ЕЛ ҮШІН ТУҒАН ЕР ЕДІ
Қазақ елін Кеңестер Одағы деген алып держава билеп тұрған 1930 жылдардың соңында ұлт зиялыларының басына үлкен нәубет төнді. Сол 1937 жылы басталған халқымыздың сорпа бетіне шығардай таңдаулы зиялы қауымын қудалау жүйелі әрі ұзақ уақыт жүргізілді. Бұл жылдары мемлекеттік басқару орындарындағы және өнер, әдебиет, мәдениет салаларындағы ұлт зиялыларына соққы болып тиді. Оларға «жапонның шпионы», «Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуға әрекет жасады» деген сияқты қисынсыз айыптар тағылды.
Осы жылдары қазақ елінің мақтанышы болған жүздеген, мыңдаған зиялы қауым өкілдері түрмеге жабылды. Оларға түрлі айла-шарғылармен жала жабылып, ақырында басым бөлігі ату жазасына кесілді. Олар мемлекет және қоғам қайаткерлері, ақын-жазушылар, жоғарғы оқу орындарының басшыла-ры мен ұстаздары еді. Еліміз егемендігін алғаннан кейін заманында бүкіл қазақ жұртының мақтанышы болғандары үшін жазықсыз атылып кеткендер толық ақталып, олардың есімдері ұлықталып, еңбектері кең көлемде насихаттала бастады. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті публицист, әдебиет сыншысы, философ, профессор Ілияс Жүсіпұлы Қабылов та бар еді.
Ілияс Қабыловтың өмірі мен қызметі жайлы республикалық басылымдарда тарихшылар мен журналистердің көптеген зерттеу материалдары жарияланды. Оның қазақ мемлекетінің дамуы мен өркендеуі жолындағы қызметімен қазақ руханиятына қосқан зор үлесі біршама дәріптелді. Қайраткер жерлесіміздің есімін мәңгі есте қалдыру шаралары ауылдық, аудандық, аймақтық, республикалық деңгейлерде лайықты дәрежеде іске асырылды. Алматы қаласы мен еліміздің бірнеше ірілі-ұсақты елді мекендерінде оның атында көшелер болса, Жамбыл облысы мен Қызылорда қаласында оның есімімен аталатын орта мектептер бар. 1980 жылдардың орта шенінде байырғы ұстаздар Көшекбай Ералиев, Шайхыслам Жалбыров, Бейбіт Оразымбетова, қаламгер-шежіреші Тұрлыбек Деменов, жоғары дәрежелі ардагер ұстаздар Тәуекел Төремұратов, Шәкизада Әленов, КСРО ІІМ-не еңбегі сіңген қызметкер, ҚР ІІМ-нің «Құрметті ардагері», ішкі қызмет подполковнигі Шалқар Оразымбетов, соғыс және еңбек ардагері Жүніс Бисенбаев пен еңбек ардагері Қонысбай Сәрсенбаев сияқты ұлтжанды азаматтар ауыл мектебі мен бір көшеге оның есімін беру жайлы бастама көтерген екен. Бұл игі бастаманы №32 1 май орта мектебінің педагогикалық ұжымы мен ауыл еңбеккерлері түгел қолдап, тиісті орындарға ұсыныстар жолданыпты. Ел ағалары мен ұстаздардың, ауыл еңбеккерлерінің игі тілектері қолдау тауып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1985 жылғы 15 наурыздағы №95 қаулысымен ауылымыздағы орта мектепке мемлекет және қоғам қайраткері І.Ж.Қабыловтың есімі берілді. Жергілікті атқарушы орындардың шешімімен Мәдениет ауылындағы бір көше осы кісінің атымен аталады.
Ілияс Қабыловтай қайраткердің өнегелі өмірі мен еңбек жолы жайлы түрлі басылымдар мен ғаламтор желілеріндегі мәліметтерде оның 1998 жылдың 15 мамырында ғана толық ақталғандығы айтылады. Қазақ елінің мемлекет болып қалыптасуы мен ұлт руханиятына оның қосқан үлесінің өлшеусіз екенін осы мәліметтерден де аңғаруға болады.
Біз бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті публицист, әдебиет сыншысы, философ І.Ж.Қабыловтың мемлекеттік-қоғамдық қызметтері мен руханият саласындағы еңбектеріне тоқталмаймыз. Бұл туралы кезінде кәсіби журналистер, тарихшылар, әдебиет зерттеушілері түрлі басылымда жариялады. Қазіргі кезде оның еңбектері жайлы жазылғандар көптеген кітап түрлі басылымда методикалық оқулықта, ғаламтор желілерінде кең көлемде кездеседі. Оны өзіміздің ауылдан шыққан қайраткер ретінде барлығымыз жалпылама білеміз. Ал, оның шыққан тегі мен өмір сүрген ортасы, отбасы мен ұрпақтары жайлы аз білетін сияқтымыз. Бала кезімізде сөзінің әлқисасын «Өстемірдің Мырзатайында Жүсіптің Ілиясы өткен» деп бастап алып, таңды атырып барып әңгімесін доғаратын құйма құлақ әңгімеші қариялар ауылда көп болушы еді. Осындай қариялардың сарқытын ішкен Тұрлыбек, Қонысбай, Тұрсынбек сынды көптеген ағамыз бен біздердің тұстастарымыз дастарқандас болып, олардың әңгімелерін тыңдадық.
Ол Қуаңдария бойындағы Ақтайлақ-Кезең деген жердегі болыстықта өмірге келген. Бұл аумақ 1928- 1929 жылдарға дейін бүгінгі мәдениеттіктердің ата қонысы болған. Бір деректер бойынша ол әдепкіде Дәулетназар ахун мешітінде білім алған деп те айтылады. Бірақ, әкесі Жүсіптің 1911 жылдан бастап Ақмешіт, Әулиеата, Ташкент өңірлеріне қоныс аударғандығы жөнінде ресми дерек бар. Демек, бала Ілияс Дәулетназар ахуннан аз ғана уақыт дәріс алған сияқты. Қаламгер-шежіреші марқұм Тұрлыбек Деменұлынан жеткен деректер бойынша Ілияс атамыздың әкесі Жүсіп аздаған сауаты бар, еті тірі, жетім өскен кедей жігіт екен. 1911 жылы әуелі Ақмешітке, сонан соң Әулиеата, Ташкент өңірлеріне қоныс аударыпты. Қоныс аударуларының негізгі себебі, әлеуметтік жағдайларының қолайлы болмағандығынан болса керек. Бір аяғының кемістігі бар, ақсаңдап жүретін Жүсіп осылайша тіршілік тауқыметімен бірнеше жерге көшіп-қонған. Бірақ, бұл көшіп-қонулар бала Ілиястың білімді азамат болып өсуіне оң ықпалын тигізген. Көне мұралардың жанашыры болған марқұм Тұрекең ағамыз «Бір аяғы ақсақ, еті тірі Жүсіп Ақмешіт, Әулиеата қалаларында темір жол бойында жұмыс істепті. Оның Әулиеатадан Ташкентке бала-шағасымен оңай көшіп баруына да осы темір жолда жұмыс істегені сеп болған сияқты. Ілияс Жүсіпұлының Ташкентте 1918-1922 жылдары еңбек коммунасынан алған орталау білімі оны үлкен мемлекеттік қызметтер атқаруы мен қайталанбас публицистикалық туындылар жазуына бастап апарған алғашқы қадам болғаны анық» деп қағазға түсірген екен. Ілияс атамыз шыққан әулеттің тумасы Дүйсен Жаңашұлының айтуынша, Жүсіптен екі бала болған. Олар Ілияс, Қалиястар болса, кіші інісі Әлиясты да өз тәрбиесіне алған. Соңғы екеуі Ақмешіт өңірінде өмірге келген. Ағалары Ілияс ұсталып кеткен соң, Қалияс пен Әлияс бас сауғалап шет мемлекеттерге өтіп кетіпті. Олардың шет елдерге қашуларына сол кездердегі мемлекет басындағы өте ықпалды бір кісі көмектескен көрінеді. (Ел арасында ауызша айтылған деректерде алғашқы прокурор С.Есқараев немесе А.Қойшығұлов болуы мүмкін деген сөз де айтылған екен) Ілияс атамыздың үлкен ұлы Зенон Қабылов мемлекет басында жоғары лауазымды қызмет етіп жүргенде әкесінің інілерін іздестіріпті. Оның ағасы Қалияс Греция мемлекетінде тұратын болыпты. Ол Алматыда тұрғанның өзінде сол кездерде қазақ баласына таңсық виолончель аспабында ойнайтын композитор, музыкант екен. Зенон ағамыз іздеп тауып артынан барғанда, ол Афина қаласындағы концерттік ұжымдардың бірінде өнер көрсететін әртіс болып шығыпты. Әйелі басқа ұлттың қызы, ал өзі қазақша-орысша мүлдем сөйлемепті. Ағайынды Қабыловтар сол жолы аудармашы арқылы тілдескен. «Ал, Әлияс бауырымнан мүлдем дерек таппадым» деген екен сол жолы Дүйсекеңмен болған әңгімеде Зенон Ілиясұлы. Дүйсен Жаңашұлы тектінің тұяғы Зенон Ілиясұлымен соңғы рет Алматы қаласындағы інісі, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Исабек Жаңашұлының мерейтойынан соң академик Әбдімәлік Нысанбаев екеуімен бір күндей бірге болыпты. "Сол жолы Зенон ағамыз шешіліп көп әңгіме айтты. Бұрын інім Исабектің үйінде ара-тұра кездескенімізде сыр шашпаушы еді. «Менің ұлты басқа Ирина Петровнаға үйленгенімді кезінде көп ағайындар түсінгісі келмеді. Әкем атылған соң бізді Тольятти қаласына жер аударды. Сол қалада осы Ирамен танысып, отау құрдым, оқып, жоғарғы білім алдым. Менің ер жетіп, білім алып, азамат болып қалыптасуыма олардың әулетінің зор ықпалы болды. Алматыда әкеміз Ілиястың маңайындағылар бізден сырт айналғанда, біздер жылылық пен қамқорлықты Тольятти қаласындағы орыс интеллигенттерінің отбасынан көрдік. Кейін осы жұбайым Ирина Петровнамен отбасын құрып, олармен туысқан болдық. Біздердің көргенімізді ендігі ұрпақ көрмесе екен» дегені есімде дейді, текті атаның тұяғы Зенон ағамызбен ұмытылмас соңғы кездесуін есіне түсірген зейнеткер Дүйсен Жаңашұлы. Бұл – 2005 жылғы кездесуде айтылған әңгіме. Ал, Зенон Ілиясұлы Қабылов 2007 жылы 79 жасында Алматы қаласында қайтыс болды.
КСРО ІІМ-не еңбегі сіңген қызметкер, ҚР ішкі істер органдарының құрметті ардагері Шалқар Оразымбетов ағамыз мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының көрнекті өкілі Ілияс Қабыловтың отбасы мен ұрпақтары және олардың кейінгі тағдырлары жайлы айтарлықтай біледі екен. Ол сонау алпысыншы жылдардан бастап текті әулеттің ұрпақтарымен танысып, Ілияс Жүсіпұлының үш ұлы Зенон, Шамиль, Ораздың көзін көріп, олармен араласып тұрыпты. Шәкең ағамыздың айтуынша, Зенон Ілиясұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумында бөлім меңгерушісі болып қызмет істесе, Шамиль Ілиясұлы Қазақстан КП Орталық комитетінде Іс басқармасы меңгерушісінің орынбасары болып, жоғарғы партиялық-мемлекеттік қызметтер атқарыпты. Ал, Ораз Ілиясұлы жоғарғы дәрежелі дәрігер екен. Ол – медицина ғылымдарының кандидаты, білікті дәрігер ретінде таныла бастағанда ауыр науқастан ертерек қайтыс болып кетіпті. «Мен өзімнен бір жас қана үлкендігі бар Зенон Ілиясұлымен етене жақын араласып тұрдым. Оның әйелі орыс қызы болса да, көркіне ақылы сай әйел болды. Адам жатырқамайтын бекзат әйел, қазақтың тілін білмесе де, салт-дәстүрімізді жақсы білетін әрі керек жерінде орнымен ұстана білетін» дейді көпті көрген Шалқар ақсақал. Ілияс Қабылов ішінара ақталған соң оның жанұясы Алматыға оралыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, текті атаның ұрпақтары әке аманатын ақтап, лауазымды қызметтерде жүріп, елге абыройлы, адал еңбек етті.
«Біз қиын заманда таныстық, ешкім ашып әңгіме айтпайтын уақыт болатын. Ақтың оты өшпейді деген осы ғой» дегенді айтқан Шалқар ағамыз қайраткер Қабыловтардың әулеті жайлы тағы да мына деректерді айтты. Зенон Ілиясұлының Галина, Виктория деген екі қызы болса, үлкені Галина медицина ғылымдарының докторы, Үндістанда қызмет етіп келген білікті дәрігер екен. Ал, Шамиль Илиясұлының жұбайы ұйғыр ұлтының қызы, оның бір ұлы, бір қызы бар, олар қазір Алматы қаласында тұратын көрінеді. Ерте қайтыс болған Ораз Ілиясұлының әкелерінің есімімен аталатын Ілияс деген баласы мен бір қызы бар болып шықты. Текті әулеттің жұрағаты Зенон Ілиясұлы «Шәке, әкем мен отбасымыздың мына жансыз бейнелерін өзіме ниеттес туысқан ретінде сізге ұсынамын» деп жанұясының және әкесі Ілияс Жүсіпұлының 1936 жылы түскен суреттерін беріпті Шалқар ағамызға. Өзі 1950 жылдардың ортасында Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті кезінен құнды ескерткіш ретінде қастерлеп ұстап келе жатқан суретті көрсеткен қадірменді Шалқар ағамыз «Қайраткерлігінде шек жоқ Ілияс ағамыздың туғанына биыл 110 жыл толады. Осыған байланысты, қажеттеріңе жаратқан соң өзіме қайтарарсың» деп, тарихи құнды суретті де берді. Бұл бұдан бес жыл бұрынғы оқиға еді.
Осы тұста қайраткер Қабыловтың нағыз туысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбатқан Түйешиев жайлы айтып өткенді жөн санадық. Ілияс Қабыловтың ұрпақтары сонау 1956 жылы өздерінің ата қоныстары Мәдениет ауылының топырағына табандарын осы кісінің көмегімен тигізген екен. Қайраткердің аталас туысы, майдангер Жұбатқан Түйешиев ағамыздың өзі де соғыста тұтқынға түскені үшін жазаланған. Бірақ, сол 1956 жылы толық ақталып, Ташкент қаласының түрмесінен шыққан бойдан Алматыға барып, қайраткер туысының ұрпақтарын тауып, оларды елдегі ата қоныстарына алып келеді. Осы жайлы бізге мәлімет айтушы Қабыловтар шыққан әулеттің тағы бір тумасы Ерділда Рахметов «Ол кездерде Ілияс Қабылов толық ақталмаған еді. Өзі жазадан ақталған бойда әлі де ақталмаған қайраткер туысының ұрпақтарын іздеген Жұбатқан ағамыздың ісін нағыз бауырмалдылық, тіптен ұлтжандылық деп бағалауға да болады» дейді. Жұбатқан ағамыз елге алып келгеннен кейін қайраткердің ұрпақтары өздерінің ата қоныстарына алғаш рет табан тіреп, ағайындарымен қауышты. Жұбатқан ағамыздың бұнысы ақжолтайлық болып, осыдан кейін қайраткердің ұрпақтары елдегі ағайындарынан, туған топырақтарынан байланыстарын үзген жоқ.
Ал, ұзақ жылдар партия қызметкері болған, ауыл ақсақалы, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» Көптілеу Тоқсанов ағамыздың да дара тұлға, қайраткер жерлесіміздің ұрпақтары мен отбасы жайлы өз айтары бар. Оның айтуынша, Ілияс Жүсіпұлының жұбайының есімі Айша екен. Ол кісі қоғам қайраткері Сара Есова апамыздың жақсы сыйласқан жақын құрбысы болыпты. Көбекең ағамыз Қазақстан КП Орталық комитетінде жоғары лауа- зымды қызметте болған Шамиль Ілиясұлымен аз уақыт қарым-қатынаста болып, жерлес аға-іні ретінде сыйласқан. «Алғаш рет Қазақстан Орталық партия комитетінің жаңа ғимаратында жеке мәселемен басқа бөлімге барғанымда оған арнайы кіріп сәлем беріп, таныстым. Онан кейін Алматыдағы партия қызметкерлеріне арналған демалыс үйінде бірге болдық. Тектінің тұяғы Шамиль ағамыз соншалықты жоғары қызмет басында отырса да өте кішіпейілділік көрсетті. Елдегі ағайынның, жалпы Сыр өңірінің хал-ахуалына тілеулес болып отырды. Бойынан салқындық емес, бекзаттық анық білініп тұрды» дейді көпті көрген Көптілеу ағамыз.
Жазықсыз айып тағылып, ату жазасына кесілген, кезінде Ташкентте, Мәскеуде, Ленинградта білім алып, Қазақстан Өлкелік Партия Комитеті мен Қазақ АКСР-і Жоғарғы Кеңесінде лауазымды қызмет етіп, «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Казахстанская правда» газеттерінде публистикалық құнды мақалалар жариялаған, Ташкент пен Алматының жоғарғы оқу орындарында дәріс оқыған профессор, сыншы-философ, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың туғанына биыл 115 жыл толады. Қайраткер жерлесіміз жайлы ресми деректерді көпшілік қауым жақсы білгенімен, оның шыққан ата-тегі, ұрпақтары және олардың кейінгі тағдырлары жайлы білетіндеріміз кемшіндеу екенін сөзіміздің басында айттық. Өткенді құрметтеу ата- бабаларымыздың әлімсақтан бергі бізге жеткен жақсы дәстүрі. Біз де осыны ұстанып, бүкіл қазақ қауымының мақтанышы болған, Ілияс Қабылов пен оның отбасы және әулеті жайлы ресми мәліметтерде кездеспейтін жинаған-терген деректерімізді көпшілік оқырманмен бөлістік.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.