Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БҰЛАНТЫ ШАЙҚАСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

БҰЛАНТЫ ШАЙҚАСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ


Әрбір ұлтжанды азамат өз халқының, өз елінің тарихын білуге ұмтылуы заңды құбылыс. Содан болар, әр тарихшы өзінше тарих беттерін өрбітіп жатыр. Бұл – өте ауыр да жауапты шаруа. Себебі қазақстандықтардың әр ғасырда өмірге көзқарастары әртүрлі болды. Бұған ұзақ жылдар бойы бодандықта болу көп әсер етті. Отан тарихын жазу үшін оны бірнеше кезеңге бөліп алу дұрыс сияқты. Қазақ тарихының жанашырлары да өз еңбектерін өздері өмір сүрген заманына лайықтап, кезеңдерге бөліп алған. Оның үстіне халқымыздың тарихында болып өткен көптеген, тіпті қарама-қарсы оқиғаларға дұрыс баға беріп, оқиғалардың сипаты мен мәнін дұрыс аша білу ғылыми негізге, бір заңдылыққа сүйенсе ғана шындыққа жетіп, халықтың көңілінен шығады. Мұндай талпыныстар Абай Құнанбаевтың («Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы») шығармасында кездеседі. Бұған дейін шетел ойшылдары мен ғалымдары қазақ тарихын үзіп-үзіп қағазға түсіріп кеткен.
Қазақтың белгілі ғалымы М.Тынышпаев қазақ дәуірін екіге бөліп қараса, С.Асфендияров қазақ дәуірін үш кезеңге бөліп суреттейді. «Қазақ ССР тарихының» авторлары да төл тарихты бірнеше формацияларға бөледі. Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында баяндама жасаған академик ағамыз М.Қозыбаев қазақ тарихын 9 дәуірге бөліп қарайды: 1 – қазақ даласында өмір сүрген тайпалар; 2 – сақ-ғұндар заманы; 3 – түркітектес тайпалар заманы; 4 – қыпшақтар; 5 – моңғол үстемдігі заманы; 6 – қазақ хандары; 7 – отаршылдық заманы; 8 – қазақ халқының кеңес империясының бұғауында болуы; 9 – егеменді ел – Қазақстан. Бұдан кейін де жас зерттеушілер қағаз бетінде көптеген пікірлер білдірді. Алайда, біз тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ тарихшыларының көшбасшысы, академик М.Қозыбаевтың пікіріне тоқтағанды жөн санаймыз.
Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы Ұлытау жерінде де тойланды. «Ұлытау – ұлт кіндігі» ғой. Сондықтан жоңғарлар Ұлытауды жаулап алуға үлкен мән берген еді. Бірақ бірінші рет осы жерде біріккен қазақ жасағынан жоңғарлар жойқын тойтарыс алды. Бұланты-Білеуті шайқасының басталған жеріне халық ескерткіш қойды. Құптарлық іс.
Осы жиында Бөгенбай мен Қабанбайдың, Кенже мен Апырдың, Жаулыбай мен Тайлақтың бірауыздылығы, бірлігі, достастығы сөз болды. Қабанбайдың Бөгенбай ауырып қалғанда Көкшеге емші алдыруы, Бөгенбайдың Әбілқайыр ханның тізесін ала отыруын көріп, «Бөкем өз орнын енді ғана тапты» деуі екеуінің достығын көрсетеді. Арғын, Найман болып бөлінбеуінің, іштарлықтың жоқтығының, адалдығының белгісі ғой. Болашақ ұрпаққа өнеге боларлық ата-бабасының істеріне көздері жетті. Оның үстіне әскери тапқырлық, қолда барды қалай пайдалануды да естіген болды. Мен жетпісті еңсергенімде, қазақ жылқы малын тамақ, киім, сусын, көлік ретінде пайдаланғанын білсем де, оны соғыста қару ретінде пайдаланғанын бірінші рет естідім. Үш жүз жыл өтсе де, ата-бабамыздың әскери тактиканы қалай меңгергені таңғалдырады. Мысалы, ата-бабамыз жоңғар шебін бұзуға он бес мың асау жылқыны пайдаланған. Асау жылқыларды бір айғырға бастатып, жау шебіне айдап салып, таптатып, сосын ғана адам күшін пайдаланған. Ол ол ма, сол жылқыларды бастаған айғырға қорым соғып сол биікті «айғырбасы» деп атаған ғой.
Ұлы Отан соғысында Кеңес әскері «Катюшаны» алғаш қалай пайдаланса, қазақ та асау жылқыларды солай пайдаланған сияқты. Сонымен жылқы малын қазақ халқы бірінші болып қолға үйретіп, өзіне серік, қару, сусын, тамақ, киім, көлік ретінде пайдаланған халық. Қазір қазақ елінің әр қаласында жылқы малына ескерткіш қою дәстүрге айналған. Бүгінге дейін жылқы малын осындай көп мақсатқа пайдаланған халықты көріп пе едіңіздер?! Оның үстіне Бұланты-Білеуті жерінде басталған жеңісті 1758 жылы Жоңғар мемлекетінің өз жерінде бітіріп, Жоңғар мемлекеті деген елді жер жүзі мемлекеттер тізімінен біржолата жойып жіберу қазақ халқының қолынан келді.
Жоңғар хандығы (1635-1758 жж.) – феодалдық мемлекет. Бір кездері Шыңғыс хан империясының сол қанаты болған. Олар күшейген сәттен бастап қазаққа еш тыным бермей, ақыры 1723 жылғы әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұласты. Біз ешкімге тиіспейтін жуас халықпыз, тиіскен жау, осы жоңғарлардың кебін киері сөзсіз. Негізінде, қазақ бір ауыз сөзбен жылағанды жұбатқан, діңкелегенді демеген, жасығанды жігерлендірген, түңілгенге үміт отын жаққан. Кішілікпен іріленетін, ойшылдықпен кемеңгерленетін, барлық мәселені келіссөзбен, дипломатиялық жолмен шешетін халық қой...
Сонымен ұзын сөздің қысқасы, қазақ халқы жоңғар хандығын 1758 жылы біржолата жойып жіберді. Сөйтіп екі ғасырдай соғыста қазақ елін мүлде жойып, жерін жайлап, халқын құлдыққа айналдырамын деген Галден Церен өз жерінде жер жастанды.
Осы жылы Бұланты-Білеуті шайқасы басталған жерде батырларымызға халық өздері ескерткіш қойды. Бірақ көбісі елге толық таныс емес, олар туралы деректер жоқтың қасы. Сондықтан бұл мәселе болашақ ұрпаққа, тарихшы ғалымдарымызға аманат болады ғой деп сенеміз. Соңғы кезде шыққан кітаптардың арасынан Камал Әбдірахманұлының «Қаракерей Қабанбай» (2008 жыл) шығармасы тарихи деректерге, жырларға, құжаттарға негізделіп жазылыпты. Сондай-ақ, Тұрмағанбет Исмағұлұлының «Шұбыртпалы Жаулыбай батыры» (2006 жыл) естеліктер негізінде жазылып, халықтың қолына тиді. Бұлар аздық етеді. Апыр батыр, Кенже батыр (Малайсары батырдың ұлы), Тайлақ батырлар және т.б. туралы деректер өте аз.
Тектілік ізі. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлы шайқастарында Абылай хан туының астына бірігіп, жауға қарсы ерлігімен танылған батырдың бірі – Апыр батыр.
Апыр батыр 1700 жылдары қазіргі Ұлытау ауданы Үлкен Бұлақ деген жерде дүниеге келіпті. Туған кезде-ақ нәресте ірілігімен жұртты таңғалдырған екен. Сол кезде ауылда 90 жастан асқан кейуана бесікке салуға келіп, «апырай, мұндай ірі бала туады екен ғой» деп таңғала беріпті. Баланың аяғы бесікке сыймай, шығып жатқан екен. Содан ауыл адамдары осы кейуанаға «өзіңіз баланың есімін қойыңыз» деп қолқа салған. Содан күні бойы таңғалған ана «апырай, апырай» дей беріппін, бұл нәрестенің аты «Апыр» болсын депті.
Өсе келе, Апыр өзінен жасы үлкен балалармен ойнап, күреске, жарысқа, т.б. ойындарға әуес болыпты. Жас кезінде атпен теңге алу, аударыспақ, көкпар ойындарында көзге түскен, одан басқа жылқы күзетінде, барымта болғандарын іздеп тауып әкелумен айналысыпты.
Жоңғарлардың қазақ еліне шабуылы Апырды да намысқа жүгіндірмей кете алмады. Содан өзі бастап ауыл азаматтары мен туыстарының басын қосып, бірнеше жүздеген адаммен Қабанбай батырдың жасағына қосылады.
Осы жерде Апыр өзінің ерліктерімен көзге түсіп, Қабанбай батырдың туын ұстау мәртебесіне дейін көтеріліп, көптеген ұрыстарда аты шығады. Бұл тудың діңгегі осы уақытта Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде сақтаулы тұр. Дене бітімі зор, алып күштің иесі болыпты, талай жекпе-жектерде жеңіске жетіпті. Қанжығалы Бөгенбай батыр Апырға «Ерлік көрсеттің, талай жаумен жекпе-жекте жеңіске жеттің, батыр атына лайық екенсің, – деп өз алдаспанын сыйға тартыпты.
Елді жоңғарлардан азат ету кезінде Қабанбайдың бөлек тапсырмасымен Апыр қырғыз батыры Шабдарханды тізе бүктіреді. Шабдархан жоңғар жағында болып, қазақ ауылдарын шауып, малдарын айдап, қыз-келіншектерін алып кетіп отырған. Сол батырды Апыр арнайы іздеп, ұйықтап жатқан жерінде, бұлақтың басында найзасымен табанынан түртіп оятып, елінің кегін алуға келгенін айтып, жекпе-жекке шақырады. Қырғыз батыры оның ұйықтап жатқанында басын алмағанына ырза болып, үш жылғы шауып алған малдарын есесімен қайтарыпты, сыйлыққа түйе бастаған «тоғызын» беріп, өзінің қызын Апыр батырға қосып, той-думан жасап шығарып салыпты. Бұдан кейін Шабдархан батыр жоңғарға қарсы қазақ жағына шығып, талай соғыстарға қатысыпты.
Сол қырғыз қызынан тараған Апыр батыр ұрпағы өсіп-өніп, үлкен елге айналып, Ұлытаудың бөктеріндегі Сәтбаев қаласында 300-ге тарта түтін болып, ел игілігіне қызмет етуде.
Апыр батыр Қожа Ахмет Яссауи кешенінде жерленген. Қазір сол мешітте жерленген хандар, билер мен батырлардың тізімінде 123-ші болып тіркеулі тұр.
Негізінде Жарылқамыс, Жалаң, Сүйін, Бөлек, Бөрібай, Апыр, Тәнеке (Тәнке) батырлар – бүкіл найманның ұранына айналған Қаптағай батырдың ұрпақтары.
Тәнеке батыр – Апыр батырдың немересі. Тәнеке қазіргі Ұлытау өңіріндегі Арғанаты тауларының бөктерінде Тасқора деген жерде туыпты. М.Тынышпаевтың деректері бойынша, ол 1835-1840 жылдары өз руы Матаймен бірге Қапалға көшіп кеткен, Кенесары ханның кегін алушылардың бірі.
Кейбір деректерде Тәнеке батырды қазіргі Талдықорған облысы Лепсі өзені жағасындағы Арғанаты тауының бөктерінде туған дейді. Кейінгі ұрпақтары бабаларының есімін есте қалдыру үшін Тәнеке батырдың атына ұқсастырып, Дәнеке, Күлеке деп атаған. Қазіргі «Жезқазған-Қызылорда» тас жолының сексенінші шақырымында Тәнеке (Тәнке) батыр аталған өзен-жыра бар. Ол өзеннің бойында Тәнеке немересі Жайықбай қыстағының орны, шегенделген Жайықбай құдығы бар. Осы уақытқа дейін одан су ішуге болады.
Тәнке батырды Тәнеке деп оның ұрпақтары көпке дейін шындықты жасырып келген. Кенесары Қасымов пен оның көмекші-жақтастары патша үкіметі мен КСРО кезінде көптеген қуғынға ұшырап, қысым көргені тарихтан белгілі. Қазір ғана Кенесарының аты шығып, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы ретінде танылды. Кенесары ханды өз заманының қайталанбас тұлғаларының бірі ретінде қарастырған жөн. Себебі, патша үкіметі қазақ жерін, байлығын барымта ретінде пайдаланып, әскери бекіністер салып, қазақтарды ата қонысынан айырып, мал жаятын жаңа жерлерді іздеуге мәжбүр етті. Оның үстіне патша үкіметінің алым-салығы жай халыққа ауыр тиді. Осылардың бәрі халық наразылығын тудырды. Бұдан 100 жыл бұрын, 1730 жылдары өз еркімен қосылған халықты Ресей патшалығының өктем саясаты Кенесары сияқты батырлары арқылы қарсы шығуға мәжбүр етті. Басқа елге, ұлтқа бодан болмай, тәуелсіз қазақ елін құру оның басты арманы болатын.
Жоғарыда аталған батырлардың ішінде Бөлек батыр туралы деректер өте аз. Оған ұлытаулықтар мен ақтөбеліктер таласып қалып жүр. Себебі, жоңғарлармен соғыста Бөлек батыр ауыр жарақаттанып қалады. Содан Әлім руының азаматы майдан алаңынан оны алып шығып, үйіне әкеліп, емдеп, өздерінің қызын қосады. Қазір олар – бір тайпа ел.
Тағы бір айта кететін мәселе, Бұланты өзенінің жартастарында осы уақытқа дейін сақталып келген жазулар, суреттер Бұланты-Білеуті шайқасынан маңызды деректер беретіні сөзсіз. Егер біздің мамандар өз кабинеттерінен шықса, мүмкін болашақ жастарымыз зерттер, егер олар сол уақытқа дейін сақтала қойса.
Тарихты жаңғыртып, оны келер ұрпаққа аманаттау – аға буынның тынымсыз еңбегін қажет етері даусыз. Жаңа мақалада сөз болған Бұланты шайқасы басталған жерге дейін жол салынса, құба-құп болар еді. Негізінде бұл жер Ұлытау ауданы Байқоңыр кентінен 15-20 шақырымдай, «Жезқазған-Бейнеу» темір жолынан көрініп тұрған жер. Сондықтан да, бұл ұсыныс Қазақ темір жол басшыларының құлағына жетер деген ойдамыз. Осы жолды салуға себепші болған басшылар болашақ ұрпақтың мың да бір алғысына бөленер еді. Қазақ-жоңғар соғысының мәні (1711-1758) Куликово, Бородино және Отан соғысының мәнімен бірдей деп қарастыру қажет. Ұлы Отан соғысының жеңісін қалай дәріптесек, ата-бабамыздың жоңғар хандығымен шайқасын дәріптей білуіміз қажет. Бұл орайда Бұланты шайқасының тарихи да, рухани маңызы зор.

Дәрмен ОРАЗБАЕВ
12 қазан 2018 ж. 1 715 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области