Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АУЫЛ ӘКІМДЕРІ КӘСІПКЕРЛІК БАҒЫТЫНДА БІЛІКТІЛІКТЕРІН ЖЕТІЛДІРДІ

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ КӘСІПКЕРЛІК БАҒЫТЫНДА БІЛІКТІЛІКТЕРІН ЖЕТІЛДІРДІ


    Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында екі күн қатарынан облысқа қарасты барлық ауылдық округтің әкімдері үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Екі күнде 200-ге жуық ауылдық округтің әкімі кәсіпкерлік саласына қатысты біліктілігін көтерді
    Қазір тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тарту тек кәсіпкерлер палатасы немесе кәсіпкерлік бөлімдері ғана емес, барлық деңгейдегі аудан әкімдерінің тікелей міндетіне айналды.  
    Қаладағы барлық қаржы институттарының өкілдері қатысқан шарада кәсіпкерлікті ашу, дамыту және қаржы алу механизмдері туралы айтылды.
    Шеберлік сағаты басталмас бұрын кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Салауат Құлмахан палатадағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысы, кеңесшілердің қызметімен таныстырды.
    – Облыстық кәсіпкерлер палатасы бүгінгі күнге дейін түйткілді мәселе болып келген кәсіпкерлік үшін жер учаскесі мен құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарды рәсімдеу шараларын «бір терезе» қағидатымен жеңілдету мақсатында облыс әкіміне ұсыныс жасап, нәтижесінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Орталық техникалық шарттар мен жер учаскесін рәсімдеу қызметін көрсетіп, құрылысқа рұқсат құжаттарды алуда сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл орталық қызметі республика көлемінде озық жоба ретінде танылып, басқа өңірлерде қызығушылық танытуда, - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ғалымбек Жақсылықов.
    Қазір Қызылордада толық форматты Кәсіпкерлер үйі жұмыс жасайды. Кәсіпкерлер үйінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік өңірлік орталығы, жобаларға сараптама жасау орталығы, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, прокурор кабинеті секілді бизнесті қолдауға арналған барлық институттар орналасқан.
    Бүгінде Кәсіпкерлер үйі – бизнес өкілдеріне арналған «супермаркет» қызметін атқаруда. Бұл жерде кәсіпкерге өзінің бизнес идеясы мен бастамасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Яғни Кәсіпкерлер үйіне бизнес идеясымен келген адам кеңес алудан бастап, кәсібін тіркеу, бизнес-жоспарын әзірлеу, біліктілігін көтеріп, жобасын қаржыландыру, сүйемелдеу сынды мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне бір жерден қол жеткізе алады.
    Нәтижесінде бүгінде Кәсіпкерлер үйіне келетін қызылордалықтардың саны артты. Мәселен, 10 айдың ішінде қала, аудандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан 6083 азамат 12 354 кеңес алған. Ал «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы 8 сервистік қызметті алушылар қатары жоспардан асып 198,5 пайызды құрады.
    – «Бизнес-мектеп» компонентінің «Бизнес-кеңесші» жобасы сұранысқа ие бастаманың бірі. Биыл 800 адамды оқытуды жоспарланса, сұраныстың көптігінен 10 айда 1460 адам біліктілігін көтерді. «Бизнес-Өсім» құрылымы да өңірде танымал. Бұл бағытта биыл жоспар 120 пайызға орындалды. Осы жылдан бастап республика бойынша жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы аясында биыл 937 қызылордалық оқып, бизнес жоспарларын қорғады. Нәтижесінде қаржы ұйымдары арқылы жалпы құны 585,7 млн.теңгені құрайтын 173 жоба қаржыландырылды, - дейді палатаның кәсіпкерілкті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Салават Құлмахан.


28 қараша 2017 ж. 771 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области