Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «ҚАЙТА ТУУ КЕРЕК БОЛСА... СЫҒАНАҚТЫ ҚАЛАР ЕМ»

«ҚАЙТА ТУУ КЕРЕК БОЛСА... СЫҒАНАҚТЫ ҚАЛАР ЕМ»


Тіршілік атты құдыретке тамыр жалғаған тарих-ана бауырында тұншыққан шерлі толқынын жазбай танып, жарасын жазуға ұмтылар жаны асыл перзентінің тілеуін тілеп, тілсіз күрсінеді. Ал оны түсінер, түйсінер, жүз жылда бір туар жаңа ұрпақтың құлашын жазып, қуатына мініп, замана қос-қабағына қордаланған қасіреттің ақиқатын ашуға аңсары ауып, арманына қанат байлауы құба-құп.
Өткеннің құнды мұраларын ұлықтау, баба рухына бас ию, атын есте қалдыру өркениетті елдердің барлығында бар. Осы тұрғыдан алғанда, Сыр бойындағы екі мың жылдық тарихы бар Сығанақ қалашығының беймәлім сыры мен қыры, айтар мұңы мен жыры таусылмайтын шежіре.
Сығанақ қалашығының топырағын тәу еткен тірілер әлемі тынық күндердің өзінде бір тынбай, қорым үстін кезген жел уілінен мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт Атаның зарлы үні мен Асан Қайғының шерлі мұңын тыңдағандай болады. Ол не деп сыр айтады? Құлақ түрелікші...
ІХ-Х ғасырларда Сығанақ оғыздардың иелігінде болған. ХІ ғасырдың бас кезінде қыпшақтардың қол астына өтіп, «Дешті Қыпшақ», яғни «Қыпшақ даласы» атанды. ХІ-ХІІ ғасырларда Ертістен Еділге дейінгі ұлан-ғайыр аумақты қамтып жатқан Қыпшақ мемлекеті Сығанақ қаласын өз астанасына айналдырды.
Сығанақ – су қала деген мағынаны береді. Арнасы Сейхун дариядан келетін айнала судың ортасында жатқан табиғи су қорғанымен қор¬шалған.

Сығанақ – қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған шаһар болған. Сәулетті қаланың халқының саны да көп. Маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған. Ортағасырлық деректерде «Сығанақ – Қыпшақ даласының гаваны» (қақпасы) деген теңеу бар.
Қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар сатылып отырған. Бұл қалаға Арқадан, Хажы – Тарханнан (Астрахань) мыңдаған қой, үйір-үйір жылқы айдалып, Еділден, Каспий теңізінен, Мәурен-наһрдан ағылатын керуенмен бұлғын мен тиін терісінен тігілген қымбат ішіктер, жібек мата мен әшекей бұйымдар, мықты садақтар мен ақ қайыңнан жасалған жебелер әкелініп, сахараның саудасын қыздырған.
1219 жылы Сығанақ қаласы Маңғол шапқыншылығына ұшырайды. Шыңғысханның ұлы Жошыхан Сығанақтың қорғанын бұзып, қаланы басып алып, халқын қырып-жойып, қаланың күл-талқанын шығарады.
Қала жүз жылдан соң, қайта қалпына келтіріліп, тіршілік жандана бастады. ХІV ғасырдың ортасында Ақ Орда мемлекеті құрылады. Ақ Орда мемлекеті Жайықтан Ертіске дейінгі, Арал теңізінен бастап Сырдарияның оң жағалауынан Қаратауға дейінгі аралықтарды қамтиды.
Астанасы Сығанақ қаласы болады.
Сығанақ қаласы Ақ Орданы басқарған Ерзен ханның тұсында қайта көркейе бастады. Одан әрі Мүбарак хан (1320-1345) тұсында Сығанақта теңге соғылды. Ақ Орда билігін қолға алған Орыс ханға қарсы Әмір-Темірге арқа сүйеген Алтын Орда ханы Тоқтамыс соғыс ашып, Сығанаққа әмірлігін жүргізсе, одан кейінгі кезеңде Сыр бойындағы көркем кенттер Шайбани әулеті иелігіне өтті.
Сол кезеңдері тұтас мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, өркниеттің күретамырына айналуда мәдениеті бай, табиғи әлеуеті жағынан да тиімді «Ұлы Жібек жолындағы» қалаларды қайтару үшін қазақ хандықтары қажырлы қайрат жұмсады.
Ол үшін бытырап жүрген қазақ руларының басын қосып, алтын тұғырына қонып, шынайы мемлекет болуына батыл қимыл жасаған Жәнібек хан Сығанақ билігін Керейдің баласы Бұрындыққа берді. Қала халқы ізгі ниетті құшақ жая қарсы алып, қақпаны өздері ашып берді. Жаңа іргесін қалап келе жатқан қазақ хандығы ендігі кезеңде Түркістан өлкесін түгел қол астына біріктіріп, бүтін жас мемлекеттік жаңа заңын, хан жарлығын бекіту, отырықшы аймақтар мен көшпенді тайпалардан хан қорына, әскер ұстауға, мешіт-медресеге, мемлекет ісін жүргізетін адамдарға үшір, зекет жинау, алым-салық мәселелері шешімін тапты.
Қазақ хандықтары үшін Қасым ханның тұсында “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заман туды. Бұл кездері Сығанақта алтыннан ақша құятын зауыт болды.

***
Гүлжазиралы мекенде қоныс тепкен, бақшасында бұлбұл құсы сайраған, көше сайын сылдырап аққан арық суы ауаны тазартып, салқар самалға шомылған Сығанақтың қақпасына дүниенің төрт бұрышынан тең-теңдеп жүк артқан нар түйелер найқалып енгенде осынау шетсіз – шексіз байлықтың түгесілер күні туады-ау деген ой біреуінің түсіне кірді ме екен? Оның сәні мен салтанатына тамсанбаған, жырға қосып жар салмаған ақын қалды ма екен?
Академик В.В.Бартольд Стамбулға барған бір сапарында «Бұхараның қонақтарының жазбалары» (Миһман-нама-и-Бұхара») атты еңбекте кездестірген ежелгі бір ақын жазған өлеңді келтіреді:
«Көрген кісі пейіш екен дер еді,
«Құтты білік» ұя салған жер еді.
«Нихаяны» жазып мұнда бір бауыр,
«Хидаяны» ұқтырды ері өрелі.

Шыққан мұнда ғұлама да, дана көп,
Айтады жұрт қасиетті қала деп.
Қайта туу керек болса, дүние-ай,
Қайтып осы Сығанақта қалар ем...»
Жасампаз мәдениеттің жауыз пейілдің көз құртына айналып, құрбаны болған әділетсіздіктер тізбегі тарихта аз кездеспейді. Сұлу мекен – Сығанақ та соның кебін киді. Жәннат мекенге басып кіріп, жан алқымға алған Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Жәңгір хан құрбан болды. Қанша қайыспай қарсы тұрып, қайрат қылса да Қаратау бойындағы қалың елмен бірге «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» айналған Сығанақ жұрты жым-жылас жер жастанып, өмір сүруін тоқтатты.

Қазақ даласының жұлдыздары
Ет пен сүйектен жаралған жан иесін сойылмен соғып, садақпен түйреп жаһаннамға аттандыруға болар, кеудеден пыр етіп рухы ұшқан құр тұлып топыраққа айналып, қандай атақ-даңқы болса да өзімен бірге құрдымға сіңіп, жоғалары рас. Бірақ та өлмейтін, мәңгі соғып тұратын ел жүрегі – ол ақын өлеңдері.
Өз топырағының перзенті, Хиссамеддин Сығанақтың соңында қалған мұралары біздің осы сөзімізге дәлел. Ол осынау құт байырқалаған мекенде Монғол шапқыншылығына дейн өмір сүрген. Ал Хусаммадин бабамыз Қожа-Ахмет-Иассауидің жиені, Хиссамединнің немересі, Сығанақ қаласында туылып, үлкен ғылыми еңбектер жазып қалдырған ғұлама.

Жетпіс жыл үстемдік құрған кеңестік империяның кезінде біз бұл құндылықтарымызға көз жұма қарап, биліктің саясатына қарсы тұра алмағанымыз шындық. Ақиқатын айтып, шындыққа ара түскендер қиянаттың қылбұрауына ілікті. Осы кезеңдері қираған қалашықтың жанында қарайып тұрған Хиссамеддин мешітін бұзуға жарлық алған жер ауып келген кәрістер кесененің кірпішін бұзып, «Гигант» колхозының клуб, кеңсе үйі құрылысына тасыды, қалғанын өз қажеттіліктеріне жаратты, талан-таражға салды.
Ел егемендігін алғаннан кейін ғана еңсесін тіктеп, жоғын түгендеуге кіріскен ағайын азаматтарын алдыға сап, жоғын тауып, түп негізін түгендеуге бел буды. Қасиетті бабаның кесенесін қайта салып, ғимараттың ашылуына ас беріліп, есімін қайта жаңғыртты.
Сунақ Ата (Хиссамеддин) баба кім болған? Осы деректерді іздеушілерге құнды деректер шыға бастады. Хиссамеддин-ас-Сығанақидың арабтың бірінші халифы – Әбу-Бәкір-ас-Сыддықтан тарайтын ата тегі шежіресі де табылды. Ташкенттегі «Әбу-Райхан Әл-Бируни» атындағы шығыстану институты Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың тапсырмасымен Пәкістандағы Кашмир қаласының орталық кітапханасынан шығыс елінің атақты ғұламаларының мың данаға жуық еңбектерін сатып алып, кітапханасына жинақталған екен. Соны зерделеп көруге баба атынан арнайы қор ашып, қаржы жинақтаған ел ағасы (байырғы совхоз директоры, ауданның ІІ хатшысы) Шәзінда Қарақожаев ағамыз Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде қызмет атқаратын күйеубаласы Қыраубаев Жошының көмегімен сол архив қорымен танысуға қол жеткізіп, зерделеуге жан аямай еңбектенді. Бейнет құр кетпеді. Осы жолы Хиссамеддин бабамыздың арабша жазған «Нихая» атты құнды еңбегінің бір томдығын тапты. Сондай-ақ Махмуд Хасани Хуссамеддиннің парсы тілінде жазылған «Хиссамеддин» және «Қожа Ахмет Иассауидің өмірі», «Әруақтар жайлы түсініктеме» деп аталатын еңбектерін. Хиссамеддин ұрпақтарының парсы тілінде жазылған шежіресін тауып қайтты.Бұл құнды еңбектерді елге, туған топырағына жеткізу мемлекетаралық келісімсіз шешімін таппайтын болғандықтан Шәкең «Сунақ Ата» қоғамдық қоры атынан Қазақстан Үкіметіне хат жолдады. Осы кезде Қазақстанның Түркиядағы елшілігі де Хуссамеддин бабамыздың бірқатар еңбектерінің табылғанын жеткізді. Ливан (Бейрут) мен Иранның (Теһран) ірі кітапхана қорларында және ҚР Мысырдағы Елшілігінен келіп түскен ақпарат бойынша Мысырдың ұлттық мұражайынан ғұламаның төрт қолжазбасы табылды.
Осындай ақпараттардың негізінде филология ғылымдарының докторы, прфессор Алма Қыраубаева 2001 жылы жазған «Ежелгі әдебиет» деген еңбегінде ХІІІ ғасырда өмір сүрген атақты ғалым әрі ақын Хиссамеддинді Қорқыт Ата мен Әбу-насыр әл-Фарабидің соңын ала Сыр бойынан шыққан атақты даналардың бірі деп жазды. Хиссамеддин бабамыз 1311 жылы қайтыс болған. Хиссамеддин-әс-Сығанақи, ал оның немересі әл Хусеин бин Әли Қожа Ата бин Хуссамеддин екенін дәлелдейтін құнды құжаттар осылайша жинақталды.
Қазірде қос ғалымның анықталған еңбектері 19 томға жуықтайды. Мұсылман әлемі үшін құнды қазына Пәкстан, Иран, Үндістан университеттерінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келеді. Бұл туралы дінтанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» деген кітабында жан-жақты баяндалған. Сол сияқты жаңақорғандық бауырымыз, журналист-зерттеуші Асан Кенжебекұлы 1992 жылы Ресей мемлекеттік кітапханасынан Хиссамеддин (Сунақ Ата) баба және оның еңбектері туралы құнды құжаттарды зерттеп, зерделеп, елге жеткізді. Жеткізіп қана қоймай, өзінің оның құндылықтарын пайымдайтын парасатты туындылары жарық көрді.
Қазақстан халықтарының тарихи, мәдени, әдеби мұраларына жататын дүниелерді зерттеу, жүйелеу жұмыстарын «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде атқару жөнінде Елбасының тапсырмасы көптеген талапты істің тынысын ашты. 2003 жылдан бастап Халықаралық Қазақ-Түрік университеті жанындағы ғылыми-зерттеу институты Сәйден Жолдасбековтың жетекшілігімен Сығанақ қалашығының тарихи орнына археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі қаланың Х-ХІІ ғасыр және ХV-ХVІІІ ғасырларға дейінгі аралықты қамтитын дәуірінен көптеген ғылыми деректер дәйектеліп келеді. Қаншама жәдігерлер, кейбірі бүлінбеген күйінде мұражай сөресінен орын тапты.

***
Қасиетті Сығанақ қорымының топырағына қорғаншықтай қадам бастық. Кей жері қияқ, қау сексеуілі сарғая өскен құмайт, кей жері аппақ сор, тақыр дала болып келетін, ат тағасындай иірленіп жатқан қалашықты айнала қазылған ордың бір кездері суға толып тұратын арна болғаны жай көзге ұрып тұр. Сығанақ жұрты екі бөліктен – Шахристан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабаттан құралады. Сол кездегі ғимараттардың керегелері сол күйі сақталып қалыпты. Қыш кесектен қаланған қабырға сүйектерінің бүгінге дейін сақталып қалуы, қала орнынан табылған құмыралардың бүлінбей жетуі шикізат өнімі технологиясының ғажайып құдыретіне таң қалдырады. Қала орнында мұнара іздері сақталған. Сол сияқты монша, қазан ошақ орны да өзінің құрылысымен көзге ұрып тұр. Ирелеңдеген көше бойлары, оны қиып өтетін арықтар сұлбасы аңғарылатын тәрізді. Дән дақылдарын, тағы басқа азық-түлігін сақтайтын кум (ыдыстар) қара тас сынды. Қайда қарасаңыз да шым үйлі, күндіз-түні шулаған базары тарқамаған, көшелеріне адамы симай жататын қала тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер жанға ерекше әсер етеді. Тірі жан жоқ, бірақ қыбырлаған құмырсқа үшін тіршілік толастамағаны қызық. Бұл маңда жер асты жолы бар. Саңылауын тапқанымызбен әлі ешқайсымыз батып, тереңіне үңіле алмай келеміз. Бұған мемлекеттік деңгейде нақты көзқарас қажет.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында рухы мықты келешек тәрбиелеуде тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраларды ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғырту мәселесі өзектілігімен, өміршеңдігімен ерекшелініп отыр. Өйткені тарихи орындар неше ғасыр өтсе де бізді рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
01 қазан 2018 ж. 792 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области