АИДА КЕРІМҚҰЛОВА: «МАҚСАТЫМ ҰЛТТЫҚ КОДТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ»
8 наурыз мерекесі қарсаңында қызылордалық іскер қыз-келіншектерді таныстырмақпыз. Алғашқы тізімді ұлттық брендке ерекше мән беріп, кәсіпке айналдырған «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының құрылтайшысы Аида Керімқұловадан бастағымыз келіп отыр.
Аида Керімқұлованың басшылығымен жұмыс жасайтын «ПромКоммерц КА» ЖК-і 2011 жылы құрылды. «ПромКоммерц КА»-ның ерекшелігі қолөнермен айналысатын, атадан балаға мұра етіп, бүгінгі күнге жеткізе білген өз саласының үздіктерінің басын қосқан орталық.
Бұрын қолөнершілер өз туындыларын базарда, үйлерінде сатып, тіпті рұқсат бермеген орындарды бей-берекет сауда ұйымдастырғаны үшін түрлі қиындықтарға да кездесіп келген болатын.
Кәсіп бастауда осы жағдайлардың барлығын саралай білген Аида Әбдіқайымқызы талантты қолөнершілердің басын қосып, ұлттық нақыштағы «Қолөнер» орталығын ашты. Аталмыш орталықта бүгінде ұмыт қала бастаған ұлттық туындылар жаңғырып, тұтынушыларға ұсынылуда.
Кәсіпкер келіншек тауарларды жарнамалауда да ерекше тәсілді қолданады. Әлеуметтік желіде тұтынушысына ұсынып отырған әр тауардың шығу тарихын, салт-дәстүрге қатысты маңыздылығын айтып, сипаттап береді.
«Қолөнер» орталығын ашудағы мақсатым ұлттық кодты қалыптастыру. Қазір жаһандану кезеңі деп түп-тамырымызды ұмыта бастадық. Сондықтан да кәсіпті қолға алғанда осы саланы дамытамын деп өзіме сөз бердім. Биыл облысымызда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялағаны біз үшін үлкен қолдау болып тұр. Қолөнершілер деп жалпылама айтқанымызбен, әрқайсысы бір төбе, яғни ағаш шеберлерінің, зергерлердің, тігінмен айналысатын мамандардың туындылары бір-біріне ұқсамайтын құнды дүниелер. Болашақта осы сала мамандарының да еңбектері еленіп, мемлекет тарапынан субсидияланса тіпті жақсы болар еді», - дейді Аида Керімқұлова.
Бүгінде Орталықта тек қызылордалық шеберлердің ғана емес, сондай-ақ өзге өңірлерде де ұлттық өнімдерді шығаратын қолөнершілердің туындылары бар.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі