Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қали СӘРСЕНБАЙ: Әбдіжәміл Нұрпейісов – Әуезовтен кейінгі әлемдік деңгейде мойындалған жазушы

Қали СӘРСЕНБАЙ: Әбдіжәміл Нұрпейісов – Әуезовтен кейінгі әлемдік деңгейде мойындалған жазушы


– Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың «Қазақстанның Еңбек Ері» атануы – шын мәнінде айтары жоқ үлкен оқиға. Бұл жерде әңгіме еңбектің ерте не кеш бағалануында емес, ең бастысы – адамның лайықты екендігінде. Шынын айту керек, Әбеміздің шығармалары – бірнеше буынды тәрбиеледі. Бір ғана буын емес, бірнеше буынды!
Кеше ғана бүкіл қазақ елі болып тойлаған ағамыздың жасы – оған Құдайдың берген нығметі. Осындай жасқа келу де оңай емес. Әбекеңе анықтауыштың да көп керегі жоқ. Оның бұл атағы – өте лайықты, орынды баға деп есептейміз. Бұл – бір.
Екіншіден, Аллаға шүкір, біздің қазақта ірі, дара да дарынды, талантты, үлкен жазушылар аз емес. Кезінде мықты классиктер болған. Солардың қатары әлі де сиреген жоқ. Біз мақтанатын талантты жазушыларымыз баршылық. Бірақ, кешегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннен бері қарай, одан бергі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер бастауында тұрған «Алыптар шоғыры» деп аталатын тұлғалардың көзін көрген, тәрбиесін алған дарабоз – осы Әбекең.
Былайша айтқанда, Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақтың маңдайына біткен алыптар шоғырының соңғы тұяғы, олардың көзін көрген ардақтыларымыздың арасынан ортамызда жүрген аңызға айналған абызымыз.
Негізінде, көзі тірісінде көп адам аңызға айнала бермейді. Бұл кісі көп жазатын жазушылардың қатарынан емес. Аз жазады әрі саз жазады. Бір ғажабы – осыдан 20 жыл бұрын жазылған «Қан мен терді» бұл кісі әлі қарап, жөндеп жатыр. Мына заманның ағымын байқап, қайта ықшамдап шықты. Таяуда ағамыз өзінің жақында жарық көрген шығармалар жинағының 7 томдығын әкеліп берді. Сол 7 томдықта «Қан мен тердің» ықшамдалған, қысқартылған қазіргі нұсқасы берілген. Өткенде ағамыздың Алматыдағы кешінде өзіне қалжыңдап: «Енді қысқарта бермеңіз. Осымен тоқтаңыз», деп айтып жатырмыз. Бұл – ағамыздың еңбекқорлығының көрінісі.
Құдай адамға талант береді. Алла ағамызға сол талантымен бірге ғаламат еңбекқорлықты да берген. Өмірде өзінің талантына алданып, еңбек етпей, құдайдың берген қасиетінен, тіпті, барынан айрылып қалатындар да болады. Әбең – талант пен еңбекті ұштастырған адам. Бүгінгі биік дәрежеге жетуі – ең алдымен ерен еңбегінің арқасы.
Әбдіжәміл ағамыз не бары үш-ақ шығарма жазды. «Курляндиядан» бастады. «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Сең» – осы үш дүниесімен бұл кісі тек ұлт әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің деңгейіне шықты. Биігіне көтерілді.
Әбеміз – қазақ жазушыларының ішінде Мұхтар Әуезовтен кейінгі әлемдік деңгейде мойындалған, әлемдік үлкен дәрежеге көтерілген жазушы. Бұл – шын мәнінде солай. Себебі, Нұрпейсіовтің көтерген мәселелерінің барлығы – мәңгілік мәселелер. Әлемдік деңгейдегі мәселелер. Ағамыздың еңбектерінің адамзаттың ортақ құндылықтарының қатарына қосылып жатқаны да сондықтан. Осы себепті, оны барша адамзатқа ортақ құндылықтарды қаламына арқау етіп жүрген аса ірі пландағы суреткер деп қарауға болады.
Кеңес Одағының кезінде дүние жүзі классиктерінің басын құраған жазушылардың 200 томдығы жарық көрді. Францияның өзі бұлай шығармаған. Америка шығарғанымен, 100 томға де жетпейді. Осындай 200 томдықты Кеңес одағы ғана шығарды. Осы екі жүз томдықтың бір томы Әуезовке арналды. Әуезовтің сол томына «Ұстаз туралы сөз» («Слова об учителе») деп алғысөз жазған осы Әбдіжәміл Нұрпейісов болатын. Мұндай бақ екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейді.
Әбекеңнің ұлт әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі өз алдына, шығармаларының 35 тілге аударылуы – бұл өте сирек кездесетін құбылыс.
Сондықтан, бұл атақ Әбекеңе кеш берілгенімен, орынды берілген өте үлкен баға. Еліміздің ең жоғарғы атағы.
Әбеміз «тау тұлға», «ұлы жазушы» деген атақты жақтырмайтын адам. «Орыста «аса көрнекті» деген сөз бар. Мені солай атасаңдар жетеді», дейді өзі. Расында да, Әбдіжәміл Нұрпейсіов – аса көрнекті қаламгер. Біз Әбеміз үшін өте қуаныштымыз.
Әсіресе, Сыр елі үшін бұл – өте үлкен қуаныш. Туған жердің қуанышы бөлек болады. Себебі, жазушы сол топырақтан шықты, өсіп-өнді. Әбеңнің бойындағы барлық құнарлы қасиеттер сол топырақтан дарыды.
Сыр елінің, туған жерінің қуанышы бүкіл Қазақстанның қуанышыныа ұласып жатыр.
Қуаныш құтты болсын дейміз! Ұзағынан сүйіндірсін! Әбе жасай берсін!

Жазып алған Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.
28 қазан 2019 ж. 729 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области