АСЫҚПА! САБЫР ЕТ!
«Асықпаған арбамен қоян алады» деген аталы сөз бар қазақта. Асықпай алшаң басып жүріп-ақ көптеген жетістіктерді бағындыруға әбден болады. Бұл – көзін тапқан адамға ең тура жол.
Дегенмен, асықпаудың жөні осы екен деп барлық шаруаны «ертеңге» ысырып қойып жатуға тағы болмайды. Біздің бұл жазбадағы «асықпа» деп отырғанымыз барлығын бірден жасауға ұмтылмай, жетістіктерге сатылап жетудің маңызын түсіндіру.
Міне, осы кезде ғана адам асықпай үлкен белестерді бағындырады. Бір мысал келтірерлік. Мысалы, ұзақ қашықтыққа шабатын бәйге аттарын соңғы айналым қалғанша басын тартып ұстап, қамшы салмайды. Өйткені, күшін сарқып алмау қажет. Ал соңғы айналымдарға қарай межеге бірінші болып жету үшін бойдағы бұла күшке тәуекел артып, басын босатып қоя береді.
Егер сен бәйге бастала салысымен атқа қамшы басып, оз шапсаң, қара үзіп кетерің анық. Бірақ айналасы бір-екі айналымға толмай жылқы болдырады. Ал бір-екі айналымда оза шапқаннан бәйгенің бас жүлдесін саған ешкім бермейді.
Міне, өмірдегі бәсеке жолы да осындай. Бірден нарықты жаулап, шытырлатып ақша санап отырамын деген мақсатпен кәсіп бастау – ақымақтық. Алдымен мақсат қойған межеңе алғашқы қадамды жаса. Содан кейін ақырындап дамыта бермексің. Ең бастысы – асықпа!
«Сабыр түбі сары алтын. Сабырлының бәрі алтын!» Өмір соқпағында асықпай озып, бәйге жүлдесін ал!