САҒЫНДЫРҒАН АУЫЛЫМ...
«Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынанда «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Онда кіндік қаның тамған жеріңе, туып-өскен ауылыңа яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншілік туралы айтылады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Оны қайда жүрсең де жүреңгіңнің түбінде әлдилеп өтесің. Сырда туған менің де өз ауылым бар, жүрегімнің төріндегі Жеткіөлім мен үшін бәрінен де қымбат.
Сайын даласы мен сарықұмында жуасы мен жуасы бұрқырап, қырында қозы-лағы шұрқырап табысқан ауыл бейнесі әсте естен кетпейді. Ондағы адамдардың бәрі туыс, бәрі бауыр болып кеткені соншалықты қолындағы бар-жоққа қарамай, аңқылдай дәм-тұзын ұсынатын дархан даладай пейілдерін айтсаңшы! Осылар еске түскенде ауылдан бір ағайын келіп қалардай жолға елеңдей қарайды екенсің...
Ауылға деген сағыныш жылдар өтіп, есейген сайын көңіл төрінде қалыңдай түсетін секілді. Анау көк жүзінде қалықтай көшіп бара жатқан ақша бұлт біздің ауылға бара жатқандай. Сон-а-ау бала кезімізде аспандағы бұлтқа қарап, көп армандап, көп қиялдаушы едік. Енді сол көктегі бұлтты көріп ауыл есіме түсе берді...
Туған Отан, туған жер, туған ауыл, туған ата-анаң – бәрі қасиетті де, қадірлі сөз. Туған Отаныңа арқа сүйеп, туған жеріңе табан тіреп тұрғанда төрт дүниең түгелдей көрінеді. Сол туған жеріңнен алыс кетсең адамдарын сағынасың. Одан қалды ауасын, суын, табиғатын аңсайсың. Туған ауыл жайлы сөз ести қалсаң, елеңдей түсесің. Сондайда әке-шешеңнің көзін көргендерге барып сәлемдескің келеді. Содан ата-баба ізі қалған киелі мекенге жеткенше асығасың. Балалық шағың өткен құтты мекен сені тосып тұрғандай көресің. Ауылдан түлеп ұшқан кез келген азаматтың адамдық қасиетін ұштаған, түлеткен, өмір томағасын сыпырған киелі мекені – осы туған жері. Кезінде «Ақ Жайық, сенің орның ала бөтен, Таппадым теңеу іздеп далаңа тең. Өзіңе деген ыстық махаббаты, Өзіммен көрге бірге ала кетем» деп қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза-Әлі «Қыз Жібек» киносы арқылы ұранды, қыранды туған жерге деген сағынышын осылай жеткізген-ді.
Мен өскен шағын ауыл – Жетікөлдің де табиғаты көктемде керемет болатын. Көл айдынында қайықпен жүзген шақты айтсаңшы. Оның ескегінен ақ моншақтар су бетіне жауһардай үзіліп түсетін. Ол шақ әлі естен кетпейді. Ауыл маңында «Шошқаөлген», «Көктіңкөлі», «Терісөзек», «Қараой», «Маңабай», «Жыңғылдыкөл», «Мақпалкөл» көлдері бар. «Шошқаөлген» көлі торыала қаздың мекені еді. Сол торыала қаздарды аңдып, Мәден жездеміз құмай тазы аламын деп жыл бойы көл жиегінде ұясын қараумен жүретін. Әсіресе, аузын ашса жер көрінетін, қысқа ғұмырлы, сәби көңілді, ауылдың белді механизаторы атанған Төлегенов Ортай ағайдың Қожанасырлығы бір аңыз. Бірде бір жеңгесі «Ортай-ау, ғалым болам деп жүрсің бе, бір класты 2 жыл орныңда қалып оқып, саған не болды, соншама?» деген екен. Сонда Ортай ағамыз асып-саспай: «Ой, жеңгей, сіз не білесіз? Мен ертең аттап-аттап оқып, бір-ақ бітірем ғой. Асыққанда қайда барам?» дегеніне жеңгесі күліп: «Сенде айтасың-ау, кері кеткеннің сөзін сөйлеп...»депті. Айтқандай сол жылы С.Н.Хрушевтың жарлығымен аттап оқу тәжірибесі өмірге еніпті. Содан Ортай ағамыздың айтқаны дөп келіп, аттап оқып қатарларымен мектепті бірге бітіреді. Тағы да ол кісі ауыл бойынша «Правда» газетін алдырып оқитын жалғыз адам болған. Бір күні ауылдың парткомы құрдастығына салып кекете: «Ортай-ау, сен ғана ауылда «Правда» газетін алдырып оқитын. Мәскеу не деп жатыр, соны айтсаңшы?» депті бір жылғылар өзара дастарқанда бас қосып қалғанда. Сонда Орекең ағамыз: «Өзің қалай ойлайсың, бір шаруашылықтың пілдей парткомысың. Бір жаман механизатордан Мәскеудің жаңалығын сұрағаның қалай? Мына отырған құрдастар не ойлайды, бұны ел естімесін» деген екен. Ақеден көңілден зілсіз әзіл айта білген Ортай ағамыз өмірден ерте кетті.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Қызылорда қаласы