Мурат Эйбов: Өз ортамда жүрмін

Мен, Эйбов Мурат Курбанулы 1988 жылы Қармақшы ауданы ІІІ - Интернационал ауылында дүниеге келдім. №108 мектепті бітірдім. Сыныбымызда бірнеше ұлттың балалары бар еді. Соның ішінде қазақ ағайындарымыз басымдау болды. Мен мұны қазір ойланып отырмын. Ол кезде сенің ақ немесе қара екендігіңе ешкімде бас қатырмайтын. Таңертең кезекке қосу үшін сиыр, қойды айдап шығып, ойын ойнап, түскі сабаққа апыл-ғұпыл зытатын едік.
Арман қуып жан-жаққа кеттік. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің "емдеу ісі" мамандығы бойынша бітіріп, Қызылордама қайта келдім.

"Сөзге шешен" демекші, еңбек жолымды бастағаныма 6 жыл болды. Жас болсам да, Астана, Петропавл қалаларына барып, қазақ тілінің мерейін үстем ететін сөз сайыстарына қатыстым. Солтүстіктегі сайысымда бір қызық болды. Орыс жігіті қасыма келіп, "біз сайысқа арнайы дайындалып келіп жүрсек, сен былайда қазақша сөйлейді екенсің" деп қарап тұр. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақтың тумасы бола тұра, басқаша қалай сөйлеуім керек" дедім. Ол да басын шайқап, рахаттанып күліп алды.
Әні-міні дегенше көктемде келді. Наурыз айы алғыстан басталады. Сонау бір қиын қыстау кезеңдерде біздің үлкендеріміз осы өңірден пана тапқан шығар. Сол кісілер қазақ еліне жүрек жарды алғыстарын білдіріп отырады. Ал менің қатарластарым, "өз ортамызда, өзіміздің кіндік қанымыз тамған жерімізде жүрміз" деп білеміз.
Мурат Эйбов,
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының
Эндоскопист маманы