттық. Жалпы, бұл кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес олжа. Бұған қоса, осы жоба елімізде, өңірлерде ішкі туризмнің дамуына тың серпін беретін болады.

Сонымен, Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12 нысан енгенін жоғарыда айттық. Қалған нысандар туралы мақаланы алдағы уақытта назарларыңызға ұсынатын боламыз.
08 тамыз 2018 ж. 986 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области