ЖАСТАР – ЕЛ ТІРЕГІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» – деді. Президент сөзін қуаттап, жеңіс туын желбіретіп жүрген жастарды «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаұлы дөңгелек үстел басына жинады.
Орталық кітапхана директоры Әсемкүл Манапқызы модераторлық еткен жиында Мәжит Байқожаев елдің рухани жаңғырудағы басты құндылықтарын дәріптей келе, ауданның спортшы жастарының бағындырған белесіне, жеткен жетістіктеріне тоқталды. Халықаралық додаларда ұлттық рухты асқақтатқан талантты жастарды мерейлі мерекемен құттықтап, оларды ашық пікір алмасуға шақырды.
Шарада елдің көк туын әлем елдерінде көкке көтеріп жүрген гір тасын көтеруден әлем чимпионы, спорт ардагері Серік Ибрагимов жас спортшылардың бет алысына көңілі толатынын айтты. Белбеу, қазақ күресінен және дзюдодан спорт шебері, әлем чемпионатының жүлдегері Мереке Құдайбергенова жеңісті күндердегі қуаныш сезімін еске алды.
Белбеу күресінен халықаралық спорт шебері, әлем кубогының күміс жүлдегері Меруерт Әбубәкір спортшылардың сөзін қолдап, ел рәміздерін әлем елдерінде насихаттаудың қаншалықты жауапкершілігі бар екенін әңгімелеп берді.
Рухани кештің соңында шараға белсене қатысып, өзінің ашық пікірін айтқан жастар марапатталып, спортшы жастармен естелік суретке түсті.