АМЕРИКАДАН ХАТ
Социализмнің сабағы сірә естен шыға ма, капиталист елдерді адам қанаушы жауыз ретінде сынап-мінейтін еді ғой. Сол сабақ санаға мықтай бекіп қалған, жиіркенішпен қарауға құлықты перзент болатынбыз. Аузын айға білеген Америка жайлы сөз қозғау тіптен қорқынышты үдетіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалатын. Осындай санаға бекем маған әкем Америкаға қатысты бір оқиға айтты.
– Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары немістің қолына тұтқынға түскен Күнтуған деген көкеміз қазір Америкада тұрады. Сол кезгі саясаттың құрбаны, елге келуге тыйым салынған. Жетпісінші жылдары Ташкентке туристік сапармен келмек болды. Оған рұхсат тимеді. Әке-шешесі баласын бір көруге зар болып, ақыры көз жұмды. Оны такси жүргізуші дейді, әуежайда келген-кеткенге телміріп қарап отыратын көрінеді. Бір қазаққа жолықсам, елге деген сағынышымды бассам деп. Сол кісі тоқсаныншы жылдары ғана туған жерге, Жетiсайдың Құрбан ата ауылына келді. Небәрі үш сағатқа рұхсат алған. Қысқа уақытта ата-анасының қабіріне барды, дұға оқыды, ағайынмен кездесті, кеудеде өртенген өксігін басты. Әлі азат заман болар, мүмкіндігі тисе, сол атаға сәлем берерсің, – деп еді.
Арада көп уақыт өтпей ғаламторға жылы хабар түсті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка құрама штатына жасаған жұмыс сапарында Нью-Йоркте қазақ қариясы Күнтуған Бәзiлбекұлына жолықты. Арқа-жарқа әңгіме болды.
Ол екiншi дүниежүзiлiк соғыста фашистердiң қолына түсiп, азап лагерiнде небiр қорлық көріпті. Соғыс бiткен соң азаттық алып, бұларды елге қайтарған. Бiрақ, қазақ, өзбек, қырғыз сияқты түркi халықтары тиелген алғашқы екi эшалонды кеңестер одағы «халық жауы» есебінде Чехословакия жерiнде өртеп жiбереді. Осылайша елге оралудан үмiтiн үзіп, Германияда қалып қояды. Соның өзiнде МҚК маза бермеген соң тәуекел деп мұхит асып кетуге мәжбүр болды. Содан берi Нью-Йорктiң Бруклин ауданында тұрды. Отбасылы, балалары бар. Мемлекет басшысы қандастың жайын білген соң кезекті өзіне берді.
“Талай рет тұлғаңды теледидардан көрiп, сыртыңнан қорған тұтушы едiм. Ендi, құлыным, өзiңдi жүзбе-жүз көрiп тұрмын. Қазiр өлiп кетсем арман қайсы?!” деп егiлген сонда Күнтуған қария.
“Бiрнеше рет АҚШ-қа келген Қазақстанның үкiмет адамдарымен тiлдеспек болдым. Солардың iшiнде қазақ болып тұрып, қазақ тiлiн бiлмейтiндердi көргенде жағамды ұстадым. Жиырма жыл Алманияда, отыз жыл Америкада тағдыр айдап тiршiлiк етсем де мен қазақ тiлiн ұмытқан жоқпын. Қазақ даласында туып, қазақ жерiнде жүрген қандастың өз тiлiн ұмытқаны қалай?!” деп күңiренді Күнтуған қария сонда. Бұл ақсақал бүгінде өмірден өтті, әкем аманаттағандай онымен кездесудің сәті түспеді.
Еліміз егемендік алып, әлемнің есігі ашылды. Елбасының көреген саясатымен қазақ жастары қалаған мемлекетте білім алып жүр. Осыған шүкіршілік ету керек.
Америкадан күдер үзген едім, жақында тағы бір үміт ұшқындады. Хат келді. Жылы хабар. Урбана-Шампейн штатындағы Иллиной университетіне бір жыл магистратураға дайындык курсына оқуға қабылданған қызылордалық қарындасым Айжан Жұматаева жазыпты.
– Алла қаласа, «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2 жыл магистратура окимын. Қаныбек ағай, калай жағдайыңыз? Сізді кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық табыс пен отбасыңызға береке тілеймін! Бізде бәрі жақсы. Қазір 15 шақты қазақ бар. Өз тілімізді құрметтейміз және өзгеге оқу мен ұлттық дәстүрден үлгі боламыз. Американы Кызылордамен салыстырғанда 11 сағат айырмашылық бар, үйрене алмай 10 күндей ұйқыдан қиналдық. Сіздің хатыңызды алдым. Отан, ел туралы айтқан ақылыңыз бәрімізге рух сыйлады. Мен текті қазақтың ұрпағы екенімді оқуда озат болып дәлелдеймін. Ал, аманатыңыз бойынша Күнтуған атаның отбасын табуға тырысамын, – деді Айжан.
Бұл қыз – қоғам қайраткері Аманкелді Жұматаевтың немересі. Бесіктен бауырына салып, қызым деп кеткен. Жеңіс жеңгеміз өзі тәрбиелеп, ағылшын тілін меңгеруге барын салып үйретті. Соның арқасында қаладағы №2 мектепті үздік аяқтады. Алматыда жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірді. Ағылшын тілін ана тілінен кем білмейді. Соның жемісін көріп отыр. Міне, Америкадан келген хаттың сыры осылай.