Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ТАУ-КЕН ГЕНЕРАЛЫ

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ТАУ-КЕН ГЕНЕРАЛЫ


    Елбасы қоғамда серпіліс туғызған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деген болатын. Демек, біз ұлы даланы ен жайлаған жұрттың перзенті екенімізді мақтаныш тұтып, сол халықтан шыққан қадау-қадау қайраткерлерімізді кейінгі ұрпаққа өнеге етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың ғылыми-техникалық интеллигенциясының әйгiлi өкiлi, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерi Ахмет Әділовтің орны бөлек. Ол – туған жерінің ғана емес, тұтас халықтың қамын ойлаған абзал азамат. Елiнің өркендеуi жолында аянбай  еңбек еткен жанның бойынан азаматтық, әділеттік және қайраткерліктің үлгі-өнегесін көруге болады. Олай болса, Сыр өңірінің тумасы, қазақ жерiнен шыққан тұңғыш тау-кен iсiнiң генералы Ахмет Әділовке лайықты құрмет жасалып жүр ме?
    Ахаңның балалық, жастық шағы алмағайып заманда өткені рас. Ол 1912 жылы Жаңақорған ауданына қарасты «Асаршық» елдi мекенiнде (бүгiнгi «Құттықожа» ауылдық округi) дүниеге келген. Қаратау сiлемдерiнің қойнауындағы байлық бала Ахметтің арманын қанаттандырған. «Алтын да, күміс те, басқа да талай қазына бар шығар бұл таудың қойнында... Бірақ соны қалай іздеп табу керек, тапсаң, қалай қазып алу керек?» деген ойлардың жетегінде жүрген ол сұрақтарының жауабы білімде екенін түсінеді. «Тауды биік демеңдер, талаптансаң шығарсың» деген, жас жiгiт 1933 жылы Мәскеудегі И.Сталин атындағы тау-кен институтына оқуға  түсіп, 1939 жылы үздiк дипломмен бiтiріп шығады. Сол кезеңдегі әйгілі қайраткерлер Сұлтанбек Қожанов және Тұрар Рысқұлов Ахметтің жоғары бiлiм алуына көмектесіп, қамқор қолын созады.
    Алғашқы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы Зырянов кенiшiнде инженерлiктен бастайды. Жас инженер кеніштегі партия ұйымының хатшысы да болады.  А.Әдiлов Ұлы Отан соғысы басталардан бір ай бұрын, яғни, 1941 жылдың мамыр айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің түсті металлургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
    Соғыс оты тұтанғанда өндіріс орындары, шаруашылықтар соғыс жағдайына бейімделіп, барлық күш жауды жеңуге жұмылдырылды. Елдің орталық облыстарынан эвакуацияланған өнеркәсіптерді қабылдап, орналастыру, жаңа кен орындарын ашу, олардың аса қысқа мерзімде өнім шығаруын, өнімді дер кезінде майданға, қару-жарақ шығаратын зауыттарға жөнелтуді қамтамасыз ету сияқты толып жатқан ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар, жұмыс қолын табу, кадр іріктеу шараларын Ахаң абыроймен атқара білді. Аса жауапты қызметте ол қайраткерлік қырымен, терең білімімен көпке танылды.
    1943-1950 жылдары Ахмет Әділов Шемонаиха мекеніндегі Николаевск полиметалдық руда басқармасының директоры, КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік тау-кен істерін бақылау бас басқармасының қазақстандық кен істері округінің бастығы болғанда да қиянатқа бой алдырмай, әділет жағында жүрді.
    Қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен генералы Ахмет Әділов Қарағанды қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Қазақстанның Жергiлiктi және отын өнеркәсiбi министрi, халықтық бақылау комитетi төрағасының бiрiншi орынбасары, Алматы қалалық кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы қызметтерін атқарды. Ширек ғасыр республикамыздың Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайланып, 11 жыл бойы Жоғарғы Кеңестiң Жоспарлау және қаржы жөнiндегi тұрақты комиссиясына төрағалық етті. СОКП ХIХ – ХХIII съездерiнiң делегаты да болды.
    Мемлекет үшін жауапты да маңызды лауазымды қызметтер атқарғанынан-ақ оның ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің, парасат-пайымының биік болғанын бағамдауға болады. «Ахмет Әділұлын өз заманының аса көрнекті менеджері болды десек, ол әбден орынды айтылған болып шығар еді», – дейді экономика ғылымдарының докторы Талғат Әбдіразақов.
    А.Әділовтің атап өтер айрықша қасиеті – жарамсақтықты жаны сүймейтіндігі. Ол әрдайым турашылдығы мен айналасындағыларды тәнті еткен. «Әкемнiң аты – Әдiл. Мен сол Әдiлдiң баласы бола тұра, қалай әдiлетсiз болмақпын. Олай болуға азамат ретiнде қақым жоқ» дейді екен. Расында, мемлекеттік дәрежедегі ақыл-ой иесі Ахаң бұқараның бақыты мен баянды тірлігі үшін саналы ғұмырын сарп етті. Сөздің емес, істің адамы болды.
    «Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті» (Міржақып Дулатұлы) деген ұстанымдағы Ахмет Әділов Дiнмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Жұмабек Тәшенов, Iлияс Омаров, Өзбекәлi Жәнiбеков сынды азаматтармен сыйласып, ел мүддесі үшін тізе қосып қызмет етті.
    А.Әділов қазақтан шыққан  тұңғыш тау-кен ісінің генерал-директоры. Оған бұл атақ 1949 жылы берілген. Оның ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет белгiсi» орденiмен, «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен 3 мәрте (1957, 1966, 1971 жылдары) марапатталды. Қарағанды облысының және Алматы қаласының құрметтi азаматы атанған Ахаң 87 жасында 1999 жылы дүниеден озды.
    Осындай озық ойлы азаматтың  еңбегін айрықшалап айтуымыздың өзіндік мәні бар. Өйткені, Ахаңның ересен еңбегі туған өлкесі – Сыр өңірінде соңғы жылдары ғана бағалана бастады. Былтыр Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентiндегi №86 орта мектепке Ахмет Әдiлұлының есiмi берiлді. Алайда, әлі күнге дейін білім ошағына аты берілгендігі жөнінде салтанатты шара өткізілмей тұр. Бұған қоса, мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, Жаңақорған ауданының 90 жылдығында елін сүйген ер елеусіз қалмай, есімі берілген білім ордасының жөндеу көргені және салтанатты жиын өткені жөн болар еді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған кентіне тұңғыш тау-кен генералының атына көше берілсе, нұр үстіне нұр. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп Елбасы айтқандай, біз айтқан халықтың өтініш-тілегі ескерілсе, кезінде «Шалқия» кенішін ашуға да атсалысқан қайраткер Ахмет Әділовке жасалған құрмет ғана емес, өскелең ұрпаққа өнегелі тұлғаны танытатын ізгілікті іске айналары хақ.
    Шағын ғана ауылдан шыққан зерек баланың мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілуі, атқарған қызметі ел жадынан өшпек емес. Алыстаған сайын биіктей түсетін тау секілді, ел иігілігі үшін адал еңбек еткен Ахмет Әділұлының тұлғасы да уақыт өткен сайын асқақтай түсетініне шүбәміз жоқ.
    Жанкелді ЫСҚАҚОВ,
    облыстық мәслихат депутаты.

18 мамыр 2018 ж. 836 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области