ҚАРМАҚШЫДА СЫБАҒА БАҒДАРЛАМАСЫ ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласында оң өзгерістер жиі көрініс тауып, мемлекет тарапынан шаруашылықпен айналысушыларға қолдау көрсетілуде. Оның бір дәлелі, бүгінде ауданымыздың қай ауылына барсаңыз да қызу еңбектің үстінен түсесіз. Егінші егіннің, малшы малының, бағбаншы бағының жайын жасауда. Кәсібінен нәсібін тауып, игілікті тіршілігімен шаруасын шалқытып отырған Иіркөл ауылдық округі, «Ертілеу» шаруа қожалығының қазіргі жағдайы көңіл қуантады. Қожалықтың иесі Құрманаев Бекболат өзі шаруасын дөңгелетіп жүрген жан. «Ертілеу» шаруа қожалығының іргетасы 2006 жылы қаланған. Содан бергі он бір жылдың ішінде өрісі кеңейіп, қорасы малға толды. Шаруа қожалықтың жалпы жер көлемі 1122 гектар. Оның 1101 гектары жайлымдық, 21 гектары шабындық жер.
Биылғы жылы 14 мың дана пішен пресс, 3 мың дана жоңышқа және 4 мың дана сабан пресс дайындалды. Ал, төрт-түлік мал басына келер болсақ, барлығы 221 бас мүйізді ірі қара, 345 бас қой-ешкі өсіріп, еңбекпен ырзығын табуда. Сондай ақ, қожалықта 1-МТЗ-80, 1-ЮМЗ тракторы, 1-жатка, 1-прессподборщик және басқада ауылшаруашылығы техникаларының қатарын көбейтіп, шаруашылық жұмыстарына тиімді пайдалануда. 2014 жылы «Аграрлық несие коорпарациясы» арқылы 9 млн теңге несие алып, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, оған 52 бас аналық сиыр, 3 қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқасын сатып алып мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Осылайша кәсіпті дамытуға ұмтылған төраға өзінің ерік-жігерімен, мемлекеттің қолдауымен қолға алған кәсібін дөңгелетіп отыр.