ҚЫЗЫЛОРДАДА «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ӨКІЛДЕРІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы ашық пікір алаңын ұйымдастырып, онда бизнес ортаны жақсарту және кеңейту мәселесі талқыланды.
Шараға партияның Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, Қызылорда облысы кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов, Қызылорда қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанмұрат Сейілов, «Жабдықтау» ЖШС директоры Алтынбек Сүйінтаев, Қызылорда облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ма¬мандары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
– Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ел дамуына ерекше үлес қосатын кәсіпкерлік салаға үлкен басымдық беріп отыр. Стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Оны орындау үшін түрлі қадамдар жасалуы қажет. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге мүмкіндік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек, – деді Ш.Әбдірахманов.
Жиын барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясындағы жұмыстарға тоқталып, қаржының игерілуін сөз етті.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өңірімізде жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2017 жылы барлығы 779,619 млн теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттар негізінде, 2 035 жұмыс орны сақталып, сондай-ақ 371 жаңа жұмыс орнын құру жөнінде міндеттемелер алынды. Қазіргі таңда тиісті компоненттер бойынша қаражаттар мақсатты түрде игерілуде, – деді ол.