РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ЖАСТАРДЫҢ ӨМІРІНДЕ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген ұлттық болмысты сақтай отырып мәдени құндылықтарды дамудың жаңа сатысына көтерілу жайы халықтан қолдау тапты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жаңақорған аудандық филиалы ұжымы Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде «Рухани жаңғыру – жастар өмірінде» атты облыстық семинар ұйымдастырды. Семинар барысында рухани жаңғыру негізінде атқарған жұмыстарын саралап, алдағы міндеттерді нақтылады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтіллә Нәрзілдаев пен аталған колледж директоры Мадияр Ахметовтың ұйытқы болуымен өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Айтпенбет ашып, ұлттық құндылықтарды туралы тарқатты: – Елбасының бағдарламалық мақаласының жастарға тәлім-тәрбие берер үлесі басым. Ел егемендігін алғаннан кейінгі алғашқы ұрпақ бүгінде ел тізгінін ұстайтын халге жетті. Сондықтан, мақаладағы білім, ғылым, бәсекеге қабілетті болу, ұлттық код сынды бастамалар жастардың бойынан орын таба білуі керек. Өйткені, бұл – білімдінің мыңды жығар заманы, – деді ол.
Рухани жаңғыру – ұлттық сананы жаңа биікке шығарып, жаһандық бәсекелестікке сай дамуда құрал болады. Яғни, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, заманауи білімді меңгерген жастар ұлттың дамуына лайықты үлес қосады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат рухани жаңғыру жайлы әңгіменің әлқиссаасын әріден бастап, тереңнен толғады. – Елбасы мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деді ол.
Бұл – халықтық тәрбие мен салт-дәстүрге, білім мен ғылымға, мәдениет салаларына ерекше көңіл бөлінген айтулы бастама болды, – деді қоғам белсендісі Сәдуақас Аңсат. Оның айтуынша, «Қазақ тілі» қоғамы да облыстың зиялы қауымымен бірге рухани жаңғырудың алдыңғы қатарында болуы үшін насихат жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, өткен жылы «Қазақылықтың атамекені» ҚБ-нің қаржысына «Рухани жаңғыру – ұлттық жаңғыру» атты жиын өткізіп, осы атпен кітапша шығарып, түрлі шаралар ұйымдастырған.
– Қазіргі жастарда мүмкіндік мол. Соған орай жаңашылдықты, инновациялық технологияны меңгеруге ұмтылыс жоғары. Бұл құптарлық жай, бірақ ең бірінші бүгінгі ұрпақтың ертеңгі ата-ана екенін естен шығармауымыз керек. Ал, ата-ана ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық мүддені келешекке бәз қалпында, қаймағын бұзбай жеткізуі керек, – деді «Ұлт тағдыры» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қорқыт ата университетінің профессоры Жақсыбек Егізбаев.
Басқосу барысында Әлібек Сүгірбаев, Бөкен Төребаев пен Жақсыгүл Бегманова жетекшілік ететін «Ақ әжелер» ансамблі ән салып, дәстүрлі әнді тағы бір жаңғыртты. Ал, тіл жанашыры, ақын Әбілхайыр Сыздықовтың ана тілі жайлы өлеңі көпшілікке ой салды.
Мазмұнды шарадан әрбір азамат рухани жаңғыруды болашаққа бағытталған үкілі үміт, асқақ арман, абыройлы парыз деп қана қабылдамай, төл міндет және тегеурінді талап деп түсінгені абзал екендігін пайымдап қайтты.
А.АЖАНХАНҚЫЗЫ,
Жаңақорған ауданы