ЖАҢА ӘЛІПБИ ҚАБЫЛДАУҒА БАТЫЛ ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ
«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады». Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында осылай деген болатын.
Латын әліпбиіне көшу – тәуелсіздік таңы атқан жылдан бері көтеріліп келе жатқан маңызды мәселе. ҚР Президенті 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге келсек, асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген еді. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз айтылған. Бұл мәселеде ғалымдар мен сала мамандарының көзқарасы екіге жарылды. Бірі қажет деді, бірі қажет емес деді. Пайдасы мен зияны сараланды. Дегенмен, заман талабына сай көптеген мемлекеттің, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес.
Мемлекет басшысы өткен жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиі мәселесін тағы да кеңінен қозғады. Аталған мақаладан үзінді келтірейік: «Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының жазу реформасын жедел түрде жасауымыз керек. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыру емес, сонымен бірге біздің заман талабына сай нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Ең алдымен қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек».
Әрине, тұтас бір мемлекетті бір әліпбиден екінші әліпбиге ауыстыру оңай шаруа емес. Бұл өте ауқымды шара. Кезең-кезеңімен жүйелі түрде жоспарға сәйкес жасалу қажет. Бірақ, қайткен күнде де Елбасының тапсырмасына сай 2025 жылы латын әліпбиін қолдануды бастап кету керек.
Бүгінге дейін ғалымдар, сала мамандары бірнеше әліпби ұсынды. Бірі жазғанға ыңғайсыз, екіншісінің тағы бір тармағы жарамады. Ақыр соңында шыңдала, жетіле келе, бір ортақ әліпбиге тоқтадық. Бұл ретте, әлдекімдердің дабыл қағатындай, алаңдайтындай реті жоқ, - дейді сала мамандары. Тілді сақтағымыз келсек, латынға көшу керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі – қазақ тіліне жаңғыртуға жағдай туғызады. Шын мәнінде, әліпбиді саясат емес, тілдің өзі қажетсініп отыр. Яғни, әліпби өзгерту әріпті ғана емес, жазу саласында да реформа жасаудың қажеттігін көрсетеді. Қазір екі тілді еркін меңгерген қазақтар тілдерді араластырып сөйлеуге дағдыланған.
Екі тілдің әріптері де бірдей болғандықтан орыс тіліндегі сөздер де ешқандай кедергісіз ене береді. Түптеп келгенде, бұл кірме сөздердің тіліміздің табиғи ерекшелігіне бейімделіп, қазақы дыбыстауға мүмкіндік береді. Ғалымдар латын әліпбиіне көшудің бірнеше тиімді тұстарын атайды.
- Латын әліпбиі арқылы әлемдік өркениетке аяқ басамыз. Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады. Әлем халқының 80%-ы латын әліпбиіне көшкен;
- Латын әліпбиіне көшу арқылы өзге тілдерді үйренуге мүмкіндік көбейеді. Бұған қоса, латын тілі – жаңа технология тілі, ғаламтор тілі;
- 1929-1940 жылдары ғалымдардың латын тілінде жазған қолжазбаларын, шығармаларын бүгінгі ұрпақ қиындықсыз оқиды;
- Қазір әлемдегі 5 млн-ға жуық қазақтың 80%-ы латын әліпбиін қолданады;
- Әліпби төл сөзде кеткен қателіктерді түзетіп, қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді.
Жалпы, тілдің қоғаммен бірге біте қайнасып, ғылым мен техника дамыған сайын шетелден кірме сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық. Латын әліпбиі бұл сөздерді қазақы жазып, қазақы оқуға септігін тигізеді. Демек, бұл келешек үшін, тіл үшін жасалған маңызды қадам деп сенімді түрде айтуға болады. Бірақ, латын әліпбиіне көшсек, барлық мәселе шешілді деуге болмас. Тілді дамыту шаралары жүргені дұрыс. Әрине, бұл болашақтың еншісіндегі іс.