Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАЛАНТ – ТЕАТР ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ТАЛАНТ – ТЕАТР ТЕМІРҚАЗЫҒЫ


Иә, зымыран уақыт зерде көгімізге қаратпай, жымысқы жылдар жадымыздан жаһұт жүректі жандардың бейнесін өшіре алмастан иіріміне тартып, іле қашып барады...
«Актер» деген ұлы есімді сан ұрпақтар ұлықтап ұлт руханиятын сол актердің болмысынан іздейтіні, дәуірлер мен заманалардың тарихи таңбасын, үн-ұранын, ширыққан оқиғаларын,дүниетанымын театрдан көріп, актер сомдаған ұлы бейнеге сеніп, текті өнерге тәнті болу, ой ордамыздың шаңырағын шырайлап,кереге әлемнің кеңістігін тағы да актер деген ұлы есіммен тұмарлайтынымыз бар.
Серік Шотықов деген есімді естігенде тағылым-таразымыз театр сөзімен тербеліп, театрдың жаны мен жүрегі, ділі мен тілі, руханиятымыздың абыз бейнесі елестейді, рух үні естіледі.
Сәкең адамзаттың асыл арнасын ақылға тоғытқан, сомдаған рөлдерін көрерменнің ықыласында рауандап, шынайы орындаушылық шеберлігімен сезім толқытқан, ешкімге ұқсамайтын мінез-даралығы, қуақы қалжыңы, әңгімесіне елтіп әкететін шоқтығы биік Шотықовтың әдемі әлемі, сахнаны сүйген жүрегі, сахнаға деген адалдығы бүгінгінің бүйрегін бүлк еткізетін шыншылдығы, өркеші – өнер, таным тұлғасы нар қазақ театр өнерінің маздақ-мақтанышы еді.
Серік Шотықов сомдаған қаншама рөлдер Қызылорда театрының тарихын табалдырықтан таңбалап, төр-тұғырына көтерді. Ол Н.Бекежанов атындағы Қызылорда театрының абыз ақсақалы еді.
1960 жылдан бастап театр өнерінің талай маусымдарын мазасыз машақаты мол театр гастролін бастан кешіріп, қиындықтарды дарын-даралығымен жеңіп, өмір университетінде шәкірт боп шыңдалып, оқу мен ізденуді өмірінің соңына дейін тоқтатпаған ақыл аламанының бәйгесін көрерменіне ұсынған, ән салса тыңдаушысы тұщынған ерекшелігі ерен азамат...
Драмалық дүниетанымы қабілет-дарындылығында дараланып тұратын. Сәкең осы жетістіктерге шығармашылық ізденіспен келіп, оның еңбекқорлығы, сомдаған рөлін үркердей даралап көрсететін.
Сәкең сахнада диуанадан бастап дана Құнанбайға дейін жасады. Ол жасаған образдарды тізіп жатпай-ақ, ішінара атап өтер болсақ, Қарабай мен Жантақ, Құмар мен Сердәлі, Диуана мен Дарымбет, Қайдарбек пен Дүрбіт, Нарша мен Жапал, Дуанбасы мен Дулат сияқты сахналық кейіпкерлерімен жымдасып,мұңдасып, молыққан шынайы тағдырлардың мейірім мөріндей көрінетін.
С.Шотықов 50 жыл театр сахнасында текті өнердің тірегі мен қазақ театр өнерінің корифейлерінің бізге жеткен ілегі болып, театр өнерін өмірім деп таныған, адам жанының кілтін тапқан қара шаңырағымыздың қардарындай абыз ақсақалымыз еді.
Театрда Сәкеңнің бөлмесінде спектакльден кейін бас қосып, әңгімесін тыңдап, ой өрбітіп, пікір-талас жасап отыратын көп күндеріміз өмір дәптердің беттеріндей сарғыштанып барады. Оны жадымызда жаңғырту – шәкірттерінің міндеті.
«Сендер білесіңдер ме? Театр өнері мемлекеттіктен және меншіктен бұрын пайда болған. Дәлел керек десеңдер...», – деп тамағын бір кенеп алып, іңгә өмірдің жөргегінен бастап адами заттың алғашқы өрнегіне дейін баяндай жөнелетін. Бірде Сәкеңнің жан серігі Хафиза анамыз:
– Балам-ау, Сәкеңнің жазбаларын оқисың ба? – деп қоңыр көне дәптерді ұсынды. Алғаш бетін ашқанымда «театр» деген сөз жазылып, көп нүкте қойылыпты. Төмен қарай «Театр – қуаныштың көзі, театр – адамның ақылшысы, жан серігі, рухани азығы, адамның жаны», – деп жазыпты. Өнерге, театрға деген осы құрметтен, осы жазбалардан Шотықов Серіктің өз көрермендері, өз халқының алдындағы жауапкершілігін сезгендей болдым.
– Иә, ағаң 80-ге келіп жатыр. Халық әртісі көп емес қой. Өмірінің соңына дейін театрым деп, тебіреніп кеткен ағаларыңды ұмытпаңдар! – деп, қоңыр дәптерді кеудесіне басып, кемсеңдеп қала берді.
Үлкенмен де, кішімен де тіл тауып шүйіркелесе кететін бұл кісінің театр жөніндегі қызықты гастрольдік әңгімелері жаныңызды рахатқа бөлейтін осы әңгімелер арқылы жас актерді ізгілікке, адалдыққа тәрбиелеп отыратын. Театр сахнасына алғаш қадам басқан актерлер Сәкеңнің батасын алып шығатын. Ондайда «қадамың құтты болсын! Барыңды сал, өзіңді ұмыт, кейіпкеріңді кескінде, кейіпкерің болып өмір сүр. Сен енді өнердің адамысың»,- деп маңдайынан сүйіп, сахнаға шығарып салып, қараңғы кулисадан бақылап отыратын. Жас актерлар спектакльден кейін:
– Ата, көрдіңіз бе? Қалай ойнадым? – деп ақыл-кеңесін тыңдайтын. Бұндайда Сәкең: «Іздену керек, оқу керек, кейіпкеріңді зертте, өмірбаянын біл. Әлі де шыңдалуың керек!» – деп, шеберлік дәрістерін түсіндіріп те, көрсетіп те отыратын.
Сәкең актер болумен қатар, режиссера саласында да жұмыс жасады. Сәкеңді көп жылғы актерлық еңбегі театр өнеріндегі тәжірибиесі режиссера саласына алып келді. Пьеса сюжетіне терең деңдеу әрбір диолог-монологтың ара-жігін ашып, тіпті олардың тыныс белгілеріне дейін тәппіштеп назар аудару – режиссер ұстаздың тұрақты міндеті болды.
Иә, ол – ұстаз, режиссер. Сәкең жоқты жамыратудан аулақ болатын. Алқын-жұлқын өрескел әдеттерден бойын алыс ұстайтын. Ұлттық мінез-құлық дәуір заман үрдістерін негізге алатын. Қойылымның образдық нұсқасын, оның жанрлық шешімін табар тұста автордың табиғатының өзіндік ерекшелігін сақтай білетін.
Сәкең әрдайым Әуезовты Әуезовше, Мүсіреповті Мүсіреповше, Шекспирді Шекспирше, Шиллерді Шиллерше оқып түсіну міндетіміз деп, актерларға талап қоятын. Сәкең қолына тиген пьесаны бас-көз демей қайшылап-қидалаудан гөрі, оның логикалық болмысын таразылап, оның жаратылыс табиғатына сәйкес байлам жасауға ұмтылатын.
Оған мысал, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді», Қ.Сүйенішовтің «Кемпір-шалдың кенжесі», С.Балғынбаевтің «Бізде ғашық болғанбыз» пьесалары. Бұл қойылымдарда актерлық шеберлік пен оқиғаның үндесуі, адами қалыптан алшақтамауы, актердің жаны айнадан көргендей көз алдыңда көлбеуі, бәрі режиссерлық шеберліктің көрінісі екені айғақ.
Ақшалы ақ шаштыға ақыл айтатын алмағайып заманда адам баласының бойынан асыл қасиеттердің алтын қазынасын ортаймауын көздейтін көреген бір өнер киесі – театр.
Тамшы терден тұратын актер еңбегі – топырақтан жаралған жапырақ жүректерге ізгілік нұрын сеуіп жүрген қарлығаш қанатындағы су секілді мөлдір, асқақ, құнды.

...Мың тағдырды бір басқа сыйдыратын,
Актер болу азаптың азабы екен...

Иә, ол бір тағдырымен мың тағдырдың тақсіретін сездіріп, заманының өкпек желіне көкірегін төсеген көп тектінің кейпіне еніп, күңіренді де күйінді, еміренді де сүйінді...
«Қазақ ССР-нің халық әртісі» деген атақтың иесі, дарынды актер Серік Шотықов осындай өркенді өнер иесі еді...
Театр өнері – кеңге көсіліп, керіліп-созылып жүруді,басы артық кісімсіп, кердең қағуды қаламайтын ерекше кәсіп. Жаны күнді, жүрегі нұрды сүйген киелі өнер иесіне сахнадағы кез келген бейнесін жасау үшін ерекше ізденімпаздық, білім мен білік керек.
Бірде шіренген шекпенді, бірде балағын байпақ қысқан бектерді, бірде өлермен өктемді, бірде бозбала көктемді бейнелеп, көрермен алдында көкірегінің ақсарайын айқара ашу – әрбір актердің айнымас парызы. Ал мұндай тұста Сәкең ерекше нұрланып кетеді. Ол сомдаған әрбір образ өмірдің өзінен өріліп жататын. Әр тағдырдың жүрек лүпілін дауыс дірілімен, қимыл ғұмырымен, қиял құпиясымен, мінсіз мұқиятымен дөп басып жеткізетін. Мысалы, «Кемпір-шалдың кенжесіндегі» көрші журналист, «Келіндегі» Дарымбет, «Қыз ақысындағы» парторг және тағы басқа рөлдерді жатқызуға болады.
Көзіндегі жарқылмен, қажырлы қарқынмен, табиғи тартыммен көзі қарақты көрерменнің көкей пердесінен күн күлдіріп, ай толқытатын асқан сиқыршы сахна сардарларының сапынан табылатын Сәкең кешегі Серке, Сейфолла, Қасымдардан бірде кем емес еді. Сахна деген сырлы әлемнің құпиясын сиямен жазып жаттамай-ақ, олар шөлдегеннің сусынын қандырып, жабырқағанның жұлдызын жандырды. Талант таразысының бір жағында – дарыны, екінші жағында – еңбекқорлығы егіз өнген Сәкең әріптестерге әрдайым қабырғалы кеңес, ағаға – айбар, ініге – ізет, шәкіртке – шырақ бола білді...
Заман дәптері Қазақстанның халық әртістері Шолпан Бәкірева, Жібек Бағысовалармен парақталып, еңбек сіңірген әртістер А.Арысбаева, Т.Айнақұлов, Б.Алпысбаевтармен сабақталды. Б.Темірбеков, Р.Ахметовтермен бекіді.
Сәкең – сындарлы шабыт иесі, Ерең еңбегі, табиғи таланты көзі тірісінде де назардан тыс қалған жоқ. Ғылым Академиясы шығарған 2 томдық «Театр тарихы» атты зерттеу еңбекте Сәкең сомдаған бейнелер биік тұғырдан көрініп, өшпес тарихқа алтын әріптермен жазылғандай...
Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» комедиясындағы Хайдарбек образы арқылы парақорлық пен алаяқтықты, мансапқорлық пен жағымпаздықты көрерменін сендіре суреттеп, күлдіре отырып, күмілжітетіні әлі күнге өзектілігін жоймаған өлермен тақырыпты өңменіңнен өткізе қозғауы таңдай қақтырарлық.
Сәкеңнің «Ақан Сері – Ақтоқты», «Оптимистік трагедия» спектакльдерінде де жұлдызы жарқырай көрінді. Тынымсыз еңбек, төккен терінің арқасында «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағын алып, абыройы аспандады. Бұдан кейін «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл өнер адамына деген мемлекетіміздің құрметі.
Серік – абзал әке, мейірбан ата болды. Кіндігінен тараған бес баласы, немере-шөберелері өсіп, ержетті...
Сіз алып бәйтерексіз,
Жапырағын жел жұлмаған.
Көз ашқан бұлақтардан,
Мұнтаздай мөлдір ғалам.
Сіз деген шежіресіз,
Кеудесі көмбе ұрлаған.
Көненің көзі де сіз –
Тарихым теңбіл далам...
Өшпес өнердің иесін қадірлейтін, ұрпағына үлгі қылатын қазақы қасиетіміз тұғырынан түспесін!

Оңталап НҰРМАХАНОВ,
Ақын, режиссер, сценарист
02 тамыз 2018 ж. 985 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области