Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Дана жұртымызда «Мал баққанға бітеді» деген аталы сөз бар. Байыптап қарайтын болсақ, көптеген жан береке малда екенін ұғынып келе жатқандаймыз.
  Оның үстіне кәсіп қыламын, мал бағамын деуші жандарға мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде.
  Түрлі қаржы-несие ұйымдары арқылы бастапқы қаражат берудің жеңіл әрі қолайлы тетіктері қарастырылған. Міне, осы бағытқа бет бұрып, өзінің барлық ынта-ықыласымен мал бағуға кіріскен жандардың бірі – Зейнет Әжіғұлов.
  Адам баласына есім де тегін берілмесе керекті. Зейнет ағамыз жас кезінде бейнет көргенімен, бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырған құрметті жандардың бірі.
  Сонау жас күнінде ел қатарлы механик, жүргізуші болып еңбек еткен кейіпкеріміз, сол бір қалыпты тірліктің келешегі баянды бола қоймасын сезінсе керек. Уақыт өте осы мал шаруашылығына бет бұрған.
  Ол алдымен мал ұстайтын жайылымдық жердің шаруасын ретке келтірді. 2011 жылы мал сатып алып, оны баға бастады. Бүгінде Зейнет ағамыздың төрт түлік малы сонау Жіңішкеқұм елді мекені жағындағы «Қаратүзген» жерін жайылым еткен.
  Зейнет Әжіғұлов – үкіметтен ауыл шаруашылығы бағытына қолдау білдірілген алғашқы кездерде-ақ, шағын несие ұйымдары арқылы пайызы аз несиеге қол жеткізгендердің бірі. Нақты айтар болсақ, 2013 жылы «Арал ырысы» шағын несие ұйымы арқылы 3 млн. теңге несие рәсімдеп, оған түйе сатып алыпты. Сол кездерден бастап өзінің адал еңбегінің жемісін жеген ағамыз шаруа қожалығының төрағасы ретінде және әулеттің отанасы Нұрсұлу да өздеріне қарасты қалыпты тірлікке сырттай бақылау жасап келеді. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып та отыр. Балалары да адал еңбек жемісін беретініне сенімді.
  «Сапақазған» базы Әжіғұловтар әулетінің берекелі өңіріне айналғалы Зейнет ағамыздың ойынан қазақтың ақбас сиырын өсіріп, одан өнім алу мақсаты күні кешеге дейін бір шыққан емес. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, сол бір қадамға бірден аяқ басқысы да келеді. Десе де, үкіметтің көмегіне иек артатын ол аз-кем ойланып, райынан қайтып қалатын.
  Міне, сол бір ұзаққа созылған ойдың іс жүзінде жүзеге асар сәтін де өткен жылы келтірді. Кәсіптің көзін тапқан жан тағы да сол аталған шағын несие ұйымы арқылы тәуекелге бел байлап, ет бағытындағы қазақтың ақбас сиырының басын ұлғайтпақ ниетпен, жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, несие алды. Бұл жолғы несиенің жалпы көлемі алғашқыдан екі есе көп.
  Есесіне, бұл қожалықтың меншігінде бүгінде асыл тұқымды ақбас сиырлар бар. Соның арқасында Зейнет ағамыз осы жылы қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқасын өзгеге сататын жағдайға жетіп отыр. Үкіметтің беріп отырған осындай мүмкіндіктерін алға тартқан кейіпкеріміз Зейнет Қайыңбайұлы:
 – Қазіргі заманда жұмыс жасап, тұрмыс түзеймін деген жандарға мүмкіндіктер толып жатыр ғой. Мәселен, мен де бір кездері бір айлыққа күнім қараған қарапайым жұмысшы едім. Бүгінде жұмыс берушімін. Қазір шүкір. Осы төрт түліктің арқасында бала оқытып, оларды құтты орындарына қондырып жатырмын. Өзіне сенімді, қолға алған кәсібін одан әрі дөңгелетіп кете алатын жандарға «Арал ырысы» сынды шағын несие ұйымдарының берер көмегі мол болып отыр. Бүгінде сол аталған серіктестік 100-ден астам шаруаларға қажетті мөлшердегі қаражатын аздаған пайызбен беріп отыр.
  Біз елімізде мұндай мүмкіндіктердің барына дән ризамыз. Бастысы, ниет керек екен. Қазіргі уақытта екі балам да өз алдарына еңбек етіп, үкімет берген сол мүмкіндіктер арқылы өз алдарына мал бағып, тіршілік етпек. Ерінбей еңбек еткен жанға Алла несібесін молынан береді, – дейді.
  Иә, «Мал-жаның аман ба?!» дейтін қазаққа мұнан асқан аталы сөз болмаса керек-ті. Міне, сондай тілекпен таң атырып, кеш батыратын кейіпкеріміз үнемі мал-жанының амандығын бір Алладан тілеп отырады. Осы шаруаға бетбұрыс жасағалы дастарқанынан ақ үзілген емес.
 – Келінім «түйеден мардымды сүт шықпайды» деген соң, өткен жылы Қарақалпақстаннан әр басын 700 мың теңгеден 3 бас сүтті аруана сатып әкелдім. Бүгінде олардың әрқайсысы күніне 5 литрден сүт береді, – дейді қожалық төрағасы.
Шынайы еңбек әркез адамды абыройға бөлері анық. Қай заманда болмасын береке малда. Мұны қазақ халқы ерте заманнан ұққан.

А.ҚАРАСАЙ,
Арал ауданы

24 сәуір 2018 ж. 859 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области