БЕГІМ АНА АҢЫЗЫ
Тарихи тұлғаларды мәңгі еске сақтауда ескерткіштер мен кесене белгілердің орны бөлек. Елбасының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылуда.
Аталған жобаның бірінші кезеңінде облыстан 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енді. Өйткені, Сыр өңірі – көне түркі мәдениетіндегі ежелгі эпикалық аймақтардың бірі. Мәселен, орта ғасырдағы оғыз аруы – Бегім ана жайындағы аңыздар талайларды қайран қалдырады. Ендеше назарыңызға Қарабура әулиенің қызы Бегім ана жайындағы аңызды ұсынамыз.
ХІ ғасыр тұсында Оғыздар тайпасының билеушісі Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Селжұқ елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады. Санжар сұлтан ел астанасын Қорасаннан Жанкент қаласына көшіріп, шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ел билеуден бөлек, саятшылықты серік еткен сұлтан Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлуға үйленеді. Көркіне ақылы сай, парасаты мол Бегім сұлу сұлтанды сан қырлы қасиеттерімен баурап алса керек.
Ел аузында, «Бегім анаға жасалған қастандықтың ақыры тұтас мемлекеттің күйреуіне апарды» деген аңыз кең тараған. Ол көптеген шығармалар мен дастандарға арқау болғаны да белгілі. Сол аңызға қайта оралайық: Санжар хан аңға шығып бара жатып үйінде қалып қойған қанжарын әкелуге құлын жұмсайды. Құл ханның жұмсағанын айтып, Бегім сұлудан қанжарды беруін өтінеді. Қанжарды аларда Бегім сұлудың аппақ қолын көрген құл есінен айырылып құлап қалады. Оның кешіккенінен күдіктенген ханға құл: «Ханым білегімнен ұстап, жібермей қалды» депті. Санжар ақ-қарасын тексермей, Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды.
Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!», депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасасам, тәңірі атсын. Ақпын, ата!» – дейді.
Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей, жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» дейді.
Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толған жылан екен. Жылан қала сыртына тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Көне аңыз желісі жайнап тұрған Жанкент шаһары қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болғанын айтады.
Ал, Бегім сұлу болса мұнара салдырып: «Мұнан былай еркек атаулыны көрмеймін» деп, қалған ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізіпті. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейіннен Бегім ана әулие атанады.
Бегім ана мұнарасы Арал ауданының аумағында. Жергілікті халық Бегім сұлуды тазалықтың белгісі санайды. Елі ардақ тұтқан сұлуды махаббатқа адал жан ретінде бейнеледі. Бұл аңыздың айтылып келе жатқанына он ғасырға жуық уақыт өтті. Аңыз түрінде тілге тиек етілетін әңгімені ұйып тыңдайсың. Бегім сұлудың ерекше қадір-қасиетіне таңғаласың. Әлі де ел жадынан өшпей келеді. Ұрпақтан ұрпаққа ұлағат болып тараған. Қанша уақыт өтсе де, халық Бегім ана мұнарасына тәу етіп, ол жерді қасиетті мекен санайды.
Бегім ана мұнарасы қазақ жеріндегі алғашқы мұнаралы ескерткіштердің тізіміне кіреді. Х-ХІ ғасырларға жататын сәулет ескерткіші болып саналатын мұнара қам кесектен тұрғызылып, шаршы пішінді күйдірілген кірпішпен қапталған. Ол сегіз қырлы призма іспетті күмбезбен жабылған.
Мұнараның діңі ортасына дейін монолитті, одан жоғары дөңгелек күмбезді камера орналасқан. Жоғарыда көрсетілгендей, Бегім ана аңызға арқау ғана емес, тарихтан хабар беретін бірден-бір сәулет ескерткіші.