Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » М.Тынышбайұлы туралы тың дерек

М.Тынышбайұлы туралы тың дерек

Kyzylorda-news.kz. «Алашорданың» белді мүшесі Мұхамеджан Тынышбайұлының өмірі жайлы Ташкенттік тарихшы тың жаңалық ашса керек. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алар тұлғалар аз емес. Соның бірі М.Тынышбайұлының осыған дейін айтылып келгендей Ташкентте атылмаса керек...

Мұхамеджан Тынышбайұлы – Түрксиб темір жолының салынуына зор үлес қосқан қазақтың тұңғыш инженер-теміржолшысы. Теміржолдардың салынуы арқылы халқы жарқын болашаққа жетеді деп сенген, соны армандаған инженер-теміржолшы өмірінің соңғы кездерін ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңында Ташкентке қуғындалып сол жақта өткізген. Тынышбаев атылды деп есептеді Қазақстан. Бірақ оның ату жазасына кесілмегенін Ташкенттегі архивтердің ашылуы дәлелдеп отыр.
Әлихан Бөкейхан басқарған «Алашордашылардың» құрымында болған Тынышбайұлы саяси көзқарасын ашық білдіргені үшін қуғынға түседі. Кейін өзге де Алашшылар секілді Кеңес үкіметін мойындайды. Десе де, үкіметті мойындауы оны қуғыннан аман сақтап қалмайды. «Материалы к истории казах-киргизского народа», атты еңбегі үшін қызылдар оны жау санатына жатқызып, тізімге енгізіп қойған. Қанша жерден «қылмыскер» болса да Тынышбаевтың мамандығы жаңа көтеріліп келе жатқан мемлекет үшін сол кездерде ауадай қажет мамандық еді ғой?! Білікті инженер саусақпен санарлықтай ғана болғанын есепке алсақ оның ату жазасына кесілмей аман қалуы да әбден мүмкін.
НКВД органдарымен тұтқындалған М.Тынышбаев 1930 жылдың аяғында Ташкентке жіберіледі. Қаладан шығуына қатаң тиым да салынады. Ташкент Мемлекеттік Университетінің тарих ғылымдарының профессоры Шерінбек Оразаевтың айтуынша Тынышбаев ату жазасынан бұрын өзінің ауыр науқасының салдарынан көз жұмған. Профессор Шерінбек Оразаев Ташкент МҚК мұрағатындағы Мұхамеджан Тынышбаевтың ісін көріп, онымен танысқан көзі тірі жалғыз адам екенін орайы келгенде айта кетелік.
«Ташкент абақтысының кезекті дәрігері Попов, дәрігер Косолапенко Тынышбаевтың өлгені жайлы акт құрастырды»... Шерінбек Оразбаев Өзбекстан МҚК (КГБ) мұрағатынан осындай жазбаны көргенін айтады. Сол кезде жазықсыз айыпталған, қуғынға түскен Тынышбаев бертінде ақталды. Уақыт – тарихтың адал үкімін шығарушы.

Қазақ Ташкенттен не себепті айырылды?
Ғасырлар бойы бірге ғұмыр кешіп, бірге жасасқан түбі бір өзбек пен қазақта сонау Қоқанның өзін қыпшақ Әлімқұл, Мұстафа Шоқай, Құдияр, қоңырат Мұхамеджан Тынышбаев пен Нәзір Төреқұлов басқарған, Ташкентті билеген дулат Төле би, сарыүйсін Сыбанқұл, шанышқылы Тұрсын хан секілді жарқын перзенттер аз емес. Қазақтар Шаш деп атаған Ташкент шаһары екі халыққа ортақ, кейін бейтарап қала болған. Өзбекке астана болғаны бертін ғана. Екі халық арасында пәлендей бөлініп-жарылу, шекара деген бола қойған жоқ.
Қуыршақ ретінде көптеген дербес республикалар өз алдарына шаңырақ көтеріп, Кеңес өкіметінің қарауына біріктірген өткен ғасырдың 17 жылында орын алған Қазан төңкерісі. Миллиондаған адамдардың қаны төгіліп, шыбын жандарын қиған аталмыш төңкерістен кейін Кеңес үкіметі орнап Түрікменстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикалары Түркістан автономиялық өлкесіне топтасып, біраз жыл Ташкент қаласынан басқарылды. Анығырақ айтқанда, Қазақстанның (ұлан-байтақ) бөлігі өз алдына жеке автономиялық республика делінді де, бұл әкімшілік орталыққа Қазақстанның оңтүстік облыстары ғана енді. Қазақтардың ежелгі мекені Орынбор қаласы (кейін Ресей құрамына өткен) – Астана ретінде белгіленді. (Қазақ жері болмаса Орынбордың қазаққа астана аталуы мүмкін еместігі айтпаса да аян).
Түркістан өлкесінің орталығы Ташкент қаласындағы мәдени, әдеби, оқу-ағарту салаларында қазақтардың саны басым, тиісінше ықпалы мол болды. Өлке басшыларының дені Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, т.б. секілді қазақтартұғын. Қолын кеш сермеген, ойланбастан опық жеген қазақтар үшін бұл үлкен өкініш, үлкен ұтылыс еді. Себебі, қазақтар сауда жолдарының маңызды жүйелерін қолынан шығарып, ғасырлар бойы иелік еткен суармалы, құнарлы жерлерінен айырылды. «Халық жауларын» талқандау, оңтүстік өңірде тамырын тереңге жіберген «Алашорда» партиясының күйреуі, осының бәрі 30-жылдардағы сталиндік геноцидтің бастамасы іспетті еді. Көптеген газет-журналдар қазақша шығып, жоғары және орта дәрежелі оқу орындарының көбінде қазақ тілінде дәріс жүріп тұрды. Зиябек Рүстемов, Ахмет Байтұрсынов, Құрманбек Жандарбеков, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Жапал Омарова, Халел Досмұхамедов сынды тұлғалар осында қызмет атқарды. Қысқасы, қазақтың мәдени орталығы сол кездегі Ташкент қаласы деуге толық негіз бар-тын.
Қаладағы өзбектердің саны жағынан молдау екені растұғын. Десе де қаланы қоршаған айнала төңіректегі халықтың басым бөлігі қазақтар болғандықтан және кәсіпорындар мен ірі сауда мекемелерінің, зауыттар мен фабрикалардың қазақтардың иелігінде болғаны ескеріліп, Ташкент қаласы ресми тұрғыда пәлен ұлтқа тиесілі деп саналмайтын. «Солардың ішінде Жамал Омарованың әкесі Омардың бір өзінде қаншама жылжымайтын мүлік – табыс көздері болғаны бес саусақтай белгілі-тін», дейді Жамал Омарованың жақын туыстарының бірі. (Омар кейін қаладағы бау-бақшаға бөленген үйі мен бір дүкенінен басқасын мемлекет қарауына өткізгеніне қарамай 1937 жылы әуелі халық жауы делінді. Кейін атылып кетті. Тума-туыстарының бірсыпырасы «халық жауының» жақындары ретінде есептеліп репрессияға ілікті).
Түркістан өлкесі арада бес, алты жыл өтер-өтпесте тарап, өзбектер өз алдына, қырғыздар өз алдына дербес республикаға айналды. Қырғыздың астанасы бұған дейін Фрунзе қаласы, ал Самарқан қаласы өзбектін астанасы еді. Бұқар республикасы құрамында (Өзбекстанға қарамайтын) Түрікмен мен Тәжік (кейін олар да жеке бөлініп шықты) болды.
Міне, осы шақтарда Ташкент қаласын өзбектерге астана етуді бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы шешу қызу қолға алынып, аяқ астынан осы жөніндегі әңгімелер көтерілді. Ташкент қаласы үшін талас басталды. Оны иемдену үшін сарт (өзбек емес), өзбек, қазақ секілді үш халық өкілдері әрекетке көшті. Осы мәселенің басы-қасында – Өзбекстан Министрлер Кеңесінің сол кездегі төрағасы (семейлік қазақ) Сұлтан Сегізбаев, өзін өзбек емес, сарт деп санайтын Акмал Икрамов, сондай-ақ Тұрар Рұсқұлов (кейін РСФСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған) тұрды. Алғашқы топтардың бірі қазақ та, бірі өзбек болса Ташкент үшін тайталасқан сарттардың жөні басқалау еді. Ташкентті иеленіп, сол арқылы бүкіл Өзбекстанға билік жүргізгісі келген сарттар орыстардың мещандары сияқты, өздерін өзбек деуге арланатын еді. Жалпы «сарт» деген сөз қазақтарға ұнамайтын. Дала қазақтары тұрмысқа қажетті заттарды қымбат бағаға сатып, көп алып, аз беретін, ауыл-ауылды аралап, ұсақ сауда-саттықпен айналысатын өзбектерді де сартқа балап жақтырмайтын, оларды көргенде кірпідей жиырылатын. Оларға күдік-күмәнмен қарап, сақтанатын. Бір қызығы, өздерін сартпыз дейтін сабаздар Ташкент маңындағы қазақтар ішінде де болды. Мол табыс әкелетін сауда дүкені немесе кәсіпорны болуы, қаланың көрнекті жерінде орналасқан салиқалы мекен-жайы, міндетті түрде өзбек тілінде сөйлеу керегі сияқты сол кезде де, оған дейін де сарт атанудың үш шарты болатын. Осы үшеуіне ие болған адам ғана сарт делінді. Және олар өздерін көсемсуге, махалла шайханаларында басқаларға ақыл айтып отыруға тиіспіз деп есептейтін.
Сонымен, қазақтардың сол уақыттардағы ірі мәдени орталығы болған Ташкент үшін талас басталып, аққу, шаян, шортан сияқты Сұлтан Сегізбаев (семейлік қазақ) өзбектердің, Акмал Икрамов сарттардың, Тұрар Рысқұлов қазақтардың сөзін сөйлеп, үшеуі үш жаққа тартты. Ташкентті қолдан шығармауда бүкіл уәләятта сан жағынан басым қазақтардың мүмкіндігі мол еді. Жайбарақат жарықтықтар, нақты жағдайға кезінде тиісті мән бермей, онша алаң қылмай қоймады емес пе?! Нақыт жағдай былайтұғын: Ташкент аңғарына Сұрхандария уалаятынан қоныс аударған қазақтардың көбі өздерін өзбекпіз деп, соларға қосылды. Сарттар да өзбекке сөйтпекке бекіді. Сұлтан Сегізбаев «біз сендермен бірікпейміз» деп қанша шіренгенімен, алашапқын күндерде бәрібір олармен тізе қосты. Сарттар болса «бұдан былай өзімізді ешқашан сарт демейміз, сарт дегенді ауызға алмаймыз, өзбекпіз дейміз» деп ант-су ішті. Сөйтіп, референдумда өзбектер сан жағынан көп болып, жеңіп шықты. Мәселеге қатты бас ауырпаған қазақтың басым көпшілігі сан соғысып қалысты. Өзбекстан астанасы Самарқаннан жедел түрде көшірілді. Ендігі астана Ташкент деп жарияланды. Және Мәскеуде арнайы құжатпен «солай болуы керек», деп бекітілді.
Сұлтан МҰСТАФИН,

26 мамыр 2019 ж. 13 275 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области