ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КІЛТІ – БІЛІМДЕ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» бағыты аясында әлемнің үздік деп саналатын 100 кітабын қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімалау өткен жылы басталды. Осыдан кейін арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылып, еліміздегі білікті мамандардың басы біріктірілді.
Білікті мамандар бір жылдай мерзім ішінде таңдалған еңбектерді түпнұсқадағы тілден қазақшаға тікелей аударды. Осылайша міндеттелген 100 кітаптың 18-і қолданысқа дайын болып, еліміздегі жоғары оқу орындарына таратылды. Ал қазір 30 оқулық бойынша аударма үдерісі жүріп жатыр.
Мұның бәрі болашаққа жасалып жатқан игі қадам, өйткені, болашақ бүгіннен басталады. Мемлекет басшысы әр кезде жарқын болашақтың қамы үшін түрлі жоспарлар жасап, арнайы бағыттарды осылай айқындап береді.
Өткен жылдың сәуір айында елдің руханиятын, білім деңгейін көтеру мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Қоғамымызда кенжелеп қалған салалардың деңгейін көтеріп, халықтың сана-сезімін, ұлттық болмысын нығайтып, сол арқылы бәсекеге қабілеттілік дәрежесін арттыру – осы бағдарламалық мақаланың басты мақсаты.
«Білекке сенер заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік» деген қазақ тарихындағы тұғыры биік хандардың бірегейі Абылай хан еді. Осы бір ұстанымды Тәуелсіздік тарихымен бірге талайды бастан кешіп, елдің болашағы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан Ұлт көшбасшысы да ұстананып отыр.
Мемлекет басшысының егемендік алған ширек ғасырдан бері жасаған еңбегі орасан зор. Алдымен елдің экономикалық қарымын күшейтіп, алыс-жақын шет елдермен, көрші мемлекеттермен ынтымақтастық, шекара мәселелері жөнінде қыруар шаруалар атқарды. Алдымен осы саланы аяққа тұрғызғаннан кейін ұлттың тарихын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалар жасады.
Әсіресе, 90-жылдардың аяғында тұтас мемлекет болып атсалысқан тарихи ақтаңдақтарды ақтау науқанының, кешегі «Мәдени мұра» бағдарламасының үлес салмағы басым. Аталған бағдарламалар шеңберінде нақты жоспарлар жасалып, көздеген уақытта жүзеге асты.
Білім саласы – еліміздегі жаңартулар мен дамушы мемлекеттер ұстанатын озық жүйелерді енгізуге мұқтаж салалардың бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шеңберінде бұл сала да ұмыт қалған жоқ.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында шетелдік жоғары оқу орындарында, кәсіпорындарда, ірі корпорацияларда уақыт елегінен өтіп, тәжірибеде сыналған озық 100 оқулықты қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімалау міндеттелді.
Аталған міндеттемені жүзеге асыру мақсатында арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылып, білікті мамандар осы арада шоғырланды. Қызу жұмыстың нәтижесінде бір жыл уақытта алғашқы 18 оқулық жарық көрді. Әрбірі 10 мың дана тиражбен жарық көрген кітап еліміздегі ЖОО-лардың кітапханаларына тегін жолданды. Алдағы оқу жылынан бастап оқулықтар студенттерге қолжетімді болады. Нақты кезеңде 30 оқулық бойынша аударма жұмыстары жүріп жатыр.