Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШОПАН ТАЯҒЫН ҰСТАҒАН АҚЫН

ШОПАН ТАЯҒЫН ҰСТАҒАН АҚЫН

Өткен ғасырдың 80-шы жылдардың аяғында «Жіңішкеқұм» совхозының №1 фермасының орталығы-Атанши орталау мектебіне мұғалім болып бардым. Жаңа қоныс, жаңа адамдар. Сырттан барған соң бәріне назар аударып, көз салып, құлақ қойып жүресің. №1 фермада ол кезде совхоздың қой отарларының жартысына жуығы топтастырылған. Құм іші мыңғырған. Атанши жері нулы жер. Жағалай құм ішіне отыз шақты қой отары орналасқан. Сол жылғы көктемгі қой төлдету науқанында әр аналықтан пәлен қозы алу деген социалистік жарыста озып шыққан шопан Бурабай Бершімбаев екен. Жезделігі бар болып шықты. Әлгі жақсы көрсеткіші үшін сол жылы аудан басшыларының қолынан «Луаз» маркалы көлік мінген екен.
Бурабай нағыз еңбек майталманы. Әкеден келе жатқан бақташылықты жалғастырып, әуелі «Арал» кеңшарында қой бақса, 1981 жылы осы Атаншиға ауысқан екен. Содан бері қоғамдық мал басын көбейтуде әлгіндей нәтижелерімен көзге түсіп, еңбегінің жемісін көре бастапты. «Мал баққанға бітеді» дегендей, бұл фермада Тоқтықара Баймырзаев, Бозғұлан Құлмағамбетов, Шыңдалы Әбдіраманов сынды мал мамандарымен қатар, Кенжебай Рахманов, Әлнияз Жұмақов, Бекболат Мұсаев, Жақсылық Жолшораев сияқты ондаған шопандар ферма атын ауданға белгілі етіп тұрды.
Ауыл арасында Бурабай қойшының суырып салма ақындығы туралы әңгімелер айтылады. Онша мән бермейтінмін. Сөйтсем, кез келген отырыста, басқосуда жұрт оның пәленге, түгенге айтқаны деп шығарған өлеңдерін жатқа айтып, уытты әзіліне, шымшыма мысқылына миықтарын тартып, рақаттана күлісіп жататын. Шопан азаматтың осындай қағытпа әзіл өлеңдері осы күнге дейін елдің есінде. Жақында Шымкент қаласынан жарық көрген жерлесіміз Оразалы Сақтағанның «Жалған дүние» атты биыл ғана баспадан шыққан кітабы қолымызға тиген. Сөйтсек, өзі де осы Жіңішкеқұм совхозында шопан болып еңбек жолын бастаған автор әлгі жинағына «Бурабай ақынның өлеңдері» деп біршама шумақтарын енгізіп, бас салып оқи бастадық.
«Менің атым Бурабай,
Ет жемеймін турамай.
Ашулансам бірақ та,
Шайнап алам бурадай» деп өзі туралы бір қайырып алған шопан ақын: «Сұрасаң туған жерім Қарашеген,
Ол жерді өз көзімен кімдер көрген,
Ауласы жұпар иісті, суы тәтті,
Шөл қанып адамзаттың тіл үйірген.
Тағы бір бұрынғы еңбек еткен кеңшарының директорына:
Сұраған бір киіз үй құның ба еді,
Сұрасақ он бес сом да пұлың ба еді.
Айтқызбай бермедің ғой талай сөзді,
Жиғаның өз басыңа жылу ма еді» деп өзінің басындағы жайды жырға қосады.
«Атаншидегі аэропорт (ықпана) мысқылында: «Жұбатқан мен Ағыбай салып еді ықпана, қойшыларым көз тігіп жүрген еді сұқтана» деп сол ауылдағы аэропорт басындағы ықпананың қалай болса солай салынғанын мысқылмен түйреп, «Қаржы кетті желге ұшып, Ағыбай қалды жер құшып. Самолет жүр қонбастан, Аспандатып әлі ұшып, деп болған жайды түйрелеп кетеді. Сондай-ақ, «Дүкеншіміз Мелдебек, Машинаң қашан жөнделед. Айына бір соқсайшы, Кел демейміз күнде деп, деп автолавка жайынан хабар береді. Және де өзінің құдай қосқан қосағына да: «Айымкүл кетті қалаға, Киім іздеп балаға. Күл болмасаң бүл бол деп, Тастап кетті далаға» деп әзілді назына жеткізеді.
Бурекеңнің осындай шумақтарын оқи отырып, сол кездегі малды ауыл Атаншидің өзіне жете таныс, аралас-құралас болған адамдарының мінез-құлқы, тыным-тіршілігі көз алдыңа келеді.
Бүгінде Бурабай аға өмірлік жары Айымкүл екеуі Ақтөбе қаласында тұрады. Балалары ер жетті, қыздары бойжетіп өз орындарын тапқан. Анда-санда телефон шалып қояды. Әлі сол баяғы ұйқасты сөзден жағы жаңылмаған, «Аманбысың балдызым, Аралдағы жалғызым» деп аман-саулықты өлеңдете бастайтыны бар. Әрі қарай да өлеңді аяқасты өрбітіп жібереді.
Иә, өмір жолы сан тарау. Жастайынан өлеңге, ұйқасты сөзге ұста болып өскен жасөспірім Бурабай қолына кәделеп қалам ұстамады. Ақын боламын деп ауылдан ұзап үлкен қалаларға бармады. Әке жолын жалғастырып қолына қойшы таяғын ұстап, мәнді де мазмұнды ғұмыр кешті, ортасынан озып еңбек майталманы атанды.

Ерғали АБДУЛЛА
24 тамыз 2018 ж. 867 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области