Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ӘН ЖАНРЫНЫҢ ӘЙГІЛІ МАЙТАЛМАНЫ

ӘН ЖАНРЫНЫҢ ӘЙГІЛІ МАЙТАЛМАНЫ


Жанымдағы жолсерігім сексенге жақындаған сергек кісі. Өзі ғажап әңгімешіл жан екен. Жүрдек поезд жазық дала мен таулы жерді, төбе мен төскейді артқа тастап жүйткіп келеді. Қария «Жол қысқарсын» деп басталған әңгімесін әрі өрнектеді.
Оның қоңыр даусы, айтқан әңгімесі жүрегі өнерге, ән мен жырға жақын адамды тебірентпей қоймайды. Мен де есті естелікке құлақ түріп, қарияға жақындай түстім. Жаңа ғана жабырқап тұрған көңілім көтеріліп, еңіске құлдилаған қиял құсым биікке самғай жөнелді. «Өнер деген не деген құдірет?!» деп ойладым сол сәтте. Адамның болған оқиғаны әдемі жеткізе білуі де шеберлік қой. Әңгімеші қарт та: «тыңдап отыр ма?» дегендей айналасын шола қарап қояды. Тамағын кенеп алып, «жақсы естелікті айналаңдағы адамдарға жеткізу де сауап», - дейді.
«Мен көпшіліктің арасында өскенмін. Замандастарым маған «құйма құлақ» деп ат қойған. Өзім ән айтпағанмен өнер адамдарын қатты құрметтеймін. Әсіресе, Шәмші әндерінің барлығын дерлік жатқа білемін. Ол кісінің әуендерінің жазылу тарихы, өмірі жайлы ел ішінде айтылатын естеліктерді шаршы топта айтып отырамын. Менің бүгінгі әңгімемнің төркіні Шәмші жайлы. Менің құдам Шәмші туған Оңтүстіктің Отырар ауданынан. Бұл оқиғаны сол кісінің аузынан естігенмін. Есті әңгіме болған соң есімде қалыпты», - деп терең күрсінген ақсақал әңгімесін бастап кетті.
Шәмші ата-анасының зарыға күткен перзенті екен. Әкесі Қалдаяқ ұл туса Жәмшид патшаның атын қоям деп жүреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды. Болашақ композитордың ата-анасы Қалдаяқ пен Сақыпжамал әуелетіп ән салғанда жиылған жұрт бірге қосылып шырқайтын болған.
Өз кезінде Шәді төренің ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасап, шеберлігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан екен. Бала анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайды. Анасы Естайдың «Қорланын» айтып отырып бесік тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні – «Қорлан» екен...
Ол мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүреді. Бір күні ауылға келген сыған жігітінен мандолина сатып алып, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде орындап, жұрттың қошеметіне бөленеді. Ол бірден өнер жолына түспейді. Әкесі оның мал дәрігері болғанын қалайды. Сол себепті де ол Қапланбектегі зооветтехникумды, кейін Сахалиндегі әскери училищені бітіреді. Кейін Ташкент қаласындағы музыка училищесін, содан соң Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған. Белгілі өнер зерттеушісі, композитор Ілия Жақановта Шәмші жайлы естелік көп. Ол кісі ғажап композитордың сәулелі сәттерін қағаз беттеріне түсірген. «1957 жылдың қоңыр күзі әлі есімде. Опера театрының үстіңгі қабатында композиторлардың музыка тыңдайтын кеші өтетін, сонда Әблахат Еспаевқа жолықтым. Қағылез келген бір жігіт «Қыз сағынышы» әнін айтып тұр екен. Әбілахат:
Әнебір жерін сәл көтерсең қайтеді? - деді.
– Ол жерін көтерсем татаршаға ұқсап кете ме? – деп қорқам деп, өз ойын айтты. Сол жерде біз таныстық. Бұл – Шәмші Қалдаяқов еді. Ол әнді еркін жазады. Мен оның бойындағы импровизаторлық қасиетке таңғалдым. Ол ағыл-тегіл, еркін төгілген әуенге ие бола алмайды. Менің шығарған әндерімді Шәмші ойнағанда қиялымды байытып отыратын» дейді ол.
Шәмші жайлы тағы бір үзік естелік есімде қалыпты. Жан сарайын ән тербеген аяулы жан Тәшкентте оқып жүрген кезінде сонда ән сапарымен Жамал Омарова барады. Сүйікті апайына ән шығарып жүргенін, консерваторияға түскісі келгенін айтады. Жамал апай оның үлкен өнер жолына түсуіне көмек береді. Бұл – 1956 жыл еді. Кейін композиторды қалың ел таныған «Қайықта» әнін алғаш Жамал Омарова орындаған екен.
Композитордың алтын қорда сақталған естелігі оның өмірінің арайлы шақтарынан сыр тарқатады. Көз алдымызға ән королінің ғажайып бейнесі елестейді. Ол осы сәтті былайша толқып жеткізген. «Біздер жас кезімізде вальс әуенімен тербеліп өстік. Танго, факстроттарды да билейтін едік. Ташкентте оқып жүргенде «Мен Алматыға барып оқуға түссем вальс мәселесін қатырып жазар едім» дейтінмін. Бұрын Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» деген бір ғана вальс бар еді. Қалғанын мен жаздым ғой деймін.»...
Көзі көргендердің айтуынша, Шәмші ән шығармаса әлденені жоғалтып алғандай күйге түседі екен. Үнемі ызыңдап әуен іздейтін көрінеді. Әннің өзі шабытты шақта ғана туатыны белгілі ғой. Бір күні Шәмші ой құшағында асыға басып ұстазы Латиф Хамидиге келеді.
– Өзім таңмын, аға! Маған ғашықтық сезімді жырлайтын бір тамаша ән келіп тұр, ғажап әуен! – дейді қуанышын жасыра алмай. Ұстазы әнді тыңдап көріп еді самалдай жұмсақ, назды да сазды ән жүректі еріксіз тебірентті.
– Бұл әннің бағын ашатын тек Роза Бағланова, - деді ол. Шәмші ә дегеннен қиял әлеміне еніп кетіп, «мен әнді «Ақмаңдайлым» дегім келеді. Енді сөзін іздеу керек» деді дегдірсізденіп. Осылайша, қанатқақты әуен өмірге келіпті. Сәті түсіп, бір аптаның ішінде Мұзафар ағамыз оның өлеңін жазып, оны Роза апай радиодан орындап, ауыздан-ауызға тез тарап кетті. Міне, атақты «Ақмаңдайлым» әні өмірге осылай келді деп шабытты әңгімесін ақсақал одан әрі жалғады.
Біртіндеп сазгердің есімі ел ішінде жаттала бастады. Өйткені оның жүрек пернелерін дөп басатын әсем әнін тыңдағанда өн бойы шымырлап, сыршыл сезімнің құдіретіне елтімейтін адам қалмайтын.
Елімен жанын егіз санайтын Шәмші де іссапармен Қазақстанның әр облысында болып халқымен қауышты. Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барса «Сыр сұлуы», Арысқа барса «Арыс жағасында», Жамбылға барса «Мойынқұмда» сынды тақырыптық әндерді шығарды. Ал ән қанатында қалықтаған сырбаз сазгердің патриоттық әндері қаншама!?.. Оның «Шынарым», «Арыс жағасында», «Ол жалғыз, біз екеуміз» әндері қос дауысқа арналып жазылған екен.
«Иә, айналайындар, Шәмші ағаларың туралы мен естіген әңгімелер өте көп. Бұл соның бір бөлігі ғана», - деді қария. Міне, Шәмшінің ән бесігінде тербеліп отырғанда лезде кешкі салқын түсіп те қалыпты. Әңгіме айтқан сайын ол кісінің жүзі нұрланып, баяу тербеліп отырады екен. Нағыз өн бойы өсиетке, тал бойы қасиетке толған қазақтың абыз қарты деп ауыз толтырып мақтан етерліктей. «Қарты бар елдің қазынасы бар», деп осындайда айтылған ау деп қазыналы қарияға сүйсіне көз тастап, қимай қоштастық.
Еске сала кетейік, аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов Түркістан облысы (бұрынғы Шымкент облысы) Отырар ауданында 1930 жылы 15 тамызда дүниеге келген.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
10 қыркүйек 2018 ж. 768 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области