МӘҢГІЛІК ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Шиелі ауданында биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бүгін «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тарқатпақпыз.
Ауданда «Атамекен» кіші бағдарламасы екі негізгі «Әлеуметтік бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» базалық бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Шиелі ауданында өңірден түлеп ұшқан, әр салада табысқа жетіп, халықтың ықыласына бөленген азаматтардың қатысуымен «Туған жерге тағзым» акциясы өткен 2017 жылы бастау алған болатын. Акция аясында ауданымызда бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылып, Академик Асқар Жұмаділдаев, Ресей Федерациясы денсаулық сақтау Министрлігінің стамотология орталығының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Малкан Амхадова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжамал Құдайбергенова, филология ғылымдарының докторы, профессор Анаргүл Салқынбаева, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің генералы Олег Бижанов, генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов, жазушы-публицист Абдолла Дәулетов, «Айқын» газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан туған жерде болып, 90 жылдық тарихы бар Шиелінің абыройын асқақтатты.
Бұған қоса, «Туған жерге тарту» тақырыбында меценаттармен аудан тұрғындарының кездесуі өткізілді. Жаңа форматта өткен шарада өз кәсібінен несібе тауып, туған жерін түлетуге серпін берген, жомарт жүрек, елдік ұстанымын кейінгі ұрпаққа үлгі қылып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
«Мектепке тағзым» акциясы ұйымдастырылып, Парламент Сенаты депутаты Мұрат Мұхамедұлы, ғалым-педагог Маржан Пірімбетова, суретші, қолөнер шебері Сәуле Бапанова, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтпай, журналист, зерттеуші Қаршыға Есімсейітова туған жерде болып, жұртшылықпен кездесті.
«Тұлғатану» жобасы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойы аясында ғылыми конференция, республикалық ақындар айтысы өткізіліп, мектептен бюсті мен мұражайы ашылды.
Филология ғылымдарының докторы, ғалым Алма Қыраубаеваның 70 жылдық мерейтойына орай Бірінші мамыр ауылындағы Алма Қыраубаева атындағы №40 мектепте ғалым бюсті ашылып, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Жөлек ауылдық округінде «Тағылымы мол тарихи өлке» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жөлек елді мекенінің тарихы, ауылдан шыққан азаматтары туралы Бегімтай Сатаевтың «Сырдың сырлы Жөлегі» жинағының тұсаукесері болды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сұлтанәлі Балғабаевпен, облыстың бас ақыны атанған Махамбетқали Тұрсановпен, Әлшекей күйшінің күйлерін насихаттаушы, өнер ардагері Тынысбек Дүйсебековпен, Қорқыт ата мұраларын зерттеуші, насихаттаушы Рсалды Қалымбетовамен аудан жастарының кездесулері өткізілді.
Сонымен қатар, Жаназар батыр, Тұрсынбай датқа есімдері ауылдық елді-мекендерге беріліп, көше, жер-су аттары Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, Еңбек ерлеріне берілуде.
Оқшы ата, Қорқыт ата кесенелеріне, этноауылға, ортағасырлық Сығанақ, Сауран қалашықтары мен Түркістан қаласына, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне 100 ардагердің, 60 мүмкіндігі шектеулі азаматтың, 147 мүмкіндігі шектеулі балалардың саяхаты ұйымдастырылды. «Сыр ұланы» сауықтыру лагерінде демалған 100 бала «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанында ұйымдастырылған этноауылға барды.
Жібек БАЙМҰРАТОВА,
Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы