1560 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ «БИЗНЕС КЕҢЕСШІ» КУРСЫН ОҚУҒА НИЕТТІ
Қызылордада «Бизнес кеңесші» оқу курсы үлкен сұранысқа ие. Жыл өткен сайын аталмыш курсты оқуға қызығушылық танытушылардың қатары артып келеді.
Мәселен, Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлері жыл басынан бері 804 қызылордалықты (оның ішінде 389-ы грантқа қатысу үшін оқығандар) «Бизнес кеңесші» курсы аясында оқытқан болса, әлі де 1560 азамат кезекте тұр.
Аталмыш курс аясында оқып, кәсібін жетілдірген азаматтың бірі Ермек Жақатаев.
Мал шаруашылығымен ерте айналысқан Ермек Жақатаев халқымыздың «мал баққанға бітеді» деген тәмсілін санасына жастайынан сіңіріп өскен.
Ерінбей еңбек етсе кәсіптің қиындығы болмайтынын білетін кәсіп иесі мал бордақылаумен айналысуды ұйғарады. Өз ойын жүзеге асыру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп бизнес біліктілігін де шыңдайды. Осылайша «Береке» бағдарламасы арқылы 4 млн.теңге несиеге қол жеткізеді.
- Біз бұрыннан мал ұстап келеміз. Жаңа бағдарлама шығып жатыр дегенді естіп туралы естігеннен кейін Кәсіпкерлер палатасына барып, мамандарынан кеңес алдым. Екі күндік «Бизнес кеңесші» оқуын оқыдым. Содан кейін мемлекеттік бағдарлама аясындағы 4 млн.теңге несиеге алынған малды қыс бойы бағып, бордақылап, соятынын сойып саттық. Кейіннен малдың басын көбейтсек деген мақсатпен сиырларды алдық. Қазір енді бұл сиырларымыз да төлдеп жатыр», - дейді кәсіпкер Ермек Жақатаев.
Алған несиеге баспақтарын алып, қорасын қоралап, жем-шөбін түсіреді. Кәсіпкердің қыс бойы бордақылап баққан баспақтарының күйі жақсы, қоңды. Енді алушы табылса сатып, қаражатқа айналдырмақ. Одан бөлек қорасында сауын сиыры да бар. Күнделікті сауып, сүтін ішеді, артылғанын сатады. Отбасылық бизнес болғандықтан оның жемін беру, шөбін салып, астын тазалауды отбасы мүшелері бірлесіп атқарады. Кәсіпкер енді жылқы байлап, бие сауып, айналасындағыларды саумалмен де қамтамасыз еткісі келеді.