ҚЫТАЙ ПАРЛАМЕНТІНЕ АРМИЯ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАЗАҚ ДЕПУТАТЫ САЙЛАНДЫ
Қытайдың жоғары заң шығарушы органы – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының 13-шақырылымына 6 қазақ депутат болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттардың толық тізіміне Қытайда тұратын қазақ ұлтының 6 өкілі кірді. Олардың бесеуі Шынжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінен, біреуі Қытай Халық-Азаттық Армиясының өкілі ретінде сайланды.
Айта кетейік, Қытай Халық-Азаттық Армиясының өкілі ретінде қазақ депутатының сайлануы Қытай тарихында тұңғыш рет тіркеліп отыр. Ал бұған дейінгі 12-шақырылымға Шыңжаң өлкесінен 5 қазақ депутат сайланған болатын.
Еске сала кетсек, 24 ақпан күні Бүкілқытайлық халық құрылтайының 12-кезекті тұрақты комитеті барлық 2980 депутаттың тізімін бекітті. 13-шақырылым өкілеттігі 2018 жылғы наурыздан 2023 жылға дейін созылады. Дауыс беру ел бойынша ашылған 35 сайлау учаскесінде жүріп, Қытайда өмір сүретін 55 ұлттан 438 депутат сайланды.