ҚЫЗ ҚЫЛЫҒЫМЕН КӨРІКТІ
Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеген. «Қыз-өрісім» деп, қызын өзінен биік қойып, төрінен орын берген. Ер баланы соңынан ерген тұяқ, ертеңгі мұрагер санағанымен, қыз баланың дәрежесін олардан биік ұстаған.
Ықылым заманнан бері айтылған нақыл сөздер мен тыйымдардың астарына қарап-ақ, қыз тәрбиесіне ерекше мән берілгенін байқаймыз. Ал, қазіргі қыздардың жай-күйі қалай?
Әрине, көпке топырақ шашқанымыз жарамас, әйтсе де қазақ қыздарының жылдан жылға белдемшесі қысқарып, өзге ұлт өкілінің балағынан ұстап, шылым шегуде жігіттермен жарысса басып озатындай күйі жаныңды түршіктіріп, жүрегіңді ауыртады.
Көктем шықса тау гүліндей құлпыратын, мөлдіреп аққан тау суындай таза аруларымыздың осыншалық өгеруіне не себеп? Кінәні өзімізден бұрын, өзгеден көруге дайын тұратын жұртпыз. Қит етсе, заманды, батысты, үйдегі ата-ана мен дос-жараннан көреміз. Неге қателікті өзімізден іздеп көрмеске? Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шықсақ өзіміз, «шайтанның суын» ішсек өзіміз, қысқа белдемше мен жабыстырып шалбар киіп жігіттердің ойын бұзатын тағы- өзіміз. Одан келе жақсы жігіттің жоқ екенін алға тартамыз. Жігітке жарасымды болғанымен, қызға ұят саналатын қасиеттерді біріміз біліп, біріміз білмей істеп жатырмыз.
Дана халқымыз қызды бала күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. Тарихқа көз жүгіртсек, Домалақ ана, Айша бибі, батырлар жырындағы Ақжүніс пен Құртқа қазақ әйелдерінің нағыз үлгісі болған. Ұлжан ана Абай атамызды дәретсіз емізбеген деседі, ал бала Шоқанның дана Шоқан болуына өз үлесін қосқан да әжесі-Айғаным. Осыған қарап-ақ, ертедегі қазақ ханымдарының тәрбиелілігін көруге болады.
Көңілі мен жүрегі таза, әдемілік пен нәзіктікке құмар, өзінің емес өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретіні айтпаса да түсінікті. «Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа тиетіні секілді» осы сөз тәрбиені тізгінсіз жіберген ата-аналарға қарата айтылған.
Баласының кіммен жүргенін, қай уақытта немен айналысып жатқанынан хабарсыз. Қыз десе, таяқтың бір ұшы өзімізге тиеді. Дегенмен, наздана қарайтын, ерке мінезді жандардың не үшін жаман әдетке үйір екенін түсіну әсте қиын. Тойып секіргендік пе, әлде тоңып секіргендік пе?
Заманына қарай адамы дегендей, қазіргі кезде жас қыздар көшеде, қоғамдық орында темекіні бұрқыратып, жігітін біреу алып кететіндей жабысып отыратынын көзіміз шалып жүр. Бұрын темекі тартқан қыз көрсек таңданысымызды жасыра алмай жататын едік. Бұл әдетке тағдырдан теперіш көргендер, жүйкесі күйзеліске ұшырағандар, жеңіл жүріске салынғандар ғана барады деп ойлаушы едік. Бүгінде оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматшаларымыздың өзі жігіттерден кем шекпейді. Оған құлақ пен көзде үйренген. Ол аздай, арақты да атасынан қалған ас секілді сіміретіндердің түзу жолда қисық басып бара жатқанын көріп, жаның ашиды. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп тамсанып жүрген бабаларымыздың сеніміне дақ түсті десек те болады. Абысыны мен келіні, жеңгесі мен қайын сіңлісі, тіпті енесі мен келіні бір құтыны бөліп ішіп алатындарын өз ауыздарынан естігенде таңдай қаққаннан басқа шара жоқ.
Бір күні таксиге міндім. Шамамен жасы 25-тен асқан бойжеткен отыр екен. Мінгенім сол-ақ еді арақтың исі мүңкіп кетті. Әдепкіде жүргізуші ішіп алғанба деп, күмәнданғам. Қателесіппін. Жанымда отырған қыздан шығып жатыр. Такси жүргізуші де жас бала. Әңгімелері жарасып отыр. Тойдан шығып келе жатқанын, құрбысының тойы болғаннан кейін ішкенін айтып, ақталып келеді. Мен баратын жеріме жеткеннен кейін түсіп қалдым. Ойым әлгі қызда аман-есен жетсе екен. Енді барлық жігіттердің тойға барған қыздарға деген көзқарасы өзгермейді ме? «Бір құмалақтың» әсері.
Дәл қазіргі уақытта ертеректегі ұяңдықтың орнын ұятсыздық, мейірімділіктің орнын қатігездік басып, барлық жақсы қасиетіміз жаман қасиеттеріміздің тасасында қалып барады. Есіміздің барында етек-жеңімізді жиғанымыз жөн.
А.АБАЙҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы