ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕСТІ ҚОЛҒА АЛҒАН ШҰҒЫЛА
Қазіргі таңда тек үлкен қалалар ғана емес шағын елді мекендерде тұратын кәсіпкерлер де қолайлы жағдай жасалған. Олар шалғайдағы елді мекенде тұрса да мемлекет ұсынған жәрдемнен тыс қалып жатқан жоқ. Шұғыла Рахметова да өз кәсібін ашуды көптен ойластырып жүрген-ді. Отбасымен келісіп, бір байламға келген Шұғыла кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Алдымен осы жерден тиісті білімін жетілдірді. Сонан соң «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы 4 млн. теңге несиеге алды.
«24 бас мал алып, қолда 2-3 ай бағып, оның 7 басын саттым. Оның орнына бордақыға жылқы сатып алып, бордақыға қойдым. Жылдың басында бордақылаған малды саттым. Бағдарламаның тиімділігін көріп отырмын. Өзім сияқты қарапайым адамдарға да қолжетімді екендігіне, ешқандай да таныссыз несие алуға болатындығына көзім жетті. Тек талаптану керек», - дейді кәсіпкер келіншек.
Нақты кезеңде жас кәсіпкердің қорасында бордақыға байлап отырған жылқылары мен баспақтары бар. Одан бөлек сауын сиырларын күнделікті сауып, сүтін ішеді, артылғанын сатады. Жолдасы – жұмыста. Сондықтан Шұғылаға атасы мен енесі көмектеседі. Отбасылық бизнес болғандықтан оның жемін беру, шөбін салып, астын тазалауды отбасы мүшелері жұмыла бірге атқарады. Алдағы жоспарлары мал басын көбейтіп, қораларын кеңейту. Қосымша жұмыс орындарын ашу.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл бизнесін қаржыландыруда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның маңызы зор. Ол әсіресе ауылды жерде жұмыс жасайтын шағын бизнес өкілдері мен ауылдарда өз ісін ашамын немесе кеңейтемін деген азаматтар үшін оңтайлы.
«Бүгінгі таңда ауылдағы ағайын үшін жобаларды қаржыландыруға қолайлы қаржы институттары – «Қызылорда» өңірлік орталығы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» болып отыр. Бұл ретте біздер, кәсіпкерлер палатасы мамандары кеңес беріп, құжаттарын әзірлеу, бизнес-жоспарын дайындау сынды қызмет түрлерін тегін көрсетеміз. Сонымен қатар, кәсібін сүйемелдеуге атсалысамыз», - дейді кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Олжас Аяғанов.
Айта кету керек, кәсіпкерлер палатасы өз ісін бастаймын деген азаматтарға кеңес беруден бастап, жобасын аяғына тұрып кеткенше сүйемелдеу жұмыстарын көрсетуге әзір. Бастысы, аталған палата тарапынан көрсетілетін қызметтердің барлығы да ақысыз.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі