ЗИЯТКЕРЛІК ДАМУ ҮДЕРІСІ БАСТАЛДЫ
Жуырда ғана Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсімі өтті. Оған Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі қатысып, аталған жобаның жүзеге асуының нәтижесінде елімізде аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасқанын және «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беруде рөлі зор екенін атап өтті. Иә, түпнұсқадан аударылған кітаптардың ішінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Швейцария секілді алдыңғы қатарлы мемлекеттердің ең үздік ғылыми еңбектері қамтылған. Сондай-ақ әлемнің ең беделді оқу орындарында қолданып жүрген Дэвид Г.Майерстің, Жан М.Туенжтің психология саласындағы «Әлеуметтік психология», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы» және Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітаптары бар.
Елбасының тапсырмасының негізінде «Ұлттық аударма бюросы» және аталған жобаны жүзеге асыруға жауапты тұлғалардың мойынында әлі 30 кітапты қазақ тіліне аудару жоспары тұр. Солардың ішінде әлем әдебиетінің жауһарлары бар. Елбасының өз сөзімен айтсақ: «Ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең келді. Елімізде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді».
Қуат АДИС
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы