ПАНФИЛОВШЫЛАР ШЕЖІРЕСІН АЛҒАШ ЖАЗҒАН ЖУРНАЛИСТ ТУРАЛЫ БІЛЕМІЗ БЕ?
Бірде Бауыржан Момышұлы былай деген болатын: «Біздің халқымыз панфиловшы жауынгерлердің ерлігін әлемге паш еткен Александр Бектен басқа тағы бір адамды құрметтеуі тиіс. Ол – Александр Кривицкий. Дубосеково разъезіндегі теңдесі жоқ ерлікті ең алғаш жеткізген де, 28 батырдың есімдерін тұңғыш рет анықтаған да, 8-ші гвардиялық дивизияның одан кейінгі жақсы істеріне жанкүйер бола білген де – сол. Сендер мұндай жайларға неге көңіл бөлмейсіңдер осы?»
Бұл тақырып бүгінге дейін өзектілігін жоймай келді. Панфиловшылар ерлігі өтірік деген сияқты мақалалар осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей баспасөзінде жарық көрді. Бұған басқалар үн қосып шулап қол қоя берді. Қазақ баспасөзінде, оның ішінде облыстық «Сыр бойы» және «Тіл сақшысы» газеттерінде осы орайда қазақстандық жауынгерлердің ерлігін дәлелдейтін дәйектемелерге толы мақалалар сериясы жарық көрді. Үлкен дауға айналған шовинистік ойға қарсы Ресей мәдениет министрі Мединский өз пікірін білдіріп, оған соңғы нүктесін қойған еді. Ақыр соңында ерлікке қатысты көркем фильм түсірілді. Оған екі ел Президенттері қолдау көрсетті.
Күнделікті ағымдағы тіршілікпен жүріп, көп нәрсені назардан тыс қалдырады екенбіз. Жуырда менің қолыма кездейсоқ белгілі жазушы Жанболат Аупбаевтың «Автограф» атты кітабы түскен еді. Оны әріптесім Дәуіржаннан алдым.
Аталған кітапта жазушының 1981 жылы Мәскеуге барып, сол ерліктің куәгерлерімен кездескен Кривицкиймен әңгімесі әсерлі баяндалады. Москва түбіндегі ерліктің 40 жылдығы қарсаңында болған оқиға көп нәрсенің бетін ашады. Сонымен, Кривицкий кім? Ол үшін Ж.Аупбаевтың мақаласын қысқартылған нұсқада келтіріп, тарихи оқиғаға қатысты әлі өзектілігін жоғалта қоймаған тақырыпты тағы бір қозғауды жөн көрдік.
...Бұрынғы 316-шы, кейінгі 8-ші гвардиялық дивизияның құрылғанына 40 жыл толу қарсаңындағы кездесуде (бұл – 1981 жыл. Ж.А.) Баукең – Бауыржан Момышұлы былай деген болатын: «Біздің халқымыз панфиловшы жауынгерлердің ерлігін әлемге паш еткен Александр Бектен басқа тағы бір адамды құрметтеуі тиіс. Ол – Александр Кривицкий. Дубосеково разъезіндегі теңдесі жоқ ерлікті ең алғаш жеткізген де, 28 батырдың есімдерін тұңғыш рет анықтаған да, 8-ші гвардиялық дивизияның одан кейінгі жақсы істеріне жанкүйер бола білген де – сол. Сендер мұндай жайларға неге көңіл бөлмейсіңдер осы?»
Халық батырының бұл сөзі бізді ойландырып тастаған, еді. Өйткені алда Москва түбіндегі қорғаныстың айтулы күні де жақындап келе жатты. Ал ол оқиғамен 28 гвардияшы-панфиловшылар ерлігінің тығыз байланысты екендігі бәрімізге жақсы мәлім. Осыларды еске алғанда, Баукең айтқан жанмен жолығысудың қажеттігі әлсін-әлсін ойға орала берген. Міне, енді біз сол кісіні іздеп келе жатырмыз.
Біздің білуімізше, Александр Юрьевич Кривицкий – совет баспасөзінің бір деген білікті өкілі. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Красная звезда» газетінің әскери тілшісі болған ол сол кездегі өзінің қаламдас достарын таңғалдырып тамсандырып, талай-талай тамаша тақырыпқа қалам тартқан. Оны біз бұл кісінің 1941 жылғы Қызыл алаң парадына, Можайск-Волоколамск бағытындағы тарихи шайқастарға куәгер болғанынан, қазақстандық 8-ші гвардиялық дивизия мен ондағы 28 батырдың елге алғаш рет таныстырып жазғанынан, 1943 жылғы Курск иініндегі қырғын соғысты оптимистік рухта суреттегенінен жақсы білеміз. Мұны былай қойғанда, 1945 жылғы 8 майдағы Карлхорста – фашистік Германияның тізе бүгу туралы келісімге қол қою сәтіндегі оқиғаға қатысу правосына ие болған төрт газет тілшісінің бірі де осы Кривицкий. Ал қазіргі бейбіт күндерде ол бізге орталық баспасөз беттеріндегі от тілді публицист ретінде жақсы таныс.
Ол кісі жайындағы бар білетінім осы ғана. «Одан арғысын барған соң көре жатармын», – деймін ішімнен. Сөйтсем де тағы да ойға берілемін. Өстіп отырғанда, біз мінген «Икарус» Москва өзеніндегі көпірге де иек артты.
... «Гундиловичтің планшетіндегі әскери мәліметтерді, жауынгерлердің аты-жөнін, шайқас болған күнгі жағдайды тәптіштеп жазып алғаннан кейін, – дейді Александр Юревич әңгімесін одан әрі жалғастырып, – менің дивизиядан кеткім келмеді. Өйткені мені Дубосеково түбіндегі ұрыста біреу-міреу тірі қалмады ма екен деген сұрақ мазалаған еді. Содан салпақтап медсанбатқа, одан армиялық госпитальға бардым. Сөйтіп жүріп Натаровқа тап болдым. Палатаның есігін аша берген маған дәрігерлер оны «адам болмайды» деп сыбыр етті. Бет-аузы қап-қара боп үсіп, денесін ақ дәкемен шандып тастаған жауынгерден еш нәрсе сұрауға бата алмай жүре бергенімде, ол: «Сіз тоқтаңыз... мен айтамын... Қазір бәрін де айтамын», – деп күбірледі. Сол сәтте мен оның өзіне ғана мәлім аса маңызды әрі қажетті нәрсені басқа адамдар білмей қалады-ау деген қорқыныш билеп жатқанын анық ұқтым.
Ол сөзін үзіп-үзіп, байланыссыз сөйледі. Көзі алақтап, денесі күйіп-жанып жатты. Басын көтергісі келіп еді, бірақ шамасы келмей, жастыққа шалқая берді. Содан соң: «Біз өз борышымызды атқардық... Және атқарғанда қандай...» – деп бар күшін жинап, тістене сыбырлады.
Мен оның төсегінің жанында көп отырдым. Оның айтқан сөзінен ұрыстың жан түршігерлік көріністері елес бергендей. Бір уақытта өзіне қатты кейіді. «Несін айтасыз... – деді ернін жымқырып, – мм-мм-мм қандай...» – ол басын әлсіз шайқады.
– Тірі қалған кім бар, әлде жоқ па?
Бұл оның соңғы сұрағы еді. Мен: – Сіз! Жалғыз сіз ғана, – дедім.
Ол жауап бермеді.
...Сол күні мен күйзелген күйде Москваға жүріп кеттім.
Кривицкийдің осы сөздерінен кейін Ж.Аупбаев Дубосекова маңайына сапар шеккенін былайша баяндайды.
...№251-ші шоқы. Бұл 316-шы атқыштар дивизитясының И.В.Капров басқарған 1075-ші полкына қарасты капитан П.М.Гундиловичтің төртінші ротасының Нелидово-Дубосеково бағытында жүргізген алапат шайқас орны. Осы жерде Жеңістің 30 жылдық мерекесі қарсаңында 28 батырға орнатылған «Даңқ шебі» мемориалы тұр. Бүкіл қимыл болмыстарын батысқа бұрып, бойларына ерлік пен өрліктің белгісін жинақтаған биіктігі 10 метрлік 6 жауынгер (бұл 28 батыр 6 ұлттың өкілдерінен құралған болатиын деген мағынаны білдіреді – авт). Тұлғасы халық ұлдарының Отанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін айқын аңғартқандай. Волоколамск тас жолын жиектей созылған бөктердегі 28 гвардияшы батырлардың бекініс окоптары, траншея, блиндаждары сол қалпында сақталған. Одан жоғарырақтағы №251-ші шоқының басындағы мәрмәр тақтаға: «Бұл жерде 1941 жылғы 16 ноябрьде 28 гвардияшы-панфиловшы батыр Москва үшін айқасты. Халқымыздың даңқты ұлдары 50 жау танкісінің жолына тосқауыл болды. Шын жүргемізден, мынау тіршілік атынан: «Батырлардың даңқы мәңгі өшпесін дейміз!» - деген сөздер жазылған.
Қасиетті жерді басып тұрып, оның окоп жиегіндегі топырағын уыстап тұрып, мен Александр Юрьевичтің жоғарыдағы сөздерін тағы да бір есіме алдым. Ал көз алдымда... иә, көз алдымда осыдан 40 жыл бұрынғы сұрқай сурет, топырағы үгітіліп ішке түскен ұзын ор...тозығы жетіп сүзілген сұр дәкедей дар-дар айырылған кір қар...әр жерде үйелеп қалған жау танкілерінің шұбар ала свастикасы бұл маңның ұсқынын алып тұрғандай. Ентелеп келіп шөккені қанша, белі үзіліп кеткені қанша. 28-ден тірі қалған, қазір Талдықорғанның Көксуында тұратын Иван Демидович Шадриннің айтуынша: «Алдымен аждаһадай болып жиырма танк келді. Темір тажал бекіністі таптап өте алмады. Сонан соң екінші рет жөңкіліп алға ұмытылды. Соңғы гранатын лақтырып Дүйшенқұл Шопоқов құлады. Көкірегіне ажал оғы қадалып Нармұтбай Есболатов жер құшты. Қолында «КС» жандырғыш шөлмегін қыса ұстаған жарадар Мұсабек Сеңгірбаев танк астына құлап түсуге беттеп барады. Окоп ернеуіне сүйеніп тұрған Петр Емцов: «Қош бол, политрук!» – деп соңғы рет тіл қатты».
Жанболат шайқас болған жерде болып, Кривицкийге қайта жолыққанын былайша баяндайды:
– Барып келдің ғой?
– Иә!
– Ал онда тыңда. Мен саған бұрын өзің естімеген әңгіме айтайын.
Александр Юрьевич осылай деді де, бөлмедегі шкаф тартпасынан үп-үлкен былғары папканы суырып алып шығып, одан өзі күні бұрын дайындап қойған екі фотосуретті үстел үстіне қойды.
– 1941 жылдың 6 декабрі күні, – деді ол бір суретті маған көрсетуден бұрын: – Біздің әскерлеріміз дұшпаннан Дубосековоны тағы да тазартты. 28 батырдың денесін қар астынан аршып жерлеудің мүмкіндігі, міне, содан кейін ғана туды. Бұл хабарды естіген редактор Нелидово деревнясына жүретін үкімет комиссиясының құрамына «Красная звезда» газетінің атынан менің де баратынымды ескертіп, көп аялдамай тезірек қайтып келуімді өтінді.
...Ол күнді мен еш уақытта ұмытпаймын. Капитан Гундиловичтің көрсетуі бойынша, он бес шақты адам осыдан жарты ай бұрынғы болған оқиға туралы ешқандай белгі көрінбейтін, бәрін де жым-жылас қып қар басқан жерді қаза бастадық. Біраз қазған соң, шайқас алаңының шегі көріне бастады. Міне, окоп брустверінің бір бөлігі... Міне, блиндаждың бір бұрышы... Міне, күрек жүзі шақ ете түсті де, одан каска көрінді. Кісі бойы қазылған кезде, мұз аралас қардың кейбір белдеулері сарғыш тарта бастады. Тоң ұрған топырақ түйіршіктерінен адам тамырларындағы сияқты қызыл қан көрінді. Бұдан әрі біз барынша абай болуға тырыстық. Осы мезетте көзіміз гимнастеркаға түсті. Адам денесі... Оның алдымен иығы, содан кейін кеудесі көрінді. Біз басы мыжылған жауынгердің денесін окоптан көтеріп шығардық. Бұл кім? Бондаренко ма, жоқ әлде Клочков па? Танып болмайды... Осылай үнсіз тұрғанымызда, саперлер тобының жетекшісі келіп, шайқас орнының төменгі шебінен тағы бір панфиловшының мәйіті табылғанын хабарлады. Бет-аузы қап-қара боп үсіп кеткен оның шинелінің, шалбарының қалтасы сыртына айналдырылған. Документтерін іздегені ғой шамасы. Мұнымен қоймай немістер оның құлақшыны мен етігін алып кетіпті.
Есіл ерлердің денесі осылай табыла берді. Етпетінен құлаған бір жауынгердің жанынан қойын дәптер тауып алдық. Оның парақтары тап-таза екен, тек алғашқы бетіне 21788 цифрлы винтовканың номері жазылыпты. Сонымен жүрегіміз қан жылап жүріп, окопқа жақын жерден қабір жаздық. Содан қалған ескерткіш мынау:
Александр Юрьевич маған шеті жеміріліп, сынған фотосуреттің бірін көрсетті.
Әңгіменің әсерінен арыла алмай, денем бір суынып, бір ысынып, қолым дірілдей суретті қарап отырмын: онда қарағай бұтақтары жабылған төмпешік көрінеді. Бейіт жанында бесқаруын асынған бір топ адам тұр. Үй иесінің түсіндіреуінше, олар олпы-солпы тон киген комбат Гундилович, шинелін белдікпен қынай тартқан саяси бөлім бастығы Галушко, елтірі жағалы былғары пальто киген дивизия комиссары Егоров және полк командирі Капров болатын.
Осы суреттегі офицерлердің ар жағында сап түзеген панфиловшылар взводы көрінеді. Олардың тылдан таяуда ғана келіп, дивизияға тың күш ретінде қосылғанын автоматтарынан, су жаңа киімдерінен айқын аңғарғандайсың. Қаруын жоғары көтерген бұл жауынгерлерге құлақшынын қисайта киген бір сержант салют атуға команда беріп тұр.
– Ал енді мен саған мына бір суреттің тарихын айтып, сонымен әңгімемді аяқтайын, – деді Александр Юрьевич арадағы орнай қалған үнсіздікті бұзып. – 1942 жылғы жазға салым Волоколамск ауданынан Москвадағы «Красная звезда» газетіне 28 батырдың басына ерскерткіш орнатылатынын жайлы хабар келіп жетті. Сөйтсе қар еріп, көктем шыға салысымен-ақ, Нелидово деревнясының тұрғындары қыста біз таба алмай кеткен кейбір жауынгердің сүйегін топырақтан аршып алып, бәрін бір жерге арулап қоюды ұйғарыпты. Мұны осылай істеңдер деп оларға ешкім де айтпаған, бәрін де өздері ойлап шешкен. Осы хабарды естігенде, газетке 200 жолдық бір мықты мақаланың шеті шығып тұрған жоқ па деген оймен Дубосековоға тарттым да кеттім...
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ